Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.06.2008 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдарда қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың дүние салғандығына байланысты мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ, газеттер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты айтылған қауесетті жоққа шығарыпты.

«Айқын» газетінің бейсенбілік санында, әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Шыңғыс Айтматовтың дүниеден өтуіне байланысты «Адамзаттың Айтматовы еді» деген тақырыппен редакциялық мақала жарияланыпты. Мақалада, кезінде Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсіргені, кейінірек оның қырғыздың көрнекті қайраткері болып, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткендігі туралы айтылыпты. Сонымен қатар, Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев орны толмас қазаға байланысты 14 маусымды ұлттық қаралы күн ретінде жариялап, ол күні елде барлық мемлекеттік тулар төмен түсіріліп және жазушыны жерлеу рәсімі тікелей эфирден көрсетілетіндігі баяндалыпты.

Ал «Жасал алаш» газетінде Шыңғыс Айтматов туралы Мұхтар Шахановтың «Ұлы жүрек тоқтады» деген естелігі жарияланыпты. Автор, Шыңғыс Айтматовты «ХХ және ХХІ ғасырдың ешкім қайталай алмайтын ұлы тұлғасы, бір өзінің бір әлем болғанын және көзі тірісінде әлем әдебиетінің классигі аталса да, асу мен тасуды білмей, Құдай берген кішіпейіл мінезінен танбай, азаматтығына шаң жұқтырмай өтті» деп жазыпты. Сонымен қатар, ақын, марқұм болған жазушымен жақын дос болғанын, екеуі бірлесіп «Құз басындағы аңшының зары (Ғасыр айрығындағы сырласу)» атты эссені, «Сократтың ескерту түні» атты драманы жазғандарын айтыпты.

«Түркістан» газеті де қайғылы оқиғаға орай, Көлбай Адырбекұлының «Қош бол, шоң аға»! деп аталатын мақаласын басыпты. Онда Шыңғыс Айтматовтың түркі халықтарының сүйікті жазушысы ғана емес, қысылғанда арқа сүйер ағасы болғаны сөз болыпты. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы түркі елдері оның 80 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірлік жасағанын, күзде Нобель сыйлығын алады деген үміт те болғанын, бірақ ажал деген тажал күтпеген жерден өмірін қиып кеткендігі жазылыпты.

«Литер» газетінің бірінші бетінде жазушы Шыңғыс Айтматовтың суреті мен оның соңғы жазған романынан ой үзігі беріліпті. Ал, үшінші бетте жарық көрген қазанамада жазушының сексен жасқа келе алмай кеткендігі айтылыпты. Қырғызстанның ұлы қаламгерімен қоштасу рәсімі 14 ші маусым күні, Бішкекте өтеді.

«Время» газеті мен «Свобода слова» апталықтарында да Шыңғыс Айтматовтың дүние салғандығына байланысты қазанама жарық көріпті.

Ал, «Время» газетіндегі «Тағы да бір ұрлау ма?» атты Дильярам Аркиннің мақаласында Президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның сыбайластарының екі жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен Ниссон Симмандчевті де ұрлауы мүмкін екендігі жазылыпты. Осындай күдігі бар екенін газет тілшісіне Ниссон Симмандчевтің туысы Илиазар Юсуфов әңгімелеп беріпті. Оның айтуынша, Ниссон Симмандчевтің Қытай мен Ресейдің арасында жүк тасымалымен айналысқан бизнесі болған. Оған шейін бұл бизнеспен Иллиазар Юсуфовтың өзі айналысқан көрінеді. Біраз уақыт бойы президенттің бұрынғы күйеу баласы бұл бизнесті беруін талап еткенімен, ол келіспей қойған екен. 1997 жылы Иллиазар Юсуфов өз кәсіпорнының акцияларының бәрін немере інісінің қолына табыс еткен. Иллиазар Юсуфовтың айтуынша, осы уақыттан бастап туысының басы бәлеге қалған. Президенттің бұрынғы күйеу баласы алғашқы уақытта одан тапқан пайдасының жартысын, кейіннен бүкіл бизнесін өзіне беруді талап етіп, қоқан-лоқылық көрсеткен.

Ал, «Свобода слова» апталығында жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында өткен аптада мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев Астана атын Нұрсұлтанға өзгертейік деген ұсыныс жасағаннан кейін, елде Назарбаев қайтыс болыпты деген жалған ақпараттың желдей гулеп кеткендігі сөз болыпты. Осындай жел сөз шыға салысымен-ақ халық Назарбаевтың өлімін шын мәнісінде де талқылай бастапты. Бұл жайында базарда да, көшелерде де түрлі әңгімелер айтылыпты. Оқырмандар газетке қайта-қайта телефон шалғаннан кейін Гүлжан Ерғалиева президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевқа хабарласыпты. Газет тілшісіне Ермұхамет Ертісбаев таң қалғандығын жасыра алмай, «Қазақстан» телеарнасындағы техникалық олқылықтарға байланысты күні бойы классикалық музыка берілгендіктен жұрт Назарбаев қайтыс болды деп ойлап қалуы мүмкін екендігі туралы ойын білдіріпті.

«Свобода слова» басылымына сұхбат берген белгілі режиссер Болат Атабаев болса мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевтың билікке жағынғысы келгендіктен жасаған мәлімдемесінің артында, оның әлі де ұзағырақ отырғысы келген пиғылының жатуы мүмкін екендігін айтыпты.

Ал, «Экспресс К» басылымында Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтаған журналист Марк Айсбергтің екі беттік көлемді мақаласы жарық көріпті.
XS
SM
MD
LG