Accessibility links

Кришна қоғамы мен билік ымыраға келе алмай отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алматы облысындағы кришнаиттер.

Алматы облысындағы кришнаиттер.

Алматы облысының Қарасай ауданындағы 47 гектар жерінен айрылған Кришна санасы қоғамы өздеріне билік Алматы облысындағы Іле ауданынан ұсынған кезекті жер телімінен бас тартатындықтарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, «ұсынылған жер ескі бейіттің орны мен қоқыс төгетін жер болғандықтан, ол жерлер игеруге жарамсыз». Адам құқығы мәселесі бойынша сарапшылар биліктің бұл іс-әрекетін «жеке меншікті мемлекеттік әдіспен тартып алу» деп бағалай отырып, Қазақстанда діни бостандық туралы заңға енгізілмек болып жатқан жаңа өзгерістер шын мәнінде «діни бостандықты қамтамасыз ете алмайды» деген ой айтады.

Ресми билік Кришна қоғамының Алматы облысының Қарасай ауданындағы 47 гектар жерін сот шешімімен алып, кришналықтардың сол жерде тұрғызған бірнеше үйін бұзған соң бұл даулы іске халықаралық қауымдастықтың араласып, жергілікті өкімет Кришна санасы қоғамына басқа жерден жер телімдерін беру туралы шешім қабылдаған болатын. Одан соң билік Кришналықтарға Іле ауданынан екі гектар жер телімін ұсынған еді, алайда кришналықтар «ол жер суы жоқ шөл дала, әрі қаладан алыс» деп бас тартты. Енді биліктің тағы да ұсынған басқа жер телімін де кришналықтар шаруашылыққа жарамсыз деп отыр.

- Соңғы кезде билік біздің осы жерді таңдауымызды талап етіп, қыспаққа алып жатыр. Тіпті олар «бір күннің ішінде барлығын бітіреміз, қажет құжаттарыңды да бір күнде реттеп береміз, біз Астанаға есеп беруіміз керек» деп отыр. Ол жер игеруге жарамсыз, ескі бейіттің орны және қасында қоқыс төгіп жатқан жер екен. Бізге сол жердің архитекторы да «ол жерді қазбаңдар, астынан адам сүйектері шығуы мүмкін» деп ескертіп кетті. Сондықтан біз ұсынып отырған бұл жерден бас тартамыз. Ал олардың асығып отыруының себебі: ай соңында Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елдерінің парламенттік ассамблеясы қарсаңында шетелдік елшілік өкілдерінің алдында «бізде діни бостандық бар» деп есеп бергісі кеп отырған сияқты, - дейді Кришна санасы қоғамының баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев.

Варфоломеев бұрын Қарасай ауданында өздері иемденген 47 гектар жерді билік сот арқылы кері қайтарып алу туралы шешім шығарғанда «жерді алғашқы сатып алғанда жалған құжаттар пайдаланғансыңдар» деген сылтауды айтылғанын еске алады.

- Бірақ сот барысында ондай жалған құжаттардың болғаны анықталмады және ондай қылмыстық іс қозғалған да жоқ. Кришна санасы қоғамы ол жерді заңды түрде сатып алып, жекешелендірген болатын. Қазір ол жердің нарықтық құны бірнеше миллион доллардай болады және ол жер Қазақстан мен Орта Азиядағы Кришна дінінің орталығы еді, - дейді М.Варфоломеев.

Кришна санасы қоғамының баспасөз хатшысы Қазақстан парламентінде талқыланып жатқан «Діни бостандық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасы ешқандай да діни бостандық бермейді деген ойын айтады.

Кришналықтардың билікпен арасындағы жер дауы туралы мәселеге байланысты Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис былай дейді:

- Жерге деген жеке меншік үшін таласта Кришна дініне қарсы күресті пайдалану байқалады. Ол жерлерде кришналықтардың салған үйлері, храмдары, сиыр фермасы бар. Қазір әлдеқандай ықпалды топ өкілдері сол жерлерді өзіне алғысы келетін сияқты. Өкінішке қарай, әлеуметтік-экономикалық талас діни сипат пен адам құқықтарын бұзу сияқты реңк алып барады. Себебі, онда қандай да діни сипат та барлығы аян.

Қарасай ауданындағы бұзылған үйлері үшін биліктен ешқандай да төлемақы алмаған Кришналықтар осы дауда билікпен қандай да бір ымыраға келуден үміт үзбей отыр.
XS
SM
MD
LG