Accessibility links

12 маусым күні Астанада өткен брифингте Жоғары соттың өкілі Константин Харламов, Ибрагимовтан жауап алуға байланысты айыпталушылардың адвокатының өтініші қанағаттандырылмағанын мәлімдеді.

Харламов Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 410 бабы, 2-тармағына сілтеме жасап, Қазақстан Республикасының соты аппеляциялық инстанцияда, куәгерден тек алдыңғы соттың хаттамасында берген жауаптары түсініксіз жазылып немесе әр түрлі талқыланған болса ғана жауап алуға құқылы деген негізді алға тартты.

«Шаңырақтағы қантөгіске байланысты істе мұндай қажеттілік байқалып тұрған жоқ», - деді Харламов. Сондай-ақ ол «Ибрагимов Алматы қалалық сотында куәгер ретінде жауап бергенде, оған ешқандай қысым көрсетілмегені соттың хаттамасында анық жазылған. Сонымен қатар, оның сол уақыттағы жауабы, алдыңғы жауаптарымен сәйкес және осы оқиғаны өз көзімен көрген адамдардың да жауаптарымен ұштасады» деді.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлағанындай, егер куәгер Ибрагимов алдыңғы сотта берген жауабын түгелімен өзгерткісі келіп және осы іске байланысты жаңа нәрселер мәлімдеуге құлықты болса, оның адвокаттарына, прокуратураға арыздануларына болады.

Жоғарғы соттың Ибрагимовтан жауап алудан бас тартуына орай, біз «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, айыпталушылардың қоғамдық қорғаушысы Асыбек Қожахметовке хабарластық.

«Шаңырақ оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанда, айыптаушы тарапта олардың сөзін сөйлеген екі ғана куәгері болды. Бірінші инстанцияда ағайынды Ибрагимовтар Едігеевке және одан да басқа сотталушыларға қарсы Шаңырақтағы қақтығысты ұйымдастырды, сондай-ақ полиция қызметкерін өртеген осылар деп жауап берген болатын. Алайда, сол уақытта қорғаушы тараптың елуге жуық куәгері олардың сөзін жоққа шығарып, мұның барлығы жалған екенін айтқан. Ал енді қазір ағайынды Ибрагимовтар өздерінің сөздерін қайтып алып, бірінші инстанцияда берген жауаптарының жалған екенін айта бастады. Жоғарғы сот оларды тыңдайтын болса, айыптаушы тараптың сөзін сөйлейтін куәгерлер қалмайды, ондай жағдайда, бұл істі қайта тексеруге жіберу керек болады. Сондықтан, Жоғарғы сот Айбатыр Ибрагимовтың жауабын тыңдаудан бас тартты. Соған қарағанда, осы іске байланысты ақиқат ешкімге керегі жоқ сияқты», - деді Асылбек Қожахметов «Азаттық» тілшісіне.
XS
SM
MD
LG