Accessibility links

Нашақорлық ұлт денсаулығына қауіп төндіріп тұр


Маусымның 26-ы күні Халықаралық нашақорлықпен күрес күні. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда нашақорлық ұлт денсаулығына қауіп төндіріп тұрған өзекті мәселеге айналды. Елдің геосаяси жағдайының ерекшеліктері, заңның әлсіздігі және т.б. жағдайлар нашақорлықтың әрі қарай өсуіне қолайлы жағдай туғызып отыр.

Алматы қаласының тұрғыны Настя Евгеньева нашақорлықтың құрығына жастай ілінген жандардың бірі. Настяның айтуынша, айналасындағы ортаның ықпалымен есірткіге тәуелді болып қалғанын өзі де байқамаған. Ең алғаш денесіне инемен есірткі салған кезде оның жасы 14-ке де жетпепті. Қазір 25 жасқа келген Настя нашаға тәуелді болып өткен жылдарына өкінеді.

- Кез-келген нашақор бұған өкінеді. Кез-келген нашақор емделгісі келеді, - дейді ол.

Настяны ата-анасы Алматы қаласындағы наркологиялық емдеу орталығына осыдан екі күн бұрын әкеліпті. Алғашында ем алғысы келмеген ол енді ғана емделуге ыңғай танытып отыр.

- Мені бұл жерге анам күштеп әкелді. Қазір мен өз еркіммен емделіп жатырмын.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ресми тіркелген нашақорлар саны 57 мың адамға жеткен. Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Александр Катков тәуелсіз жүргізілген зерттеулер қорытындысы ресми көрсеткіштен шамамен 5 есеге көп екенін байқатты дейді:

- Қазіргі күнде героинға тәуелді кемінде 100 мың инъекциялық есірткі тұтынушы бар. Бұған өзге есірткі түрлерін пайдаланатын 120-130 мың тұтынушыны қосыңыз. Барлығын қосқанда 230-250 мың адамға жетеді.

Орталық директорының айтуынша, нашақорлардың емделуден бас тартуының себебі - олар арнайы тіркеуден өтіп, құқық қорғау органдарының назарына ілінгісі келмейді. Сондықтан, мамандар наркологиялық көмекке мұқтаж адамдарға қатысты жазалау шараларын емес, оларға медициналық жәрдемді күшейтуді көздейтін заң қабылдауды ұсынады.

- «Наркологиялық көмек туралы заң» қабылдануы тиіс. Онда емделуші адамның құқықтары жазылуы керек. Егер бұл ережелер сақталатын болса, нашаға тәуелді адамдар емделуден қорықпайтын еді, - дейді нарколог Александр Катков.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда нашақорлар саны бойынша Алматы мен Павлодар қалалары алдыңғы орында, сондай ақ, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында есірткіге тәуелді жандар қатары көбейіп келеді. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес бөлімі бастығының орынбасары Ғазиз Мағзамбековтың айтуынша, Алматы қаласы аймақтағы есірткі саудасына қолайлы қалалардың бірі болып саналады.

- Алматы қаласына есірткі негізінен көрші мемлекеттерден: Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келеді. Бұл елдерге есірткі негізінен Ауғанстаннан тасымалданады, - дейді ол.

Сарапшылар пікірімен қорытынды жасай кетсек, Қазақстанда есірткіні тұтыну ахуалы әзірге күрделі мәселе болып қалуда. Нашақорлықтың жастар дертіне айналып бара жатқаны да мамандарды алаңдатып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл кеселге шалдығатындардың орташа жас мөлшері шамамен 17 жасты құрайды екен. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, нашақорлық елдегі ВИЧ-инфекциясының кеңінен таралуына жол ашып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG