Accessibility links

Бейсенбі күні түстен кейін Алматы қаласының Медеу аудандық сотында, «Тасжарған» газетінің 13 наурыз күнгі санында «Кто организавал слежку или «власти выходять в тираж» деген тақырыппен жарияланған мақалаға байланысты өткен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекісінің 143 бабы бойынша сот процесінің екінші отырысы аяқталды.

Аталмыш басылымның биылғы наурыз айында жарияланған редакциялық мақалада, «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапидың көлігін қара түсті «БМВ» және «Жигули» маркілі автокөліктердің аңдығаны жазылған еді. Редакция қызметкерлері әлгі «БМВ» автокөлігін суретке түсіріп, оның фотасы да жоғарыда аталған мақаланың тұсына жарияланған болатын.

Алайда, арада бір айға жуық уақыт өткен соң, «БМВ» көлігінің қожайыны табылып, өз ар-ожданына нұқсан келтірді деген айыппен, моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге талап етіп, «Тасжарған» газетін сотқа берді.

Сот процесі кезінде белгілі болғандай, бұл оқиғада түсініксіз тұстар көп. Өйткені, Ермұрат Бапидың басқан ізін аңдыды деген «БМВ» маркілі көліктің бір емес, бірнеше қожайыны бар болып шықты. Арызданушы Заңғар Нұрланұлының қолында аталмыш көлікті сатып алды деген сенім хат болғанымен, ол әлі күнге дейін Елібаева деген бір адамның атында тіркеулі екен. Одан соң, бұл көлікті жүргізуге Айдар Тоқмырзаев деген азаматтың да құқығы бар екені белгілі болды.

Төрт күн бойы Бапи мырзаның ізінен қалмай жүрген автокөлікті Алматыдағы Жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысына жақын орналасқан кинотеатрдың жанынан түсіріп алған.

Ал Заңғар Нұрланұлы болса, бұл жағдайды былай түсіндірді:

«Сол күні автокөлікпен көруге арналған кинотеатрдың алдында дос қызыммен кездесуім жоспарланған болатын. Соны күтіп отырғанымда, Ермұрат Бапи келіп, менің автокөлігімді суретке түсіріп алды. Дәл сол кезде бұл жағдайға аса мән берген жоқпын. Арада біраз уақыт өткен соң, туған-туыстарымнан әлгіндей мақаланың жарық көргенін естідім, шыны керек, бұл мен үшін өте ауыр соққы болды. Өйткені, таныстарымның барлығы мені Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жансызы деп ойлап қалды. Сондықтан да, мен «Тасжарған» газетін сотқа беруге мәжбүр болдым».

Заңғар Нұрланұлы айтқан кинотеатр Ермұрат Бапидің үйіне таяқ тастам жерде орналасқан. Бұл кездейсоқтық па?

Екі тараптың да сөзін мұқият тыңдаған судья Венера Тоқтарбаева, «Тасжарған» газетінің басшылығы мен Заңғар Нұрланұлына бұл мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынды. Бірақ арызданушы Нұрлан да, оның адвокаты да келесі процеске дейін ойланып келетіндіктерін айтып, уәде берді.

Айтпақшы, дау туғызған мақалада Нұрлан Заңғарұлының есімі еш жерде жазылмаған, тек автокөлігінің суреті ғана бар. Осыған байланысты «Тасжарған» газетінің редакциясы да ертеңгі күні мақаланы теріске шығаратындай болса, кімнен кешірім сұрарын білмейтіндіктерін айтып отыр.

Сот процессі аяқталған соң, Ермұрат Бапи тілшімізге өз пікірін білдірді:

«Біз осы мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне қарсы емеспіз. Өйткені, қазақстандық соттағы бүгінгі жағдай, бізді осылай етуімізге мәжбүрлеп отыр. Бір қызығы ертең мақаланы теріске шығаратын болсақ, кімнен кешірім сұрауымыз керек, «БМВ» автокөлігінен бе, әлде Заңғардан ба? Былай айтып жатқан себебім, жаңа өздеріңіз естігендей, ол мақалада Заңғардың аты-жөні жазылмаған».
XS
SM
MD
LG