Accessibility links

Алматыда наразы үлескерлер саны артып барады

  • Нәйла СҰЛТАН

Алматыда наразы үлескерлер қатары күн өткен сайын көбейе түсуде. «Столичная недвижимость» акционерлік қоғамының «Шығыс» атты тұрғын үй кешенінің үлескерлері үкіметке хат жолдамақшы. Осыдан 1 жыл бұрын құрылысын бастауға уәде берген акционерлік қоғам қазір енді ақша жоқтығын айтып, үлескерлердің қаражатын қайтармай отыр. Бүгінде Астана, Алматы қалаларында дау-дамай туғызып отырған, 34 нысанның мәселесі сол нысандарды салуға міндеттеме алған компанияларды сотта банкрот деп тану арқылы шешілмекші.

Алматыдағы «Столичная недвижимость» акционерлік қоғамы салып бермек болған жаңа пәтерлерінің ақысын алдын-ала төлеп қойғанымен, компания уәде еткен құрылыс жұмыстарын әлі күнге бастамай, өздерін 1 жыл бойы әуре-сарсаңға салғанына қапалы үлескерлер төзімдерінің таусылғанын айтады.

- Тұрғын-үй жағдайымды жақсартпақ болып, 75 мың АҚШ доллары көлемінде несие алып, екі бөлмелі екі пәтер алмақ ниетте осы компанияға төледім. Келісім-шарт бойынша аталмыш акционерлік қоғам мамыр айының аяғында баспанамды қара жұмыстарымен маған табыстау керек болатын. Бірақ, пәтер де жоқ, ақшамды да ала алмай сарылып жүрмін. Сонымен қайда барып, кімнен не сұрарымды білмеймін. Кеңселеріне барсам, түрлі сылтаулар айтып, шығарып салады, - дейді үлескер Ерік Рахметов.

Ерік сияқты үлескерлердің тағы бірі Елена Макенко, өздеріне нақты жауап бермей жүрген акционерлік қоғамды алдағы уақытта сотқа бермек.

- Сотқа дейін акционерлік қоғамға шағым-талаптарымызды тұтынушылардың құқығын қорғау қоры арқылы ұсынамыз. Егер жауап алсақ, онда заңды тұлғалар арқылы жұмыс жасаймыз. Аяғына дейін күресеміз. Істі бұлай қалдырып қоймаймыз! - деді Елена Макенко.

Ал Марат есімді жігіт, өзі сияқты үлескерлерді бұл мәселеде жанжал шығармай, сабырлық танытуға шақырды:

- Бұл жерде қатты байбалам салудың қажеті жоқ. Бітер. Бітпесе тағы бір қисыны болар. Бәріне көнеміз де. Мемлекетіміз де мықты, еңбекқор азаматтар бар ғой, шүкір.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі заң бөлімінің жетекшісі Юрий Усов, болса, бұл мәселе тек заң жолымен ғана шешіле алатындығын айтып отыр:

- Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның 16-бабында айтылған: егер орындаушы ұзақ уақытқа дейін өзінің жұмысын бастамаса, онда тұтынушы келісім-шартты бұзуға, оны сотқа беруге толықтай құқығы бар. Алайда көп үлескерлер сотқа жүгінуден гөрі, баспананың салынуын күтіп, уақыт ұттырып алады.

Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов, Астана және Алматы қалаларында құрылыс жұмыстары жүрмей тоқтап тұрған 157 құрылыс нысандарының 30 мыңдай үлескерлеріне мемлекет жәрдем көрсетуге дайын екендігін, сондай-ақ 148 құрылыс нысандарының 9 мыңдай үлескерлері бұл құрлыстарды өздері аяқтауы тиіс екендігін айтқан еді.

Ал халықаралық тұтынушылардың құқығын қорғау қорының атқарушы директоры Талғат Тұрысбековтың айтуынша, жұмыстары тоқтап тұрған құрылыс компанияларының ісіне мемлекет араласпауы керек:

- Мемлекет, әрине, бұл мәселеге назар аударуы керек. Дегенмен де, аталмыш жекеменшік компанияларды қаржыландыра алмайды. Себебі, Қазақстанда олардың саны өте көп. Алайда мемлекет көмектескен жағдайда, олар ақшаны алып, жұмысты бітірмейді. Мемлекет көмектеседі деп тағы да жүріп алады, - деді Талғат Тұрысбеков.

Бұл мәселеге қатысты «Столичная недвижимость» акционерлік қоғамынан ресми жауап алу мүмкін болмай отыр. Кәсіпорынды біраз уақыттан бері қаржы полициясы тексеріп жатқандығын айтты компанияның өз аты-жөнін атаудан бас тартқан өкілі «Азаттық» тілшісіне маусымның 9-күні:

- Осы аптада бізді қаржы полициясының тексергеніне толық 1 ай болады. Олар біздің бас ғимараттағы жұмыстарды, есеп шоттарымызды тексеруде. Тексеруден кейін, біздің қолымызға арнайы акт беріледі. Сол акт арқылы банктен несие алып, мүмкін, салынбай қалған баспаналарды тұрғызатын шығармыз. Қаржы полициясы бізде маусымның аяғына дейін болатын секілді. Дәл қазір бәлендей бірдеңе деп айту қиын.

Құқықтарын қорғауға белсене кіріскен «Столичная недвижимость» акционерлік қоғамының «Шығыс» тұрғын үй кешенінің үлескерлері үкіметке хат дайындап жатыр, онан соң олар акционерлік қоғамды сотқа бермекші.
XS
SM
MD
LG