Accessibility links

Сотталып кеткен кәсіпкерлердің туыстары өз мүліктерінің тәркіленгеніне наразы

  • Нәйла СҰЛТАН

Осыдан екі жыл бұрын Атырауда мемлекетке 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде шығын келтірді деген айыппен сотталған 8 кәсіпкердің туғандары мен қызметтестері қаржы полициясы тарапынан өз мүліктерінің тәркіленгендігін заңсыз деп отыр. Алайда, олардың арыздарын қараған сот қаржы полициясының әрекетін заңды деп тапқан. Прокуратура болса арызданушылардың шағымдарында негіз бар дейді.

Мемлекетке шығын әкеліп, заңсыз ақша жымқырды деген айыппен 3 жылға сотталған атыраулық кәсіпкер Талғат Құрманғалиевтің анасы Күлбүбі Бабашева өз атындағы үй-мүлікті қаржы полициясының тәркілегеніне шағым айтады:

- Қаржы полициясы 1981 жылы сатып алған және зайыбымның жұмыс орны берген пәтерлерді, салынған жер үйді, шетел компаниясында жұмыс істейтін ұлым мен өзімнің көлігімді тәркіледі. Сондай-ақ, «PSA теңдік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 25 пайыз акциясын менен алып қойды.

Ал жәбірленуші, «Алтын Групп Атырау» және «Мониторинг» ЖШС-нің басшысы Азамат Нұғмановтың айтуынша, Атыраудағы 7 серіктестіктің құрылтайшылары қатарында Талғат Құрманғалиев, Амангелді Дүйсепов деген азаматтардың аты-жөндері көрсетілмеген. Әйткенмен, осы екі азаматтың әрекетін қылмысты деп тергеген қаржы полициясы шығынның жартысын Азамат Нұғмановтан талап етіп отырған көрінеді.

- Жер учаскелерін, автөліктерді, кеңселерді, «Алтын Групп Атырау» ЖШС-не қарасты қоймаларды, жанар-жағар май бекеттерін де тәркілеп жатыр. Менің есеп-шотымды да қамауға алды. Негізінде жәбірленуші жақты тәркілеу заңға қайшы.

Бұл мәселеге байланысты түсініктеме алуға тырысқанымызбен, Атырау облыстық соты мен экономикалық және жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Әмірхан Естаевты орнынан таба алмадық. Талғат Құрманғалиевпен бірге Амангелді Дүйсепов деген кәсіпкер де 3 жылға бас бостандығынан айрылған. Ал Амангелдінің бұрынғы зайыбы Хибат Кереева «Алтын Групп Атырау» ЖШС-нің құрылтайшысы болғандықтан, оған қарасты жанар-жағар май бекеттері де тәркіленіпті:

- Хибат Керееваның еш қатысы жоқ. Оның үйі, басқа да дүниелерін де тәркілеп қойды, - деді Күлбүбі Бабашева.

Күлбүбі өз құқығын қорғап заңды мекемелердің бәріне бас сұғыпты. Алайда, оның арыз-шағымын қарамаған облыстық прокурор бұл іске араласпаған:

- Облыстық прокурор Дастан Сартаевқа бірнеше рет кірдім. Бірақ, ол мені қабылдамады.

Осы мәселеге байланысты Атырау облыстық прокуратура бастығы Дастан Сартаевқа хабарласқанымызда, ол бұл жайттан хабарсыз екендігін айтты:

- Сіздің не айтып отырғаныңызды білмеймін. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.

Ал, тәуелсіз қорғаушы Сергей Уткин Атырау облысындағы бұл мәселені заңсыз деп отыр:

- Атырау облысындағы қаржы полициясы, прокуратура, облыстық сот басшылары бұл мәселені ұйымдасқан түрде жасап отыр. Бұл адамдардан заңсыз тәркіленген дүние-мүліктер осы күндері сатылуда. Мәселен, 4 жанар-жағар май бекеті аукционға түскен. Біз араласып, тоқтатуға мұрындық боламыз дегенімізбен, облыстық сот бұған қарсылық білдіруде. Жәбірленушілер Астанаға барып, бас прокурорға жолықты. Енді істің артын күтеміз, - деді Сергей Уткин.

Атырау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Алановқа хабарласқанымызда, хатшы қыз оның бізбен сөйлесуге уақытының жоқ екендігін ескертті:

- Ол кісінің қолы тимей жатыр. Сізге өзім артынан хабарласам.

Ал прокурорға жолыққан жәбірленушілер істің немен аяқталатынын күтуде. Прокуратураның берген ресми құжатында арызданушылардың шағымдарында негіз бар екендігі айтылыпты.
XS
SM
MD
LG