Accessibility links

Заңсыз еңбек мигранттарымен күрес нәтиже бермей отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Өткен аптаның соңында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мемлекеттерінде бір мезгілде «Нелегал-2008» арнайы шарасы өткізіліп, нәтижесінде Қазақстанда 18 мыңдай алыс-жақын шет елдік азаматтардың заңсыз жүргендігі анықталыпты. Бірақ кейбір сарапшылар, көші-қон саласындағы тәртіпті қадағалау үшін жылда өткізіліп тұратын мұндай шаралар бұл саладағы жемқорлықты күшейтеді деген пікір айтады.

Қазақстанда жыл сайын, тіпті бір жылда екі-үш рет «Мигрант» сияқты арнайы шаралар өткізіліп, заңсыз жүрген алыс-жақын шет елдік азаматтарды анықтайтыны дәстүрге айналған. Ал енді соған соңғы жылдары «Нелегал» атты тағы бір арнайы шара қосылды. Оның айырмашылығы - бұл іс-шара Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына енетін мемлекеттерінде бірдей жүргізілетінінде дейді Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметкері Олег Иващенко:

«Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мемлекеттерінің жұмыс тобының арнайы хаттамасына сәйкес, маусым айының 2-6 аралығында осы ұжым мемлекеттерінде ішкі істер, сыртқы істер министрлігі, жол полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары арнайы топ құрып, ауқымды тексеріс жүргізіп, заңсыз мигранттарды анықтаумен айналысты. Нәтижесінде Қазақстанда 18 мыңдай заңсыз жүрген азаматтар анықталды. Олардың 800-дейі алыс шет елдің азаматтары болса, 17 мыңнан астамы ТМД мемлекеттерінен екені анықталды. Олардың екі жарым мыңдайы ТМД елдеріне қайтарылса, 150-дейі алыс шет елдерге қайтарылды. 1600 азамат құжаттарын тексеру үшін арнайы қамауға алынды. Олардың арасында 30-дай адам - алыс шет ел азаматтары. Осы шараның арқасында бұрындары іздеуде жүрген 61 азамат ұсталды, көші-қон заңын өрескел бұзғаны үшін 39 қылмыстық іс ашылды».

Сонымен қатар ҚР ІІМ өкілі Олег Иващенко мұндай шаралардың жүйелі түрде жүргізіліп тұратынын айтады.

Алайда «Мир Евразии» журналының бас редакторы Эдуард Полетаев Қазақстанда әлгіндей шаралар осы салада жемқорлыққа жол ашқаннан басқа мәселені түбегейлі шешпейді дейді.

«Мұндай қатаң шаралардан соң мигранттардың тіркелуі үшін, не көзжұмбайлықпен қалуы үшін де төлейтін төлемақысы көбеюі мүмкін. Қазақстан билігі бұл саланы басқаша реттемесе, жылда жүргізілетін мұндай арнайы шаралар арқылы мәселені шеше алмайды. Қандай десек те, Қазақстан сырттан келетін жұмыс қолдарына зәру екенін түсінуі керек», - дейді Полетаев.

Сөйтіп, Қазақстанда биылғы маусымда анықталған заңсыз жүргендер саны 18 мыңға жетіпті. Ал кейбір жылдары «Мигрант» арнайы шаралары кезінде олардың саны 40 мыңға дейін жеткен кездері болып еді.
XS
SM
MD
LG