Accessibility links

Астанада әйелдердің Еуразиялық екінші саммиті басталды


Қазақстанда осы уақытқа дейін «Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіншіліктері және тең құқығы туралы» заң жоқ. Бұл туралы Астанада маусымның 25 күні жұмысын бастаған әйелдердің Еуразиялық екінші саммиті барысында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева хабарлады. Ал, Қазақстанның тұңғыш президенті қорының төрайымы Дариға Назарбаева әлемді ерлер басқарып тұр, себебі заңдарды жасайтын солар деді.

Әйелдердің Еуразиялық екінші саммитінің ұйымдастырушысы Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаеваның айтуынша, осы уақытқа дейін әртүрлі деңгейлерде мәселе көтерілгеніне қарамастан парламентте «Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіншіліктері және тең құқығы туралы» заң қабылданбай келеді.

- Жоба 2006 жылы парламенттің жобаларды қарау кестесіне алынған. Бірақ, ерлер немесе өзге күштер басымдырақ болып кетті, - дейді ол.

Сәрсенбаеваның айтуынша, осының кесірінен 2006 жылдан бастау алатын 10 жылға көзделген Гендерлік теңдік туралы стратегия тек қағаз жүзінде қалып отыр. Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың қаулысымен бекітілген осы құжатқа сәйкес, биліктегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу жоспарланған. Осыған орай саясаткер әйелдерді дайындайтын, сайлау компанияларына қатысуды үйрететін жалпыұлттық жүйе ұйымдастыру алға қойылған.

Әділет министрі Зағипа Балиеваның пікірінше, заңдар жынысқа бөлінбей ортақ қабылданады.

- Бірақ, арнайы заң жоқ екендігі рас, - деді ол.

Қазақстан президентінің қызы, елдің тұңғыш президенті қорының төрайымы Дариға Назарбаева Қазақстанда гендерлік саясатқа шағымдану күнә дейді.

- Бірақ, бұл жерде әйелдердің мемлекеттік шешім қабылдайтын мемлекеттік органдарды басқаруға қол жеткізуі жайлы сөз қозғалып отыр. Біз неге әлемдік ерлер басқарып келеді деп айтамыз. Себебі, ерлер заңдарды шығарып келеді, - деді ол.

Журналистер президенттің үлкен қызына: «егер елде парламент сайлауы болса қатысасыз ба» деген сауал қойды.

- Жақын болашақта парламент сайлауына қатыспаймын, маған бір партиялық парламент ұнамайды, - деп жауап берді Д.Назарбаева.

Үкіметте былтыр болған бірнеше әйел министрден жалғыз қалған Әділет министрі Зағипа Балиева әйелдерді билікке қатыстыру үшін қолдау көрсету керек деген пікір білдірді.

Саммит делегаты «Оралған отандастар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лашын Боханқызының айтуынша, әйелдердің саясатқа араласуы орынды.

- Бірақ, ұрпақ тәрбиесін ұмытпау керек, - дейді ол.

Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы таратқан мәліметке сейкес, елдегі әйелдердің басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тамақтандыру, мәдениет және қаржы саласында жұмыс істейді. Ал, ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жоғары немесе арнайы оқу орындарын бітірген әйелдер саны ерлерді басып озған. Елде ғылыммен айналысатын әйелдер қатары да жыл өткен сайын артып келе жатыр деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG