Accessibility links

Алматыда аштық жариялаушылармен келіссөз өтті

  • Нәйла СҰЛТАН

Алматыда мемлекет қажетіне деп алынғалы отырған өз баспаналарына «Сити Сервис Инвест Строй» құрылыс компаниясының ұсынған ақшасына келіспей, 20 күн бойы аштық жариялап жатқандар мен құрылыс компаниясының өкілдері жұма күні түстен кейін Алматыда келіссөздерін бастады. Оған қала әкімінің орынбасары және түрлі саяси ұйымдардың өкілдері қатысты. Егер құрылыс компаниясы мәмілеге келмесе, наразы тұрғындар аштық акциясын жалғастыра бермекші.

Аштық жарияушылар, құрылыс компаниясы өкілдері, түрлі саяси партиялардың мүшелері, қала әкімінің орынбасары келіссөздерін түстен кейін бастады. Келіссөзге келген аштық жариялаушылардың бірі Ирина Гудкина, баспанасының нарық бағасына сай бағалануын талап етті7

- Мен пәтеріме тәуелсіз баға жасаттым. Себебі, менің пәтерімді «Алматыжер» МКК өте төмен бағалады. Олар менің 40 шаршы метр баспанам мен 3 сотық жерімді 155 мың АҚШ долларына бағаласа, тәуелсіз бағалаушы оны 200 мың деп есептеді, - деді Ирина Гудкина.

Ал «Алматыжер» МКК директоры Бейбітхан Қабдрахманов, аштық жарияушылардың талабын заңсыз деп отыр.

«Заң арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Ол жердегі 270 жекеменшік пәтердің 177 пәтері бүгінгі таңда сатып алынды. Бағасы да жасалынды. Соттан ғана 9 пәтер шешілді. Аштық жариялаушылар біздің тарапымыздан жұмыс жасалынбай жатыр деп жала жабуда. Олар өз пәтеріне көп ақша алғысы келіп, біз ұсынып отырған нарық бағасына келіспей отыр. Сондықтан осындай айғай-шу көтеруде», - дейді ол.

Ал «Сити Сервис Инвест Строй» ЖШС-нің атқарушы директоры Талғат Даденов, аштық жариялаушылар төлем шартын өз еріктерімен жасаса, онда серіктестік олардың талабын орындауға әзір екендігін айтты.

«Біз жер телімінің 1 шаршы метрін 2 мың 200 АҚШ долларына бағаладық. Оны төлеуге дайынбыз. Егер оны 40 шаршы метрге көбейтсек, 88 мың АҚШ доллары болады. Алайда тұрғындар 1 пәтердің орнына 2-3 пәтер алғысы келеді. Олардың талабы орынсыз. Біздің серіктестік 180 тұрғынмен төлем келісімін жасап, оларды орналастырды. Ал неге екені белгісіз 11 адам біздің шарттан бас тартып, аштық жариялауда. Мәселені мұндай жолмен шешу мүмкін емес», - деді Талғат Даденов.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айнұр Құрманов бұл келіссөзде аштық жариялаушылардың талабы аяқсыз қалуы мүмкін деді.

- Ең бастысы, аштықты тоқтату керек. Олардың бірінші талабы - баспанасынан айыру жөніндегі сырттай шыққан үкімді болдырмау, соттың заңсыз шешімдерін тоқтату. Талаптар орындалмаған жағдайда адамдар аштық жариялауын жалғастыра береді, оларға тағы да ауданның көршілес тұрғындары да қосылады, - деді Айнұр Құрманов.

«Алматыжер» МКК директоры Бейбітхан Қабдрахманов болса, аштық жарияушылардың ұсынып отырған талабын талқыға салып, бір шешімге келетіндігін айтты:

- Біраз уақыт келіссөз жүргізгеннен кейін бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Тағы да саудаласып, бір ортақ бағаға келісеміз. Бұл мәселе 1-2 айда шешілуі мүмкін, - дейді ол.

Аштық жариялаушылардың айтуынша, келіссөзде олардың талаптарының орындалуы екіталай. Себебі, келіссөзді өткізіп отырған партия басшылары мен әкімшіліктің бұл мәселені шешуге құзыреті жоқ.
XS
SM
MD
LG