Accessibility links

«Агафе» шіркеуінің ісі сотта қаралады


1997 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылының сол кездегі әкімшілігі мен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитет, «Агафе» інжіл-христиандық шіркеуіне ауылдағы мәдениет үйінің ғимаратын өтеусіз пайдалануға берген. 2004 жылы шіркеу иелері мәдениет үйі орналасқан жер телімдерін заңдастырып, жекешелендіріп алды. Алайда енді шіркеудің мәдениет үйіне орналасқанына наразы ауыл тұрғындары мен Қарасай ауданының прокуроры мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитет пен «Агафе» інжіл-христиандық шіркеуін облыстық экономикалық сотқа берген.

Іргелі ауылының тұрғыны Жақсылық Әуелов ауылдағы бұрынғы мәдениет үйіне бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жасалынбағындығын айтып, бұл үшін қазір ғимаратты пайдаланып отырған шіркеуді сынайды. «Агафе» інжіл-христиандық шіркеуінің келушісі Искра Легайдың айтуынша, 1997 жылғы қиыншылық кезде, жергілікті билік мәдениет үйін өтеусіз пайдалануға беруге мәжбүр болған:

- Мәдениет үйі берілген кезде, тәуелсіз аудиторлық компаниямен келісім-шарт жасалды. Ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет еткендіктен, компания мәдениет үйін құнды мүлікке жатқызбаған болатын, - деді Искра Легай.

Қарасай ауданының прокуроры мен жергілікті ауыл тұрғындары «Агафе» інжіл-христиандық шіркеуі мен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитетті экономикалық сотқа берді. Алайда, маусымның 10-күні сағат 11-ге белгіленген сот өтпеді.

Шіркеуді сотқа бергендердің бірі, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Смағұл Садырқұлов, мәдениет үйінің жергілікті халыққа қайтарылуын талап етіп отыр:

- Мәдениет үйі - халықтыкі деген ауылдың 15 мың тұрғыны, оны қайтарып алудың жолдарын іздестіруде.

Ал, шіркеудің мүддесін қорғаушы Владимир Садықов, Қарасай ауданы прокурорының әрекетін заңсыз деп отыр.

- Мәдениет үйі 1997 жылға дейін жылу мен жарыққа 25 мың АҚШ доллар қарыз болды. Сондықтан екі жақ келісім-шартқа отырғанда, осының бәрін шіркеу қызметкерлері төлеуі керек болатын. Әкімшілік осыны оңтайлы шешім деп тауып және жуық арада Мәдениет үйінің орны ғана қалатынын білгендіктен оны шіркеуге біржола берген болатын, - деді Владимир Садықов.

Қарасай ауданы Іргелі аулының әкімі Жанат Тажиев, өзіне дейінгі әкімнің бұл шешіміне жауапты еместігін, алайда мәдениет үйі қайтарылса, жасалынатын жұмыстардың жеткілікті екендігін айтты:

- Сот қалай шешсе, солай болады. Егер де, мәдениет үйі қайтарылса, мәдени шараларды қолға аламыз. Мәдениет үйі жергілікті тұрғындарға қызмет етсе деген ойымыз бар. Қазіргі таңда демеушілер де шығып жатыр.

Ал «Агафе» інжіл-христиандық шіркеуінің келушілері өздерінің заңды негізде жұмыс істеп жатқандықтарын, сондай-ақ өздерінде мәдениет үйі орналасқан жердің жеке меншік екендігін растайтын құжаттардың толық нұсқасы бар екендігін алға тартып отыр.
XS
SM
MD
LG