Accessibility links

Жақсыбек Құлекеевтің қорғаушысы істен шеттетілді

  • Нәйла СҰЛТАН

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Құлекеевтің қорғаушысы Салимжан Мусин өзінің қорғаушы ретінде тергеу жұмыстарынан шеттетілгенін, ол туралы өзіне ешкімнің арнайы хабарламағанын айтып отыр. Бұл шешімді экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің оперативті тергеу тобының бастығы майор Д. С. Орманбетов қабылдаған.

Қорғаушы Салимжан Мусин, өзінің тергеу амалдарынан шеттетілгенін заңсыз деп отыр:

- Осы уақытқа дейін ешкім маған арнайы келіп, Жақсыбек Кұлекеев мырзаның қорғаушысы ретінде істен шеттетілгенімді хабарлаған жоқ. Маусымның 16-сі күні маған Жақсыбектің зайыбы телефон шалып, менің қорғаушылық қызметіммен ендігі кезекте әріптесім Болат Исатаевтың айналысатынын айтты. Алаңдап отырғаным, тергеу жұмыстарының тым созылып кетуі. 2008 жылдың 1 шілдесіне дейін іс шешілуі керек еді. Алайда оның алға жылжитын түрі жоқ, - деді С.Мусин маусымның 24-күні Алматыда журналистер үшін арнайы өткізген баспасөз маслихатьында.

Сондай-ақ ол өзінің қорғаушылық қызметте заң талаптарын орындағанын айтып, әлгіндей шұғыл шешімнің неге аяқасты болғанына таңданыс білдірді:

- Менің әріптесім қорғаушы Болат Исатаев, 16 маусым күні кешкі сағат 9-дар шамасында тергеу амалдарын бастап кетіпті. Оның бұл бастамасы қаржы полициясына және оперативті топқа ұнаған. Әрине, ол жұмыстардың барлығы Жақсыбек Кұлекеевсіз жасалынған. Алайда мен бақылаған 8 күннің ішінде ешқандай тергеу жұмыстарына Жақсыбек Кұлекеев араласпаған.

Салимжан Мусин өзінің тергеуші майор Д. С. Орманбетовке бірнеше рет хабарласып, істің нақтылығына көз жеткізуге талпынған әрекеті нәтижесіз болғандығын айтты. Сондай-ақ ол өзі атқарған жұмысқа қаржы полициясының мін тағып отырғанын хабарлады:

- Қаржы полициясының тергеу департаментінің бастығы Владимир Андреев төмендегі хат арқылы менің қорғаушылық қызметіме баға беріпті: «Қорғаушы Салимжан Мусин, Жақсыбек Кұлекеевке қатысты істе тергеу амалдарын жасаудан бірнеше рет бас тартты. Неге екені белгісіз қорғаушы түсініксіз себеппен қылмыстық істі созып отыр» делінген хатта.

Осы мәселеге қатысты экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің оперативті тергеу тобының бастығы майор Д. С. Орманбетовке, қаржы полициясының тергеу департаментінің бастығы Владимир Андреевке хабарласқанымызбен сауалымызға еш жауап ала алмадық.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Құлекеев 2008 жылы сәуірдің 1-і күні кешкі сағат тоғыз шамасында 100 мың доллар пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Оның қорғаушысы С.Мусин әлдекімдер Құлекеевке қарсы арандату оқиғасын әдейі ұйымдастырған деп мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG