Accessibility links

Баспасөзге шолу. 18.06.2008 жыл

  • Нәйла СҰЛТАН

Сәрсенбі күні жарық көрген басылым беттерінде мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру, өз меншігіндегі жылжымайтын мүлікке құрылыс компаниясының ұсынған бағасына разы болмай, наразылық акциясын бастаған аштық жариялаушылар, үкіметтен араша сұраған үлескерлер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысты мақалалар басылыпты.

«Время» газетінің тілшісі Мадина Аимбетованың мақаласында, 2008 жылдың 12 маусымында Алматы қалалық жер бөлімінің арнайы құрылған комиссиясының қаладағы Әл-Фараби - Розыбакиев - Қожабеков - Гагарин көшелерінде тұратын 10 адамның баспанасы бұзылмасын деп шығарған шешіміне осыдан 1 ай бұрын Алматыда аштық жариялап наразылық акциясын бастағандардың разы еместігі айтылған. Мақалада аштық жариялаушылардың талабы, оларды мәжбүрлеп көшіру жөніндегі сот шағымдары мен сот процесінің тоқтатылуы, сондай-ақ «Сити Сервис Инвест Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен конструктивті мәмілеге келу мәселелері айтылыпты. Сондай-ақ мақалада аштық жариялаушылар талабы орындалмаған жағдайда, өлердегі хатын мемлекеттік мекемелерге де жазып жібермекші екендігі туралы мәлімдеме жасағандығы баяндалған.

«Егемен Қазақстан» газетінде, журналист Әлисұлтан Құланбайдың «Алаңдаушылыққа еш негіз жоқ» деген мақаласында, үлескерлер мәселесі туралы жазылыпты. Мақалада, үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан баспаналар шартты түрде үш топқа - біріншісі, проблемалық, яғни соттың қарауын, мемлекет тарапынан айрықша көзқарасты талап ететіндер, екіншісі, дербес түрде аяқтап жатқандар, үшіншісі, мемлекеттік қолдауды талап ететіндер болып болып бөлінетіндігі сөз болыпты. Проблемалықтардың қатарында құрылысына Алматы мен Астанада 6,5 мыңнан астам адам қаржы салған 33 нысан бар екені туралы, сондай-ақ үлестік құрылыстарға қолдау білдіру үшін 104 миллиард теңге бөлу көзделгендігі жазылған.

«Айқын» газетінде жарияланған Қайыржан Төрежанның мақаласында, ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы бойынша мемлекеттік органдардағы жасалған 41 жемқорлық оқиғаларын анықтап, 43 лауазымды қызметкерді жауапқа тартқандығы туралы жазылған. Мақалада, парақорлықтың тізіміне ілінген 38 мемлекеттік және құқық органдары қызметкерлерінің істеген істеріне қарай жемқорлық бабының әртүрлі тармақтары бойынша 35 қылмыстық іс қозғалғандығы айтылған. Сондай-ақ, миллиондап пара алып, қолға түскен лауазымды қызметкерлердің де ұсталғандығы жазылған.

Газеттің осы санындағы «Жемқорлықпен күрес талқыланды» деген мақалада тілші Жолдасбек Дуанабай Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің төрағалық етуімен жемқорлықа қарсы күрес мәселелі бойынша Алматы өңірлік комиссиясының кеңейтілген мәжілісінің өткендігін жазған. Мақалада, соңғы 3 жылда прокурорлық тексеруден соң бір мыңнан астам жемқорлықпен байланысты қылмыс ашылғандығы, сондай-ақ 50 шақты қылмыстық іс қозғалып, 1100 лауазымды қызметкердің тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы айтылыпты.

Литер» басылымы, «Мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру» деген мақалада Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Президент әкімшілігі мен үкіметке елде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасының жасалуын, сондай-ақ саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтердің аражігін ажыратып алуды дұрыстап алу керек деген сөзін келтіріпті. Сондай-ақ ол, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен кадрлар саясатының мәртебесін артыру үшін, ұлттық комиссияның құрылатындығын, агенттік қасынан мемлекеттік қызметшілер құрамын басқару бойынша Ұлттық орталық құру қажет деген ойын айтыпты.

Ал «Экспресс К» басылымының тілшісі Владислав Шпаковтың «Б-дан А-ға дейінгі Отан» деген мақаласында, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметке қатысты халықаралық тәжірибеде АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия және Оңтүстік Азия елдерінің үлгілерін зерделеу керектігін айтқаны баяндалыпты. Сондай-ақ мақалада, мемлекеттік қызметтің мәртебесін нығайту, ондағы қағидаттарды қайта қарап, адалдық пен тиімділік ұстанымдарды негіз ету, өзгерістерге лайық құрылымдарды және мемлекеттік қызметтің қазіргі қолданыстағы моделін тағы бір таразылау туралы жазылған.
XS
SM
MD
LG