Accessibility links

Үлескерлердің үміті ақтала ма?


Маусымның 12 күні Қазақстанда 6 кодекске және «Банкроттық туралы заңға» өзгерістер енгізетін заң жобасы парламенттің жоғарғы палатасында бірінші оқылымда мақұлданды. Пәтерге ақшасын салған үлескерлер болса, осы түзетулер енгізілсе құрылыс компанияларының халықты алдап, банкрот болып қашып кетпейтіндігіне сенімді емес. Ал, қаржы министрі Болат Жәмішев бірінші кезекте құрылыс компанияларына қаржы салған банктердің жағдайын ойлау керек екендігін айтып отыр.

Қаржы министрінің дәйегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда 500-ге жуық құрылыс компанияларының банкроттығы зерттелген. Нәтижесінде, салған ақшасын қайтаруды сұраған үлескерлердің 2 пайызының, ал осындай талап қойған банктердің 13 пайызының өтініші қанағаттандырылған.

- Банкрот болған құрылыс компаниялары бірінші кезекте банктің, содан кейін барып үлескерлердің өтінішін қанағаттандыруы керек. Олардың орнын ауыстыруға болмайды. Ертең банк депозиттеріне қаржы салғандар ақшасын сұрап келгенде, парламент пен үкімет оларға депозит иелерінің үлескерлерден несі кем екендігіне жауап беруі керек болады. Ал бұл сұраққа жауап жоқ, - дейді министр.

Сенатор Төлеген Мұхаметжанов министрдің бұл пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, депозитке қарапайым халық емес, банкке құрылтайшы болып отырған бай адамдар ақша салады.

- Бәрінен көп зардап шегіп, әрі салынбаған пәтеріне бар ақшасын салып, әрі пәтер жалдап тұрып жатқандар – қарапайым үлескерлер, – дейді депутат.

Қарапайым үлескерлерде банктер сияқты қаржы салып отырғанымен, ешқандай кепілдіктері жоқ дейді астаналық үлескер Майгүл Байғожаева.

Әзірге мақұлданған бұл құжат екінші оқылымға дайындалып жатыр. Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген «Үлескерлер қауымдастығының» төрайымы Ольга Пугачеваның келтірген мәліметіне сүйенсек, Астанада үйлеріне қол жеткізе алмай жүрген 33 мыңға жуық үлескер бар екен.

Жалпы Қазақстандағы үлескерлердің саны 100 мыңнан асады. Астананың қаржы полициясы үлескерлердің шағымының негізінде бірнеше құрылыс компаниясының басшыларын тұтқындағандығын хабарлады. Қаржы полициясы құрылыс саласында айлакерлік жасауға қатысы бар деген күдікпен 7 адамға іздеу салды.

Жыл басынан бері құрылыс компаниялары 3 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырыпты.
XS
SM
MD
LG