Accessibility links

Алматыда еңбек мигранттарын қолдау орталығы ашылды

  • Нәйла СҰЛТАН

АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі мен Орталық Азияның Еуразия қоры қаржыландырып отырған бұл орталық Алматыда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтарға құқықтық жәрдем бермек. Ресми мәліметтер бойынша, қазір Қазақстанда тіркеуде тұрған 100 мыңға жуық еңбек мигранттарының 80 пайыздан астамы ТМД елдерінен келгендер.

Қырғызстаннан Қазақстанға осыдан 3 ай бұрын жұмыс іздеп келген 38-жасар Арсланның негізгі мамандығы мұғалім. Алайда, Арслан қазір мұнда өзі сияқты 5-6 жігітпен бірге, Алматының орталық аудандарының бірінде құрылыста жұмыс істеп жүр:

- Менің Қазақстанға келіп жұмыс жасап жүргеніме 3 ай болды. Жұмысымның көлеміне қарай жалақы аламын. Әрқалай, мәселен, 1 айда 40 мыңнан 70 мың теңгеге дейін табамын. Бастығым да бізбен жақсы қарым-қатынаста. Жағдайым жаман емес. Қырғызстанда жұмыс жоқ, егістікпен ғана айналысуға болады, бірақ оның да жағдайы мәз емес. Құрылыс мүлдем тоқтап қалған. Ол жерде өмір қиын, жұмыс жоқ. Алайда қол қусырып отыруға тағы болмайды, бала-шағаны асырау керек қой.

Қазақстанға кәсіп іздеп келген еңбек мигранттары құқық органдарының назарына жиі ілігіп жатады. Кей жағдайда олар Қазақстанның заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып жатса, кей жағдайларда, заңды өкілеттігін асыра пайдаланып, шетелдік азаматтарға әлімжеттік жасайтындар да кездеседі.

Қазақстанға заңсыз келген, есімін айтудан бас тартқан тәжікстандық мына бір азамат Алматының орталық көк базарында сауда жасайды. Ол бұл елге заңсыз келгеннен кейін, өз құқығының жиі бұзылатынына ешқайда шағымдана алмайтынын айтады:

- Біз базарда ертеден кешке дейін тұрамыз. Тапқанымызды полиция қызметкерлері апта сайын 2 мәрте келіп, алып отырады. Көп жағдайда жұмыс іздеп келген тәжікстандық азаматтар осындай жағдайға байланысты, Ресейге болмаса кері елге қайтып жатады.

Осы тәжік азаматы сияқты құқығы тапталған еңбек мигранттарына қолдау көрсету мақсатында Алматыда арнайы орталық ашылып жұмыс істей бастады. Орталықтың өкілі Асқар Күшкүмбаев, орталықтың басты міндеті – Қазақстанға заңды және заңсыз жолдармен келіп жатқан еңбек мигранттарының құқықтары мен мүдделерін қорғау дейді:

- Көрші Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келген еңбек мигранттарына құқықтық көмек көрсетеміз. Олардың проблемаларымен жергілікті бұқаралық ұйымдарда жұмыс істейміз.

Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасының өкілі Ринат Қойшыбаев қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркеуде 100 мыңға тарта еңбек мигранттары тұрғанын айтады:

- Бүгінгі шетелден келіп тіркеуде тұрған еңбек мигранттары 98553 болса, оның 80671-і ТМД елдерінен келгендер. Бұл тіркеуде тұрғандар, тіркеуде тұрмағандардың санын білмейміз.

Былтырдан бері Қазақстанда шетелдік еңбек мигранттарына қолдау орталықтары Шымкент, Ақтау және Петропавл қалаларында құрылып жұмыс істеп жатыр. Алматыда жаңадан ашылып отырған еңбек мигранттарын қолдау орталығы Қарасай батыр көшесіндегі 85-ші үйдің 315-бөлмесінде, Сейфуллин көшесінің қиылысында орналасқан. Орталықта екі заңгер және ақпараттық топ еңбек миграциясы мәселесі жөнінде 272-11-59 телефоны бойынша азаматтарға тегін заңдық көмек, кеңес береді.
XS
SM
MD
LG