Accessibility links

Ғалия есімді мектеп ұстазы қазіргі кезде жастардың мұғалімдік жұмысқа деген көзқарасы туралы


- Жалпы айтқан кезде, қазіргі жастардың көпшілігі мұғалім болуды онша қаламайды. Әрине, оқушылардың барлығы бірдей ондай пікірде емес, арасында мұғалімдікті таңдайтындар кездеседі. Мысалы, менің өз қызым мектеп бітіріп жатқан кезде, болашақ мамандығы жайлы сөз болғанда: «Мама, менің сіз сияқты мұғалім болғым келеді» деп, жоғары оқу орнына түсті.

Ал көпшілік жастар мұғалімдіктен не үшін қашады? Өйткені, бұл мамандықтың жауапкершілігі және ұстазға қойылатын талап та өте жоғары – сабаққа күнделікті дайындалу керек, жазу-сызу деген көп, азаннан кешке дейін мектепте жүруге тура келеді, ал жастар кейде соның барлығына шыдай алмайды. Себебі, қазіргі жастардың арасында еркін жүріп, көбірек демалып, қиналмай ақша тапсам деген ой белең алып тұр.

Жұмыстың көптігінен қашатындар да бар. Мысалы, біздің мектепте мұғалім жетіспей, кейде сағаттарды қосымша жүктеме ғып берсең, кейбір жас мамандар бір айға әрең шыдап, келесі айда өздерінің шаршап кеткендерін айтып бас тартып жатады. Яғни, қосымша ақша табу мүмкіндігі болғанына қарамастан, олар еңбекті ауырсынады.

Сонымен бірге мұғалімнің әлеуметтік жағдайы да бұл мамандықтың қадірін азайтып тұр. Тек соңғы бірер жылда ғана ғой олардың жалақысын бұрынғыдан көтеріп, кейбір жерлерде пәтер беріп жатқаны. Бірақ жалақының мөлшері әлі де солардың атқаратын еңбегіне сәйкес емес. Ең әуелі, әлеуметтік жағдайы дұрыс болмай тұрып мұғалім еш уақытта дұрыс сабақ бере алмайтынын ескеру керек. Егер жағдайы жасалса, мұғалім барлық ынта-жігерімен атқарады өз жұмысын.

Ал қазір жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп мектепке жұмысқа келген балаларға ешқандай жағдай жоқ. Олар өз әлеуметтік жағдайын түзеп, баспаналы болғанша кемінде 10-15 жыл жұмыс істеу керек.
XS
SM
MD
LG