Accessibility links

Баспасөзге шолу. 17.06.2008 жыл


Сейсенбілік газеттерде Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығы және азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемалары, күшті зілзала бола қалған жағдайда Алматы қаласына оның тигізер зардабы мен тұрғындардың ондай қауіп-қатерге дайындығы, сондай-ақ, Ертіс өзенінің қазіргі ахуалы, заң орындары Алматыдағы бір ауданның әкіміне қарсы қылмыстық іс қозғамақ боп жатқаны жөнінде мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» газетінде жарияланған Бейбіт Бөженнің «Ертістің ернеуі төмендеді» деп аталатын мақаласында, Қытайдан Омбыға қарай созылып жатқан Ертіс өзенінің ахуалы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқандығы айтылыпты. Мақалада, павлодарлық экологтардың биыл өзен суы айтарлықтай азайғанын айтып, дабыл қағып жатқаны баяндалыпты. Сондай-ақ, өлшеу шаралары көрсетіп отырғандай, өзен ернеуінің екі метрге төмендегені де жазылыпты.

Сонымен қатар, газеттің бірінші бетінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментіндегі тергеу бөлімі Алматы қалалық ішкі істер департаментімен бірлесіп, бизнесмендерді бопсалауды кәсіпке айналдырған бес адамнан тұратын қарулы қылмыстық топты құрықтағаны айтылыпты. Жедел іздестіру шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі қолға түсіп, олардың қылмыстық әрекеттерін айғақтайтын бұлтартпас деректер табылғаны жазылыпты. Ұсталғандардың ішінде жоғары әскери дайындықтан өткен, әскери әуе десантының бұрынғы қызметкері бар екені хабарланыпты.

«Литер» газетінде жарық көрген редакциялық мақалада Алматы қаласында жер сілкінісі бола қалса, оның зардабының бүкіл Қазақстанға тиетіндігі сөз болыпты. Мақалада келтірілген мамандардың сараптамасына жүгінсек, мұндай жағдайда Қазақстанның ішкі өндіріс өнімі 15 пайызға кеміп, кем дегенде 3 пайыз тұрғынынан айырылады. Сондай-ақ мақалада Әл-Фараби даңғылының бойындағы, Республика алаңының маңындағы, Абай мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы орналасқан үйлердің ең қауіпті жерде тұрғандығы айтылыпты. Егер Алматыда 9 балл шамасында жер сілкінісі бола қалса, қала 500 мың тұрғынынан айырылып, 50 миллиард доллар шығынға батады екен. Сарапшылардың жүргізген сауалнамасының нәтижесінде Алматы қаласының көптеген тұрғындарының жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін білмейтіндігі анықталған. Сонымен қатар мақалада жер сілкінісінің демографияға да кері әсерін тигізетіндігіне қатысты деректер келтіріліпті.

Ал, «Время» газетінің тілшісі Тохнияз Кучуков болса Алматы қаласының прокуратурасы мен Ішкі істер департаменті қаладағы Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаевтың үстінен қылмыстық істің қозғамақ екендігі туралы ақпараттың пайда болғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, аудан әкімшілігінің басшысы «Шаңырақ-1» ықшамауданындағы кәсіпкер Жамал Тәңірбергенованың тұрақ кешенін сүрлеп тастау туралы заңсыз шешім шығарған.

Осы газетке сұхбат берген энергетик Кенжемұрат Дүкенбаев не себептен Алматы қаласындағы электр энергиясы бағасының қымбат екендігіне тоқталыпты. Сондай-ақ «Время» басылымында, Орталық Азиядағы адам құқын қорғау жөніндегі мұсылман комитетінің Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке хат жолдап, студенттердің 1 шілдеден 1 қырқүйекке шейінгі жеңілдіктерінің сақталынып қалуы үшін көмектесіп, қаржы беруге әзір екендіктерін мәлімдегені баяндалыпты.

«Комсомольская правда» газетінің «Қазақстан» қосымшасында Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың Алматы облысы мен қала тұрғындарымен кездескендігі жазылыпты. Негізінен қала тұрғындары министрге қылмыстық істердің ұзаққа созылып, ақыр соңында құрдымға кететіндігіне шағымданған көрінеді.

«Егемен Қазақстан» газетінде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның Қазақстандағы елшісі Николай Селивонды оның өтініші бойынша қабылдағаны айтылыпты. Мақалада, кездесу барысында Қазақстан мен Украина Парламенттерінің алдағы 29 маусым мен 3 шілде аралығында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессиясы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланғаны жазылыпты. Сонымен қатар, Украинаның елшісі жоғары палатаның төрағасын ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 17 сессиясының жұмысына Жоғарғы Рада депутаттарының өкілетті делегациясы қатысатынынан хабардар еткені баяндалыпты.

Ал «Жылыту маусымына дайындық қазірден» деп аталатын мақалада премьер-министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен үкіметтің кезекті селекторлық кеңесінде алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралғаны айтылыпты. Осы тақырып бойынша баяндама жасаған Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың «еліміз бойынша энергетика қуаттарының тапшылығы 200 Мвт/сағатты құрайды» деген сөзі жазылыпты. Селекторлық кеңесте жылыту маусымына дайындық барысында Қазақстанның аймақтарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, электр стансаларын, электр және жылыту желілерін қазірден бастап жөндеуді қолға алу керектігі туралы айтылған мәселелер де баяндалыпты.

«Алматы ақшамы» газетінде азық-түлік дағдарысының басталғанына орай, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың басқаруымен өндіріс басшылары және бизнес өкілдерінен тұратын делегацияның Сарыарқаға сапар шегіп, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басшыларымен азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне орай кездесіп, келісім-шарт жасасып қайтқаны хабарланыпты.

Газеттің үшінші бетіндегі Н.Байсарының «Жаңа жетінші аудан құрылмақ» деп аталатын мақаласында, Алматы әкімі қалаға қосылған кенттердің тұрғын үй құрылысының даму бағдарламасын жан-жақты байыптап қайтқаны жазылыпты. Сондай-ақ, жалпы көлемі шамамен 7564 гектар болатын жетінші ауданның ішіне «Ақ бұлақ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Көкқайнар», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2» және тағы басқа шағын аудандардың кіретіндігі жазылыпты.
XS
SM
MD
LG