Accessibility links

Жоғарғы сот Шаңырақ ісін қарауды бастады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

"Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Едігеев (сол жақта) пен Құрманғазы Өтегенов.

"Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Едігеев (сол жақта) пен Құрманғазы Өтегенов.

2008 жылдың 10 маусымында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотында «Шаңырақ оқиғасы» бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған төрт азаматтың адвокаттарының берген аппеляциялық шағым-арызы бойынша сот алқасының отырысы басталды. Сот ісі Алматы мен Астана қалаларының арасын байланыстырған телекөпір арқылы өтіп жатыр. Осыдан бір ай бұрын, бұл іс бойынша негізгі куәгерлері ретінде тергеу жұмысына және сотқа қатысқан ағайынды Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтер бұрынғы берген айғақ жауаптарынан бас тартып, өздеріне полиция тергеушілері қысым көрсетіп, жалған мәлімет беруге мәжбүрлегенін мәлімдеген болатын.

2007 жылдың күзінде «Шаңырақ ісі» бойынша жауапқа тартылған 24 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысқандары үшін айыпты деп танылып сотталды. Соның ішінде төртеуі полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деген айыппен сот үкімі бойынша ұзақ мерзімге, атап айтқанда Арон Атабек - 18, Қ.Өтегенов - 16, Е.Тараншиев - 15 және Р.Тұяқов 14 жылға бас бостандығынан айырылып, қалған 20 азамат 3 жылға шейін шартты түрде сотталған болатын. Сотталғандардың адвокаттары «Шаңырақ ісі» бойынша сот үкімінің әділетсіз, заңсыз болғанын айтып Жоғарғы сотқа аппеляциялық арыз түсірген.

Ал осы іс бойынша тергеу жұмысына және сот ісіне негізгі куәгерлер ретінде қатысқан ағайынды Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтер үстіміздегі жылдың 14 мамырында бұрынғы берген айғақ жауаптарынан бас тартып, полиция тергеушілері қысым көрсетіп, жалған мәлімет беруге мәжбүрлегенін мәлімдеді. Осыған байланысты Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков пен Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атына жолдаған арыз-өтініштерінде ағайынды Ибрагимовтер 2006 жылғы шілденің 14-күні Алматы қаласының «Шаңырақ» ықшамауданындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Әсет Бейсеновтың өліміне кінәлі деп танылған Арон Атабек, Ерғанат Тараншиев, Құрманғазы Өтегенов және Рүстем Тұяқовқа қатысты барлық болған жағдайды баяндап берген.

«Шаңырақ» ықшамауданында тұратын Айбатыр Ибрагимов полиция тергеушісі Тельман Елубаев тарапынан қатты қысым мен зәбірлеу көргендіктен, оларға қажетті жалған айғақтарды беруге амалсыз барғанын, шынтуайтында, тергеуде айып тағылған жігіттерді өмірінде көрмегендігін айтқан.

2006 жылғы 14 шілдеде басып алған жерлерден кетуді талап еткен жергілікті билікке қарсылық білдірген Алматыдағы «Шаңырақ 1» ықшамауданының тұрғындары мен құқық қорғау қызметкерлері қақтығысып қалған еді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің 150-сі жараланып, 16-сы ауыр жарақат алды. Қақтығыс кезінде Бостандық ауданы ішкі істер басқармасының қызметкері, 24 жасар Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол, 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмды.
XS
SM
MD
LG