Accessibility links

Үлескерлер үкімет үйінің алдына келді


Маусымның 9 күні Астанада үкімет үйінің алдына бір топ үлескерлер жиналып, көмек сұрап премьер Мәсімовтың атына жазған өтінішті кеңсеге тапсырды. Аштық жариялауларын тоқтатқан үлескерлер, қала әкімшілігі митингіге рұқсат етпеген соң, осындай ұйғарымға келіпті. Ал үкімет үйіндегі полиция бұл жерге адамдардың көп жиналуына болмайтындығын ескертіп, келген үлескерлерді қууға тырысты.

7 маусымда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен үлескерлер ақшасы салынған нысандарға қаржы бөлу мәселесін жеңілдетуді сұраған болатын. Ол, ақшаны банктерге емес бірден құрылысшыларға беруді ұсынған еді. Оның алдында банктер бюджет ақшасына пайызын қосып несие ретінде беруді жоспарлаған-тұғын. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов үлескерлердің мәселесін осындай жолмен шешуге уәдесін берген.

Мұндай әңгімені естіп, премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына жазған өтініштерін үкімет кеңесіне табыстаған үлескерлер үкіметке үлкен үміт артып отыр. Үлескерлерге қолғабыс көрсетіп жүрген заңгер Бекжан Кимановтың айтуынша, ел Конституциясының 18 бабындағы 3 бапқа сәйкес, азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі заң бар.

«Соған сәйкес, мемлекеттік органдар әр азаматқа оның құқы мен мүддесіне қатысты ақпаратты беруге тиіс», - дейді ол.

Премьер-министрден көмек сұрап келген астаналық үлескерлер Ыбырай Ермеков пен Гүлжихан Тәжитова үміттерін үзбей, үкіметтен әділеттілік іздеп келіпті.

Ал үкімет үйіндегі полиция жиналған халықты қууға тырысқанымен, олар өтініштерін тапсырып болмайынша кетпей қойды.

Аштық жариялауларын тоқтатқан үлескерлер, қала әкімшілігі митингіге рұхсат етпеген соң, осындай ұйғарымға келіпті. Үкімет үйінің алдына келген астаналық үлескер Әйгерім Салмурзина «Азаттық» тілшісіне, аштық жариялаудан пайда болмаған соң, соңғы үміттерін үкілеп, осы жерге келіп өтініштерін тапсырғанымен, полицейлердің оларды қуып жатқандығын қынжыла әңгімелеп берді.

Үкімет үйінің алдына халық жиналып жатқан уақытта үкіметтің селекторлық отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов Астана билігіне үлескерлер мәселесін тезірек шешуді тапсырды. Ол Астана әкіміне проблемасы бар үлескерлермен келіссөздер жүргізіп, шешім қабылдап, бұл мәселе бойынша Алматы тәжірибесін зерттеуге тапсырма берді.

Соңғы мәлімет бойынша, Астанадағы үлескерлердің қаржысына салынуы тиіс 20-дан астам құрылыс нысаны проблемалық деп танылған. Қаржы тапшылығынан қазір онда құрылыс жұмыстары мүлде тоқтап тұр.
XS
SM
MD
LG