Accessibility links

Шыңғыс Айтматов дүниеден озды


Шыңғыс Айтматов, қырғыз жазушысы
Шыңғыс Айтматов, қырғыз жазушысы

Сейсенбі күні кешкі сағат алтыдан кейін бірқатар ақпарат құралдары қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың денсаулығының күрт нашарлап кеткендігін хабарлаған болатын. Екі сағат өткеннен кейін жазушы, 80 жасқа қараған шағында, Германиядағы Нюрнберг емханасында дүние салды.

Шыңғыс Айтматов осыдан бір ай бұрын қатты сырқаттанып, «бүйрек жұмысының бұзылуы» деген диагнозбен Германиядағы Нюрнберг ауруханасына жеткізілген болатын.

2008 жылдың 11 маусымында Қазақстан Жазушылар одағы, қазақ әдебиетінің дамуына да зор үлес қосқан қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың отбасы мен туған-туысқандарына көңіл айтып, жедел хат жолдады.

Нұрлан ОРАЗАЛИН; ақын, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

- Шыңғыс Айтматов жиырмасыншы ғасырда жасалған әлем әдебиетіндегі бай үлгілерді рухани кеңістігімізге алып келген ұлы суреткер. Ол өз мектебін қалыптастырған жазушы. Айтматов тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл Шығыстың мақтанышына айналды. Мен қазақтың ақын-жазушыларының атынан оның отбасына, Мәриям жеңешемізге, туған-туысқандарына олардың қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта, нұры пейіште шалқысын, - деді «Азаттық» радиосы арқылы.

Жазушы Шыңғыс Айтматов 1928 жылы Қырғыз коммунистік орталық комитетінің хатшысы Төреқұл Айтматовтың отбасында дүниеге келген. Болашақ жазушының әкесі 1938 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, атылды.

Шыңғыс Айтматов шығармаларын қырғыз және орыс тілдерінде жазды. Оның «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» және тағы да басқа туындылары бар. Жазушының негізгі шығармаларының бәрі қазақ тіліне аударылған.

11 маусым күні Қырғыз Республикасының Президенті Құрманбек Бәкиев «Халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қазасына және оны жерлеуді ұйымдастыруға байланысты 2008 жылғы маусымның 14-ін қаралы күн деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Аза тұту күні Қырғызстанда барлық мемлекеттік жалаулар түсіріледі. Сол күні таңертеңгі сағат 9 да қырғыздың Т.Сатылғанов атындағы ұлттық филармониясында Шыңғыс Айтматовты ақырғы сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.

Марқұмның сүйегі сол күні Бішкек маңындағы, оның әкесі жерленген "Ата Бейіт" мемориалды зиратына қойылады.
XS
SM
MD
LG