Accessibility links

«Тасжарған» газетін сотқа берген азамат редакциямен бітімге келді


Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Маусымның 16-күні сағат 17.30-да Медеу аудандық сотында жалғасқан «Тасжарған» газетіне байланысты cот процесінің үшінші отырысында, екі тарап бейбіт келісімге тоқталды. Әуел баста арызданушы тараптың адвокаты «Тасжарған» газетінде биылғы жылы 13-наурызда шыққан даулы мақалаға байланысты редакцияның басылым бетінде терістеме беруін, одан кейін «осы жариялым кесірінен зардап шеккен Нұрлан Заңғарұлынан кешірім сұрауды» талап еткен болатын.

Дүйсенбі күні жалғасқан сот отырысында судья Венера Тоқтарбаева даулы мақала мазмұнына филологиялық сараптама жасаған «Әділ сөз» қоғамдық қорының маманы Рахиля Даулетбаеваның сөзін тыңдады. Сараптама қорытындысында әлгі мақалада арызданушы Нұрлан Заңғарұлына моральдық зиян тигізетіндей, сонымен қатар, оны даттайтын, мақтайтын немесе жақтайтын мәтіннің жоқ екені айтылған.

Редакциядан газетте терістеме беріп, кешірім сұрауды талап етіп отырған арыз беруші жақ сараптамалық қорытындыдан кейін алғашқы райынан қайтты. Олар «Тасжарған» газетінің тарапынан жасалатын түсініктемеге де келісті. Сондай-ақ, арызданушының тәуелсіз газеттен моральдық шығын ретінде өндіріп алмақ болған 10 миллион теңгесі де төленбейтін болды. Барлық мәселе бейбіт жолмен шешілді.

Сот аяқталған соң «Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай «Азаттық» тілшісіне бұл даулы іске қатысты пікірін былайша білдірді:

- Шындығын айтар болсам, біз бейбіт шешімге келуге мәжбүр болып отырмыз. Соңғы он жылдың ішінде мұндай соттардың талайын көрдік, өзіміздің тәжірибемізге сүйеніп, ешқандай түсініктеме бермей-ақ, аяғына дейін даулассақ та болар еді. Бірақ, оған біздің уақытымыз да, мүмкіндігіміз де шектеулі болып тұр. Дегенмен, осы істе саяси астар барын жоққа шығара алмаймын.

«Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева «Тасжарған» газетінің төңірегінде болып жатқан жағдайға мынадай баға берді:

- Осы іске байланысты материалдармен толық таныстым. Менің білуімше, «Тасжарған» газетіне жарияланған автокөлік сотқа арызданушы Нұрлан Заңғарұлының көлігі емес, оның қолында тек осы машинаны жүргізуге рұқсат беретін сенім хат қана бар. Және Нұрландікіндей сенім хат тағы бірнеше адамда бар көрінеді. Ал оны осылай істеуге біреулер әдейі итермелеп отыр ма, жоқ әлде оның өзі жүрегінің қалауымен арызданып отыр ма, нақты бірдеме деп кесіп айту қиын. Бірақ, осының екеуін де жоққа шығаруға болмайды. Газет бетіне жарияланған материалда арызданушының автокөлігінің суреті ғана жарияланғаны болмаса, оның өз фотосы немесе аты-жөні көрсетілмеген. Моральдық шығын талабына келетін болсақ, 10 миллион ғана емес, Қазақстанда тәуелсіз газеттерден триллион теңге сұрағандар да болды. Заңның осы тұсында да ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан, әрбір адам аузына түскен соманы талап ете алады.

«Тасжарған» газетінде, биылғы наурыз айының 13-күнгі санында орыс тілінде жарияланған редакциялық мақалада, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапидың көлігін қара түсті «БМВ» және «Жигули» маркілі автокөліктердің аңдығаны жазылған еді. Редакция қызметкерлері әлгі «БМВ» автокөлігін суретке түсіріп, оның фотосы да жоғарыда аталған мақаланың тұсына жарияланған болатын.

Ал, сәуір айында «БМВ» көлігінің қожайыны табылып, өз ар-ожданына нұқсан келтірді деген айыппен, моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге талап етіп, «Тасжарған» газетін сотқа берді.
XS
SM
MD
LG