Accessibility links

Шыңғыс Айтматовты қазақ елі де жоқтап жатыр


Шыңғыс Айтматов, қырғыз жазушысы

Шыңғыс Айтматов, қырғыз жазушысы

80-ге қараған шағында қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов дүниеден озғаны туралы суық хабар қазақ жазушыларының қабырғасын қайыстырып кетті.

«Ғасырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары» сияқты әдебиетте өлмес шығармалар тудырған қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың дүниеден өтуі қазақ жазушыларын қайғыртып тастады. Жазушымен соңғы 15 жылда әдеби қарым-қатынасын үзбеген қазақ жазушыларының бірі Герольд Бельгер:

- Шынымды айтсам, есеңгіреп қалдым. Ойымды жинақтап айту қазір қиындау болып тұр. Шықаңның жағдайын мен енді газеттен оқыдым, естідім. Менің ағайындарым (германдықтарды айтам) оны аман алып қалар деген ойда едім. Бірақ, болмады... – дейді ауыр күсініп.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазасы оның шығармашылығымен сусындаған барша жұрт үшін орны толмас ауыр қайғы екенін айтады:

- Әдебиеттің, мәдениеттің, түркі әлемінің, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар бағалайтын үлкен шаралардың төрінде жүретін, қай кезде, қандай жағдай болмасын, өзінің үлкен адамгершілік мінезімен, Алатаудың аппақ шыңындай болып төбешік болып жүретін бір жазушымыздан айрылдық.

ХХ ғасырдағы әдебиеттің ғажайып үлгілерін дүниеге алып келген қырғыздың кемеңгер ұлының ТМД көлеміндегі халықтар әдебиетінде орны ерекше дейді Нұрлан Оразалин:

- Жалпы тәуелсіз елдер дейтін кеңістіктегі бай әдебиеттің ерекше дамуына, өрістеуіне, жаңа биіктерден көрінуіне, жаңа айдындарға шығуына себепкер болған үлкен мектеп жасады.

Жазушының бірнеше шығармасын қазақ тіліне аударған Нұрлан Қами Шыңғыс Айтматовтың қырғыз әдебиетіне сіңірген еңбегі қандай болса, қазақ әдебиетіне де соған пара-пар еңбек сіңіргенін айтады:

- Айтматовтың ең бірінші шыққан «Жәмилә» повестіне Мұхтар Әуезов бата беріп, бұл кісіні үлкен әдебиетке алып келген деуге болады. Содан бері Шықаң жалпы қазақ әдебиетін үнемі қадағалап жүретін еді. Өзінің сөздеріне қарағанда, аяғы жеткен жерде, сөзі жеткен жерде оны айтып жүрген. Айтматовтың жазушы ретіндегі үлкен ерекшелігі деп мынаны айтар едім: өмірде кездесетін немесе тарихтың бұлтарысында қалып қойған кейбір жайттарды біз білеміз, айтамыз, қоямыз. Айтматовтың қасиеті - сондай бір жайттарды әлемдік проблемалық деңгейге көтере білуінде.

Шыңғыс Айтматов шығармаларын қырғыз және орыс тілдерінде бірдей жазған қаламгер. Шығармашылық қызметтерімен қатар қоғамдық қызметтерді қатар алып жүрген жазушы 2008 жылдың наурыз айына дейін Қырғызстанның шетелдегі елшісі болды. Соған қарамастан Шыңғыс Айтматов үшін өмірде ең негізгісі әдебиет болып қала берді. Жазушы соңғы сұхбаттарының бірінде туған жерге оралып, уақытын отбасы мен шығармашылыққа арнағысы келетінін айтқан. «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп қазақ данышпаны Абай айтқандай, марқұмның шығармалары мәңгілік жасай береді дейді жазушы Герольд Бельгер:

- Оның шығармалары көп басылатын болады, көп шығарылатын болады. Демек, Шыңғыс Айтматов тарихта қалатын ірі, дара тұлға. Оның шығармалары, менің білуімше, әлемде 160 тілде басылып шыққан. Кітаптары миллион данамен шыққан жазушы өте сирек. Шыңғыс Айтматовты өз басым керемет қадірлеймін, сүйемін. Орта Азия ғана емес, дүние жүзінде бұл жазушыны жұрттың бәрі есте сақтап қадірлейтініне көзім жетеді.

Шыңғыс Айтматовты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Бішкекте маусымның 14-і өтеді. Қырғыз үкіметі бұл күнді қаралы күн деп жариялады. Марқұмның сүйегі сол күні Бішкек маңындағы, оның әкесі жерленген «Ата Бейіт» мемориалды зиратына қойылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG