Accessibility links

Қазақстанда қан тапшы


Сенбі күні Алматыдағы Республикалық қан орталығында халықаралық Донорлар күні аталып өтті. Жыл сайын Қазақстанда қан тапсырушылар санының азайып бара жатқандығын айтып, мамандар дабыл қағуда. Тоқсаныншы жылдардан кейін елдегі донорлар 2,5 есеге кеміп кетіпті. 2006 жылғы көрсеткіш бойынша, мемлекеттегі 1000 тұрғынның 18-і ғана қан тапсырған.

Қазақстанның және Кеңестер одағының құрметті доноры атағын алған Юрий Кныш, донор болу әрбір қазақстандық азаматтың парызы болуы тиіс деп санайды.

-Екінің бірі қан тапшылығын басынан кешіп жатады. Сондықтан, бұл мәселеге мемлекет болып араласу керек. Биліктегілер де көңіл бөліп, көмегін берсе деген ұсынысым бар. -дейді, Юрий Кныш.

Ал Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті Мақсат Дәуренбековтың донар болғанына бір жыл толыпты. Ол үнемі донар болуға дайын жүреді екен:

-Қан орталығының қызметкерлері біздің университетке келіп, донор болуға шақырды. Науқас адамдарға көмегім тисін деген ниетпен донор болдым, дейді, Мақсат.

1934 жылы құрылған РҚО бүгінгі таңда күніне 200-250 донорды қабылдайды. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап, осы күнге дейін аталмыш орталыққа 107 мың 412 донор қан тапсырған. Біз аталмыш орталықтың қан дайындау бөліміне бас сұқтық.

Бөлімнің меңгерушісі Альмира Омарбекова донордан алынған таза қанды плазмалық массаға айналдыру үшін арнайы аппараттармен жұмыс істеп жатыр екен.

-Қан мен плазманы айыру үшін центрифугаға бағдарлама бойынша 16 градус температурада 5 минут қоямыз. Алып шыққаннан кейін, плазма экстрактаға қойып, плазманы қаннан айырып аламыз.Ол плазма ферез формасын қалыптастырса, оны R масса деп атаймыз. Онда ол сұйықтықты қайтадан донорға құямыз. Зертханадан сараптаманың қортындысы келгеннен кейін, қанды ауруханаларға жөнелтеміз-деді, бізбен сөйлескен Альмира.

Қалалық қан орталығына келген донорларды келесі қабылдау бөлімінен шақырту үшін арнайы шақырту дыбысы қолданылады екен.

Біз республикалық қан орталығының директоры Дилявер Бекіровпен, қан өткізуші донорлар бөлмесін араладық. Қан өткізуге келген 4 донор жігіттің біреуін әңгімеге тарттық. -Аты-жөнің кім? -Нұржан Мұстафин Теміржанұлы. -Бірінші рет қан өткізіп отырың ба? -Иә. Бір кісіге қан керек деп әскери бөлімнен әкелді.

Республикалық қан орталығының директоры Дилявер Бекіровтің айтуынша, мың адамның 50-55 і ғана 400 милилитр қан тапсыратындықтан, келешекте Қазақстанда қан тапшылығы одан сайын көбейе түседі:

-Қазақстанда донорлықтың азайып бара жатқандығы, әсіресе науқастар мен дәрігерлерді қатты алаңдатады. Көбінесе сирек кездесетін қан тобына қажеттілік болып тұрады. Біз тек донорлықты басымызға ауыр күн туғанда, қайғылы жағдайға душар болғанда ғана еске аламыз. Ал өркениетті қоғамда күнделікті қан өткізу әрбір адамның парызы болуы керек. -дейді, Дилявер Бекіров.

Республикалық донорлар қауымдастығы қоғамының президенті Мәрия Жүйріктаева да бүгінгі таңда донорлар санының азайғандығын айтып отыр:

-Қанның қажеттілігі күнен күнге өсіп отыр, ал донорлар саны азайып барады.Сондықтан халықтың арасында бір тамшы қанның адам баласының өмірін сақтап қалауға қажеттілігін көбірек айтып, халықтың санасы мен патриоттық сезімін оятуғы тырысамыз, дейді, ол.

Дүниежүзілік Донорлық ұйымның мәліметі бойынша, табысы жоғары елдерде донорлық қанның 94 пайызы ерікті және тегін түрде тапсырылады екен.
XS
SM
MD
LG