Accessibility links

Жыныстық азшылық өкілдерінің шеруі туралы жаңсақ ақпаратты кім таратты?


Алматыдағы бірқатар қоғамдық ұйымдар мен қала әкімдігі маусымның 21-күні қалада гомосексуалистер, лесбийлер және бисексуалдық топ өкілдерінің шеруі өтеді деген хабарды жоққа шығарып отыр. Олар бұл жалған ақпарат арандату пиғылымен таратылуы мүмкін деген күдік айтады.

«Қолданыстағы заңға сәйкес, кез-келген шеру, жиын өткізуге жергілікті атқарушы билік рұқсат береді. Ал жыныстық азшылық өкілдерінің шеруін өткізу жайында ресми рұқсат сұрап қала әкімдігіне ешкім өтініш жасаған емес. Маусымның 21-күні Алматыда мектеп бітірушілердің білім ұясымен қоштасу кеші өтетінін ескерсек, бұл біреулердің таратқан жалған ақпараты немесе тіпті арандатуы болуы ықтимал», - деді Алматы әкімінің баспасөз хатшысы Сергей Куянов «Азаттық» тілшісіне.

Қазақстандағы гомосексуалистер, лесбийлер, бисексуалдар мен трансгендерлер арасында ВИЧ/СПИД дертінің алдын алу мақсатында жұмыс істейтін «Адали» қоғамдық қорының президенті Сергей Скакунов өзі басқаратын ұйымның атын жамылған әлдекімдер сәрсенбі күні баспасөз құралдарына енді он күннен кейін Алматыда жыныстық азшылық өкілдерінің қатысуымен тұңғыш шеру өтетіні туралы ақпаратты таратқанын айыптады.

«Осындай жалған ақпарат тарату арқылы біреулер қоғамда біздің қор туралы жаңсақ пікір қалыптастырмақшы», - деді ол маусымның 12-күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, бейсенбі күні «Сорос-Қазақстан» қоры ешқандай көңілашар шараларды, соның қатарында әлгіндей шерулерді қаржыландырмайтынын айтып, баспасөз мәлімдемесін жариялады.

Маусымның 11-күні электронды пошта арқылы баспасөз құралдарының редакцияларына Қазақстанның гомосексуалистер, лесбийлер, бисексуалдар мен трансгендерлер қоғамдық ұйымының атынан келген ақпаратта, маусымның 21-күні Алматыда осы топ өкілдерінің қатысуымен тұңғыш шеру өтетіні жазылған болатын.
XS
SM
MD
LG