Accessibility links

Алматыда қазақ ұлтшылдары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісін еске алды


Сәрсенбі күні Алматыда қазақ ұлттық-патриоттық қоғамдық қозғалыстардың бір топ өкілдері 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс құрбандарын еске алу рәсімін өткізіп, сол көтерілістің көсемдерінің бірі - Амангелді Имановтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, шағын митинг өткізді. Шараны ұйымдастырушылар митингі атынан қазақ елінің азаматтары мен Қазақстан Республикасының парламентіне үндеу қабылдап, онда 25-ші маусымды – Ұлт-азаттық күрескерлер күні ретінде Республика деңгейінде атап өтуді ұсынды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс көсемдерінің бірі Амангелді Имановқа Алматыда орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойып, жалпы ұлт-азаттық көтеріліс құрбандарына тағзым етуге келген елу шақты азаматтың дені зейнеткерлер. Арасында «Ұлт тағдыры», «Азат», «Желтоқсан» сияқты ұлттық-патриоттық қоғамдық қозғалыс өкілдері де бар. Осы өкізіліп жатқан шара туралы «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалыс жетекшілерінің бірі Дос Көшім былай деді:

- Мұндай шараны біз үшінші жыл өткізіп отырмыз. Жалпы кез-келген ұлттық мемлекетте ұлттың тарихына, салт-дәстүріне байланысты мейрамдар сол ұлттың мемлекеттік мейрамына айналуы керек. Өкінішке қарай, бір де бір қазақ ұлтының мейрамы мемлекеттік мейрамға айналмай отыр. Керек десеңіз, Астананың он жылдығына байланысты мерекені Республикалық мерекеге айналдырайын деп отыр. Бірақ, қазақ тарихында үлкен-үлкен айтулы істер бар, олардың негізгісі - біздің Ұлт-азаттық үшін күрескен 300 жылымыз! Қаншама батырларымыз, осы отаршылықтың езгісінен құтыламыз деген қаншама хандарымыздың басы кетті. Біз солардың әруағына басымызды имей тұрып, қалай қазақ елін құрмақпыз?! Сондықтан біз жастарға патриоттық тәрбие үшін, міндетті түрде Ұлт-азаттық күрескерлер күнін атап өтуіміз керек. Бұл біздің парламентке деген өтінішіміз.

Ескерткішке гүл шоғын қою рәсімінен кейін Ұлт-азаттық көтерілісі құрбандарының рухтарына бағыштап құран оқылды. Тағзым шарасы митингіге жалғасып, шешендер өткен-кеткен, осы күнгі саясат туралы өз ойларын ортаға салып, қортындысында қазақ елінің азаматтары мен Қазақстан Республикасының парламентіне үндеу қабылдады.Онда 25-маусымды Ұлт-азаттық күрескерлер күні ретінде республика деңгейінде атап өтуді сұрайтындықтарын мәлімдеді.

- Егер Парламент мереке туралы біздің мұндай ұсынысымызды қабылдамаса да, қазақ халқы осы мерекені атап өтуге міндетті. Бүгін елу адам шықса, келесі жылы мың адам, одан соң он мың адам шығар... Сол уақытта, мүмкін, билік түсінетін шығар, «шындығында да халықтық мейрам бар екен, ол республикалық мейрамға айналуы керек» дер. Одан басқа екінші бір азалы күн болып, қазақтың күнтізбесіне кіретін мәселе – қазақтың тең жартысынан көбін алып кеткен ашаршылық жылы. Бұл да біздің тарихымызда қалмаған сияқты. Сондықтан да, осы екі мейрамды республикалық деңгейде атап өтіп, әруақтарға тағзым ету біздердің азаматтық, ұлттық міндетіміз деп ойлаймын, - дейді Дос Көшім.

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалыс мүшелерінің бірі, тарихшы Бейбіт Қойшыбай:

- 25-ші маусым 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерліске түрткі болған күн. Себебі, патша сол күні өзінің атақты «бұратана халықтардың жасы 19 бен 43 аралығындағы азаматтарын бірінші дүние жүзілік соғыс қажеттігі үшін тылдағы қара жұмысқа жаппай алдыру туралы» жарлығына қол қойды. Сол жарлық кейін үлкен Ұлт-азаттық қозғалысқа серпін берді. Өйткені, ол барлық бұратана халықты менсінбеушілік еді. Көтеріліс басталып кетті. Рас, «Алаш» зиялылары ол көтерілісті қолдамады. Себебі, олар сол кездегі елдің жағдайын білетін, патшалық режим оларды аяусыз жаншып тастайтынын білген. Бірақ, осыған дейін ширыққан барлық әлеуметтік-экономикалық жағдай, езгі, қанауға әлгі жарлық тамшы боп қосылып, көтеріліс басталып кетті. Сол көтеріліс империяның құлауына серпін берді. Әрине, империяның құлауына көп факторлар себеп болды, сол факторлардың біреуі осы Орта Азияны жайлаған Ұлт-азаттық көтеріліс еді.

Митингіде сөйлеген шешендер, «Ресей империясының бодандығынан азат жолында қазақтар 300-дей Ұлт-азаттық көтеріліске шықса, солардың жалғасы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі партия-кеңес қызыл империясын құлатуға серпін берді. Ал осыдан екі жыл бұрын Алматы маңайындағы «Шаңырақ», «Бақай» елді мекендеріндегі толқулар да сол ұлт-азаттық қозғалыстың жалғасы» деп те айтып, бір сағаттан астам уақыттан соң тарқасты.
XS
SM
MD
LG