Accessibility links

Қазақстан Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер Талғат Мұсабаев, маусымның 16-күні Алматыда баспасөз өкілдеріне, елдің тұңғыш жер серігіндегі ақаулардың әлі толық анықталмағанын айта келе, «Қазсатты» біржолата жоғалтып алу қаупінің бар екенін мәлімдеді.

Осыдан бір апта бұрын Қазақстанның «КазСат» деп аталатын тұңғыш жасанды жерсерігінің жұмысы белгісіз себептермен тоқтап қалған еді.

Маусымның 16-күні оның жұмысының неліктен кенет тоқтап қалғандығының себебін түсіндіріп, Алматыда журналистердің сұрағына жауап берген Қазақстан Ұлттық Ғарыш агенттігінің өкілдері мен елдегі ғарыш саласының бірқатар мамандары, жер серігіндегі ақаулардың осыған дейін де байқалғанын айтты.

Соңғы рет 2008 жылдың 17 сәуірінде ғарыш аппаратында техникалық ақаулар пайда болып, жер серігін жасап шығарған Ресейдегі Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығының мамандары оның жұмысын қалпына келтіріпті. Одан кейін жер серігін басқару құқығы ҚР-сының Ақкөл қаласындағы ғарыштық байланыс орталығынан ресейлік «Сколково» ұшуларды басқару орталығына берілген екен.

Мамандардың айтуынша, бұл жер серігі ұшырылғаннан бергі уақыттағы ең ірі ақау болып отыр. Әйткенмен мамандар «Қазсаттың» жұмысының не себептен тоқтап қалғандығының себебін түсіндіріп бере алмады.

- Күрделі жағдайдан шығуға талай рет тырысқанымызбен әрекеттеріміз нәтижесіз аяқталды. Жерден берілген ешқандай тапсырмаға бағынбай отырған жер сергінің істен шығуының себептері туралы мамандар түрлі болжамдар жасады. Солардың ішіндегі ең шындыққа жақындығы - ғарыш аппараты басқару жүйесінің жұмысында ақаудың пайда болғандығы туралы болжам, - дейді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Сондай ақ, мамандардың пікірінше, жер серігінде ақау пайда болуының себептерінің бірі, оған база ретінде сынақтық платформаның таңдап алынғандығы болса керек.

- Бұл платформаның жұмысына да ғалымдардың күмәні бар. Ал бұған «Қазсатқа» тапсырыс берген сол кездегі ғарыш саласынан мүлде хабарсыз адамдар қатыстырылған, - дейді академик Мейірбек Молдабеков.

Аэроғарыш комитетінің өкілдері «Қазсат-1» жасанды жер серігінің тапсырыс жасауына осы комитеттің қатысы болмағанын айтады.

- Сол кездегі шешімдерге байланысты, аэроғарыш комитеті ешқандай құжатқа қол қойып, оған араласқан жоқ. Оған біздің ұлттық инновациялық қор тапсырыс берді. Олар - маман емес, қаржы жағындағы адамдар. Оған бізді, яғни мамандарды шақырмай, шешімді бізсіз қабылдады, - дейді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Ол қазір «Қазсатты» қайта іске қосу үшін Қазақстанның да, Ресей тарапының да мамандары көп күш салып жатқанын айтады. Дегенмен, олардың әрекеттерінің нәтижелі болатынына агенттік төрағасы сенімді емес.

Ал «Қазсаттың» ғарыштық байланысын пайдаланушы компаниялардың қаншалықты зиян шеккені жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ. Дегенмен, Қазақстанның cnews.kz сайты, «Қазсаттың» қызметін пайдаланушы «Астел» компаниясының коммерциялық директоры Павел Родиннің жер серігіндегі ақау салдарынан компанияның 50 пайызға жуық тұтынушыларының зиян шеккені туралы ақпаратты жоққа шығармайтынын жазады.

Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Қазақстанда әлемге әйгілі ғарыш айлақтарының бірі болғанымен, соңғы 16 жылда елдің ғарыш саласы іс жүзінде ешқандай жетістікке жетпегенін айтады.

- Ал «Қазсат» - ғарыш саласына жеткілікті мән берілмегенінің көрінісі, - деді Т.Мұсабаев.

«Қазсат» жасанды жер серігін Қазақстанның тапсырысы бойынша Ресейдің Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығында бұдан екі жыл бұрын дайындап шығарған болатын. 2008 жылғы маусымның 16-күні Ресейдің «Интерфакс» агенттігі, Хруничев атындағы орталықтың мамандары «Қазсаттың» жұмысын қалпына келтіруге болады деп отырғаны жайлы ақпарат таратты.

2006 жылы маусымның 18-күні Байқоңырдан ғарышқа ұшырылған жер серігін жасау үшін Қазақстан 65 млн доллар жұмсады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG