Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ауғанстан

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Өткен аптада Қырғызстанда аяқталған «Ауғанстан, ШЫҰ, қауіпсіздік және Орталық Еуразияның геосаясаты» атты халықаралық конференцияға қатысушы мамандар келешекте Ауғанстандағы жағдайды реттеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы белсенділік танытуға дайын болуы үшін, қазірден бастап тиянақты, жан-жақты тұжырымдама жасауы керек деген пікір білдіріп отыр.

Мәселенің түйіні – қазір Ауғанстанда АҚШ пен НАТО күштері бірнеше жылдан бері әрекет етіп жатуында. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы Ауғанстандағы мәселеге әзірге айтарлықтай назар аударған емес. Бірақ былтыр Бішкекте Ауғанстан президенті Хамит Карзайдың өзі, одан соң Санкт-Петербургтегі кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ауғанстан арасындағы байланысты жандандыру керектігіне назар аударғалы бері, мамандар Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ауғанстан арасында байланыс тобы жұмысқа кіріскенін айтады.

«Ауғанстанның өзі Шанхай ынтымақтастық ұйымына бақылаушы мәртебесінде кіргенімен ұйыммен ешқандай қарым-қатынас жоқ. Ауғанстан мен ШЫҰ арасындағы серіктестік қазіргі жағдайда мүмкін емес сияқты. Себебі, қазір Ауғанстанда НАТО әскери күштері бар да, экономикалық салада сонда көмек көрсетіп жүрген батыс мемлекеттері басқа Орта Азия елдерін онда жібермеуге тырысады. Қазір онда әскери-соғыс саласында, қарама-қарсы тараптар арасында қандай да бір тепе-теңдік орнағандай, бірақ қарапайым халық арасында шетел әскерлеріне наразылық күшеюде. Ерте ме, кеш пе, АҚШ пен НАТО әскерлерінің Ауғанстаннан кетері хақ. Және осы кеңістік біздің қасымызда қалады. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері осы көрші кеңістіктегі жағдайға оңтайлы ықпал етуге дайын болуы керек. Бір жағынан, Ауғанстандағы шиеленіс кезінде Тәжікстанда болған шиеленіске ұқсайды. Сондықтан ондағы шиеленісті шешуде сол тәжірибені де ескеруге болар еді. Екінші жағынан, Ауғанстанның саяси сарапшыларын АҚШ пен НАТО күштерінің алдағы уақытта Иранға соғыс жариялауы мүмкіндігі алаңдатады. Ондай жағдай Ауғанстандағы ахуалды мүлдем ушықтырары сөзсіз. Тағы бір мәселе - есірткі. АҚШ әскерилері Ауғанстанға кіргелі бері ондағы есірткі өсіру төрт есеге артып отыр. Әлемдегі есірткінің 95 пайызы осы Ауғанстанда өсіріледі екен. Біз Ыстық көл халықаралық конференциясында міне осы мәселелер төңірегінде пікір алмастық, - дейді Қырғызстанда өткен конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, Қырғыз-Славян университетінің профессоры Александр Князев.

Ауғанстанға 2001 жылдан бері халықаралық көмек ретінде 170 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінген екен. Мамандар осы қаржыны игерудің нақты тетіктері қарастырылмағандығынан ол айтарлықтай нәтижесіз, талан-таражға кеткенін айтады.

Ал өткен аптада Ауғанстан мәселесіне арналып Францияда өткен тағы бір халықаралық конференция нәтижесінде тағы да 20 миллиард доллар қаржы бөлінетін боп шешіліпті.

Орта Азия мемлекеттері мен Иран, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Италия сияқты мемлекеттердің ғалым мамандары қатысқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынасқа арналған алғашқы халықаралық конференция төрт мәселеге тоқтапты.

Олар: ШЫҰ мен Ауғанстан экономикалық қарым-қатынасы; Ауғанстан тарапынан ШЫҰ мемлекеттеріне келер қауіп-қатер мәселесі; Ауғанстан мәселесін реттеуде ШЫҰ мен АҚШ және НАТО қарым-қатынасы; Ауғанстандағы ішкі шиеленісті реттеуде ШЫҰ әлеуетін пайдалану.

Сондай-ақ, Князев мырза осы конференция нәтижесінде мамандардың айтқан пікірлерін қорытқан «Ыстық көл декларациясы» атты құжат дайындап, оны Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттерінің тиесілі органдарына жеткізу ниеті барын айтады.

Сөйтіп, мамандар Ауғанстандағы ахуалға ШЫҰ мемлекеттері де назар аударуы керектігін айтып отыр. Оған қоса, батыстың өзінде Ауғанстандағы, Ирактағы соғысқа наразылық күшейіп келеді. Ал соңғы уақытта батыс тарапынан ШЫҰ мемлекеттерін Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуге шақыру жиі естіле бастады. Оны кейбір жергілікті сарапшылар «Батыс Ауғанстаннан кету алдында өздері шеше алмаған мәселелерді ШЫҰ мемлекеттеріне асып қоймақшы» деп те бағалаған.

Қазақстанда шығатын «Панорама» апталығының сарапшысы Вячеслав Разумов ШЫҰ мен Ауғанстан арасындағы серіктестік тек теория жүзінде ғана болуы мүмкін деп есептейді.

- Өйткені, осы ұйымдағы өтпелі кезең елдері, әрине, Қытайдан басқасы, тек өздерінің жағдайларын күйттеуге ғана шамалары келер, - дейді ол.

Бірақ тағы бір тәуелсіз саяси сарапшы Досым Сәтпаев ШЫҰ Ауғанстанға байланысты үш бағытта іс-әрекет жасай алатынын айтады.

- Біріншіден, есірткіге қарсы күрес пен лаңкестерге қарсы тиімді күрес үшін Ауғанстанмен шекараны нығайту, екіншіден, экономикалық көмек бағытында, үшіншіден, сол Ауғанстанның ішіндегі белді деген саяси күштерді қолдау арқылы сондағы тұрақтылықтың нығаюына ықпал ету. Міне, ШЫҰ-ның қолынан келетін әрекеттері осы ғана, - дейді Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG