Accessibility links

Аштық жариялаушылардың талаптары орындалды


Тұрғын үй үшін аштық жариялаушы алматылық. Көрнекі сурет
Тұрғын үй үшін аштық жариялаушы алматылық. Көрнекі сурет

Алматы қалалық жер бөлімінің арнайы құрылған комиссиясы, қалада бірнеше апта бойы аштық жариялап жатқан 10 адамның баспанасын бұзбау туралы шешім шығарды. Аштық жариялаушылар өз меншігіндегі жылжымайтын мүлікке құрылыс салушы компанияның ұсынған бағасына разы болмай, осыдан бір ай бұрын наразылық акциясын бастаған болатын.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, маусымның 17-күні ақпарат құралдарының өкілдеріне, Алматыда аштық жариялап жатқан тұрғындарды баспаналарынан мәжбүрлеп көшіру жөнінде сот процесінің тоқтатылғанын хабарлады.

- Қазіргі уақытта аштық жариялаушылардың барлық талаптары орындалды: соттан шағымдар алынды, олар өздерінің баспаналарында тұрып жатыр. Алайда олар енді жаңа талаптар қоя бастады. Өздеріне не керек екенін білмейді, - деді әкім орынбасары.

«Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директоры Бейбітхан Қабдрахманов аштық жарияушылармен арадағы келісімнің тоқтатылғанын айтты:

- Аштық жариялаушы тұрғындардың баспаналары сүріліп тасталынбайды. Егер де олар құрылыс компанияларымен келісім-шарт жасасқысы келсе, онда өздерінің еркімен арыз жазып, келісімге отырады. Ал олай болмаған жағдайда, тұрғындар өздерінің баспаналарында баяғыдай тұра береді. Ешкім оларға ешқандай кедергі жасамайды.

«Сити Сервис Инвест Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Талғат Даденов аштық жариялаушылардың барлық талабын орындауға дайын екенін айтады.

- Олар ендігі жағдайда келісімге келіп, аштық жариялау акциясын тоқтатулары керек. Олардың бұл әрекетін түсінбей отырмын. Біз олардың қойып отырған талаптарын орындауға дайынбыз ғой. Менің ойымша, олардың артында біреу тұр. Бір сөзбен айтқанда, аштық жариялаушылар бопсалаумен айналасып отыр, - деді Талғат Даденов.

Алайда аштық жариялаушылардың өздері жоғарыдағы азаматтардың айтқан уәждерімен келіспейді. Олар мәселенің бүгінгі таңда қалай болып жатқандығынан да хабарсыз екенін айтты.

- Олардың қандай шешім шығарғандығынан хабарсызбын. Бірақ, сот шешімдерін қайтарып алған жоқ, себебі үйге соттан қағаздар келіп жатыр. Егер сот шешімдерін қайтарып алмаса, аштық жариялауды жалғастырамыз. Бізге қосылатын адамдар да дайын, - деді аштық жариялаған тұрғындардың бірі Мұрат Қалиев.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы Әмірбек Төгісов аштық жариялаушылардың мүддесі толықтай қаралмай отыр дейді:

- Тұрғындарды 2 жыл бойы әне-міне кетесіңдер деп алдап келді. Ал ұсынып отырғандары «Думан», «Қалқаман» ықшамаудандарындағы баспаналар. «Алматыжер» ММК-ның және қалалық әкімшіліктің басшылары бұл мәселенің байыбына барып, тұрғындардың жағдайын қарастырулары керек.

Алматыдағы Әл-Фараби - Розыбакиев - Қожабеков - Гагарин көшелерінің аумағындағы бірнеше үйдің тұрғындары, мемлекет қажетіне делінген негізбен алынбақ болған өздерінің меншігіндегі жылжымайтын мүлікке құрылыс салушы компанияның ұсынған бағасына келіспеген соң, «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны оларды баспанадан күштеп шығаруды сұрап сотқа шағым түсірген болатын. Бұған наразылық ретінде 16 мамырдан бастап аштық жариялаған 9 адамға маусымның 10-күні аталған аумақта үйлері орналасқан тағы бірнеше адам қосылған еді.
XS
SM
MD
LG