Accessibility links

Қазақстанда сүт безінің қатерлі ісігі жылына мың жарым әйелдің өмірін қияды

  • Нәйла СҰЛТАН

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2007 жылы әлемде қатерлі ісікпен ауыратын әйелдердің саны бір жарым миллионға жеткен. Қазақстанда қатерлі ісік аурулардың ішінде сүт безінің ісігі бірінші орынға шығып отыр. Елде жыл сайын 3000-нан астам әйел осы ауруға шалдықса, дерт салдарынан 1500-ге жуық адам көз жұмады. Мамандар бұл дерттің асқынуына негізгі себеп - әйелдердің дәрігерге кеш қаралуы дейді.

Алматыдан 50 шақырым жердегі ауылда тұратын 30 жасар Гүлбаршын өзінің сүт безінің қатерлі ісік ауруына шалдыққанын байқамай жүре бергенін айтады. Емханадағы дәрігерлік тексеруде оның бойындағы асқынып бара жатқан дертті кездейсоқ анықтаған маммолог Гүлбаршынды дереу операцияға жіберіпті.

- Сүт безі қатерлі ісігінің кеудеме шыққанына біраз уақыт болыпты. Нақты қай уақытта екенін білмеймін. Мен осыған дейін арнайы тексерістен өткенім жоқ, - дейді Гүлбаршын.

Мамандар сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтынын, дерттің алдын-алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұру қажеттігін ескертеді. Егер дертті дер кезінде анықтағанда бүгінгідей халге ұшырамас едім дейді Гүлбаршын:

- Сүт безіне суық тиіпті де, кеудемде зақым (киста) пайда болыпты. Бойжеткендер, келіншектер кеудесін жиі тексертіп тұрғаны абзал. Дертті асқындырып алмай, дәрігерге бастапқы сатысында келген дұрыс екен.

Қатерлі дертке шалдыққандардың тағы бірі Майра да ауруы асқынған кезде дәрігерге жүгініпті. Ол тұрмыс жағдайының төмендігінен дер кезінде ем алуға мүмкіндігі болмағанын айтып, өкінішімен бөлісті:

- Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болғанына 1 ай болған кезде дәрігерге келдім. Маммолог мамандар тексеріп, мендегі дерттің өте қатерлі түрін анықтап, дереу операция жасамаса, басқа ағзаларға өтіп кетеді деді. Операция сәтті аяқталды, қазіргі жағдайым жақсы.

Маммолог мамандардың айтуынша, дертке шалдыққан әйелдердің жартысынан астамы ауру асқынған кезінде, яғни, 3-і және 4-ші сатысында ғана ем алуға келеді екен.

- Әйелдер сүт безінің қатерлі ісігіне шалдықпас үшін ай сайын маммолог мамандарға тексеріліп отыруы қажет. Әрбір әйел күнде айнаның алдында қолымен кеудесін сипалай отырып, омырауында қандай да бір өзгерістің бар-жоғын бақылауы керек. Егер қандай да бір өзгерістерді байқап, сезіктенсе, дереу мамандарға жүгінгені дұрыс, - дейді Алматы қалалық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Байжан Дүйсенғалиев.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда ұрпақ өрбітуге қабілетті әйелдердің 80 пайызға жуығы сүт безі ісігіне шалдығып отырғанын айтты:

- Ісіктің өзі қатерлі және қатерсіз болып екіге бөлінеді. Бұл дерттің 90 пайызы қатерсіз ісіктер. Оның асқынған, асқынбағанын тек функция жасап, оны цитологиядан өткізу арқылы анықтап білеміз. Егер цитология қатерлі ісік деп тапса, онда ол адамды дереу есепке алып, мәлімдеме жасаймыз. Ол ауру мемлекеттік бақылауға алынғаннан кейін, оны диспансерге емделуге жібереміз.

Маммолог мамандардың айтуынша, сүт безінің қатерлі ісік ауруының кеудеде пайда болғанын әйелдер айлап, жылдап сезінбейтін көрінеді. Басқа ісік ауруларына қарағанда ол жанға батып ауырмайды екен.

Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін «Шипалы Азия» қоғамдық қорының вице-президенті Аршагүл Тойбаеваның айтуынша, қатерлі аурулардың ішінде сүт безінің ісігі бірінші орынға шығып отыр. Дерттің бұлайша тарауына басты себеп - елдің экологиялық ахуалы. Оған қоса ауруды уақытында анықтауға кадр тапшылығы да қолбайлау болып тұр екен.

- Қазақстанда жылына осы дертпен 3 мың әйел ауыратын болса, оның тең жарымынан астамы осы дерттен көз жұмып отырады. Бұл өте қатерлі, қорқынышты көрсеткіш. Оны түзету үшін аурудың алдын алу керек. Қазақстан бойынша небары 44 маммолог кадр ғана бар. Ол мамандар қалада тапшы болып тұрғанда, ауылдағы әйелдердің жағдайы не болмақ? – дейді А.Тойбаева.
XS
SM
MD
LG