Accessibility links

Президент Назарбаев дүниеге келген күн ұлттық мереке ретінде белгіленуі мүмкін


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Шілденің 6-сын күнтізбеде Астана күні деп атап, мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні етіп белгілеу туралы ұсыныс Мәжілістен сенатқа көшті. Бұл күн сондай-ақ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты бір ауыздан қолдаған. Осыған орай ұйымдастырылған маусымның 20 күнгі парламент отырысында мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Астана қаласын Нұрсұлтан деп өзгертейік деген ұсынысты тағы көтерді. 5 маусым күні парламент мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаев парламенттің мәжілісінің жалпы отырысында премьер Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында Астана қаласын Нұрсұлтан деп өзгертейік деген мәлімдеме жасаған-ды.

18-маусым күні Парламент мәжілісінің жалпы отырысында ҚР әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов «Мерекелер туралы» заңға шілденің 6-сын Астана күні деп атап, мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні етіп белгілеу жайында өзгеріс енгізуді ұсынды.

«Егерде толықтырулар туралы заң жобасы тез қабылданса, 6 шілде биылғы жылдың өзінде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілуі мүмкін», деді парламенттегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхаметжанов.

Астана күні 6 шілде - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Оның Астана күні тұспа-тұс келуін Мәжіліс депутаты Рамазан Сарпеков кездейсоқтық дейді. Кезінде жеті жыл бойы Астана әкімінің орынбасары болған Сенат депутаты Төлеген Мұхаметжанов 6 шілде тарихи күн боп қалады деген пікір білдірді. Астана тұрғыны Әселім Рамазанова бұл мереке көлемді шығынға түсетінін, оның пайдасы болмайтынын айтады.

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Астана қаласын Нұрсұлтан деп өзгертейік деген ұсынысты тағы да көтерді. Биыл 5 маусым күні парламент мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаев мәжілістің жалпы отырысында премьер Кәрім Мәсімовке жіберген депутаттық сауалында Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс білдірген болатын. Сенат депутаты Төлеген Мұхаметжанов болса қала атауын өзгертуге әлі ерте деп есептейді.

Биылғы жылы 6 шілдеде, яғни президент Назарбаевтың туған күні, Қазақстан астанасының 10 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі.
XS
SM
MD
LG