Accessibility links

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тексергендер қателесті


Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов үкіметтің кезектен тыс отырысында Білім министріне 2008 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудегі байқалған қателіктер үшін сөгіс жариялады. Білім министрлігінің мәліметінше, дайын жауаптарды қолдану мүмкіншілігін азайту үшін жасалған шаралардың салдарынан техникалық қате жіберілген. Ал, мектеп түлектерін жоғарғы оқу орнына түсіре алмаймыз деп, алаңдап отырған ата-аналар сөгістен пайда жоқ, жүйені толығымен ауыстыру керек, дейді.

Маусымның 2-күні Ұлттық техникалық университетте өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуден соң оны тексерушілер мәтіннің екі түрлі нұсқасын ауыстырып алғандықтан, талапкерлердің 70 пайызы тіпті оқуға түсуге қажет ең төменгі балдарды жинай алмай қалды. Тестілеудің бірінші күні оның қорытындысына көңілі толмаған мыңнан астам адам апелляциялық комиссияларға өтініштер тапсырды. Ал екінші, үшінші күні оларға тағы 3 мыңнан астам адам қосылды.

Солардың бірі астаналық талапкер Асан Ғайсин тест сұрақтарында қателіктер көп деген пікір білдірді. Оның анасы Анар Ғайсина болса биылғы тестілеудің балалардың денсаулықтарына едәуір зардабын тигізгендігін айтты.

Білім министрлігі тестілеу қорытындысына қатысты арыз-шағымдарды маусымның 20-сына дейін қабылдайтынын хабарлап отыр. Министрліктің хабарлауынша, тестілеудің бірінші күнінде дайын жауаптарды қолдану мүмкіншілігін азайтып, қадағалауды күшейту үшін сұрақтар жазылған вариант нөмірі кітапшаның мұқабасына жазылмай, ішіне жазылғандықтан қателіктер кеткен.

«Бірақ, ол нөмірлер қолмен жазылғандықтан, 6617 және 6619 нөмірлері ауысып кеткен», - деді Білім министрі Жансейіт Түймебаев.

Бұл қате сол күні тестілеу өтіп жатқан 22 орында жөнделді деп хабарланды. Премьер Кәрім Мәсімов үкіметтің кезектен тыс отырысында Білім вице-министріне де, министр Түймебаевтың өзіне де сөгіс жариялайтындығын айтты.

«Сіз министрсіз. Нені қашан істейтіндігін сіз ойлау керексіз. Алдын ала істеу керек еді. Жақсы қыламыз деп әлеуметтік проблемаларды тудырдыңыз. Онсыз да үлескерлермен басқа проблемалар аздай, қосымша проблема тауып бердіңіз», - деді премьер.

Қызын Астананың Гумилев атындағы Еуразиялық университетіндегі аппеляциялық комиссияға алып келген Ералы Тоғжанов жай ғана сөгістен пайда жоқ, тұтастай жүйені өзгерту керек деп санайды.

Алматы облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мәліметінше, Алматыда талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының дайын кілттерін сатып алуды ұсынбақ болған топ ұсталыпты. Бірақ, комитет өкілдерінің хабарлауынша, биыл мемлекеттік құпия санатына жатқызылған дайын жауаптар кілттері саудаға түспеген. Әлгі күдіктілер тек айлакерлік жасап, дайын жауаптар деп қате кілттер сатпақ болғаны анықталған көрінеді.

Қазақстанда 2008 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 118 мыңнан астам талапкер қатысты.
XS
SM
MD
LG