Accessibility links

Баспасөзге шолу. 25.06.2008 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда «Нұрбанк» оқиғасы бойынша Алматы полициясының бұрынғы басшыларына қарсы қылмыстық істің тоқтатылғаны, Астанада өткен қазақстандық және америкалық кәсіпкерлердің форумы жұмысы жайында, cондай-ақ, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ішкі саясат пен идеологиялық жұмыс мәселелері бойынша жиын өткізгені туралы мақалалар жарияланыпты.

«Тасжарған» газетіндегі «СОБР соттан құтылды» деген мақалада өткен жылғы қаңтардың 31-інде Алматы қаласындағы «Нұрбанктің» бас кеңсесіне «шабуыл жасады-мыс» деген айыппен қамауға алынып, кейін әртүрлі мерзімге сотталған, сол кездегі Алматы қаласы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Самалихов пен полицияның арнайы жедел тобының командирі болған Болат Қадырғожаевқа қатысты істі қараған Жоғарғы Соттың бақылау алқасы аталған істің қылмыстық құрамы жоқ деп тауып, қысқартқаны хабарланыпты. «Банктың тоғызыншы қабатында Рахат Әлиевтің бандасының қолында отырған Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың тағдырына араша түсуге барып, абақтыға қамалған жазықсыз жігіттер, ақыры, ақталып шықты. Жоғарғы Соттың алқасы «Нұрбанкке» ешқандай шабуыл болған жоқ деген тұжырым жасады. Қазақстанның сот тарихында сирек кездесетін бұл жағдайды Жоғарғы Соттың әділдігінен гөрі, олардың жалғыз тағайындаушысының еркіндегі іс деп қараған жөн. Әйтпесе, аудандық сотта-ақ ақиқаты белгілі болған істі осы уақытқа дейін созудың қажеті бар ма еді? Әлде соттың төменгі сатысында «сауатсыздар» отырғаны ма?» деп жазыпты «Тасжарған» басылымы.

«Время» газеті болса, Жоғарғы Соттың шешімінен кейін Нұрлан Самалихов пен Болат Қадырғожаевтың өздері істі болғанға дейін атқарған қызметтеріне қайтадан орналасуы мүмкін екендігі туралы жазыпты. «Егер ол екеуі тиісті рапорт жазатын болса, Алматы қалалық ішкі істер департаменті оларды бұрынғы жұмысқа қабылдауға әзір» депті департаменттің бастығы генерал Ерлан Тұрғымбаев.

«Айқын» газетіндегі «Америкалық кәсіпкерлердің күдігі бар» деп аталатын мақалада кеше Астанада өткен қазақстандық және америкалық кәсіпкерлердің форумы жұмысына ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысып, екі елдің шағын және орта бизнес өкілдерімен дидарласқаны айтылыпты. «Үкімет басшысы форум қонақтарына арнаған құттықтау сөзі мен ағылшын тілінде жасаған баяндамасынан соң тікелей интерактивті диалог жүргізіп, бір сағат бойына кәсіпкерлердің сан түрлі сауалдарына жауап берді. Америкалық кәсіпкерлерді қазақстандық заңнаманың әлсіз тұстары мен оны жетілдіру жайы алаңдататыны аңғарылады. Айталық, мемлекеттік сатып алу конкурстарындағы қатысушыларды іріктеу үдерісі. Оған, әсіресе, шетелдік, соның ішінде америкалық компаниялардың қатысуы жайы қызықтыратыны білінді. Америка бизнесмендері қазақстандық жүйенің «мөлдірлігіне» өздерінің күмәнді екендіктерін де жасырмады. Өз кезегінде Кәрім Мәсімов жақында елде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылданғанын, қазір барлық мемлекеттік орындар бойынша электрондық сатып алу жүйесі енгізілуде екенін жеткізді» деп жазыпты мақала авторы Батырболат Айтболатұлы.

«Литер» басылымындағы «Бірлік идеологиясы» деген мақалада автор Вячеслав Захаров Ақ Ордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, үкімет мүшелері және облыстардың, Алматы мен Астана қалалары әкімдерінің қатысуымен ішкі саясат пен идеологиялық жұмыс мәселелері бойынша жиын өткізгені туралы жазыпты. «Демократиялық мемлекеттерде ешқандай идеология болмауы керек деген дұрыс емес. Қазіргі заман талаптарына сай біз бұл процестерді жаңаша тұрғыда басқаруға тиіспіз» депті президент Назарбаев.

«Экспресс К» газетіндегі «Дипломаттық оқиға» деген мақалада, осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Саратов қаласындағы құқық Академиясында заң ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған Орал қаласының тұрғыны 24-жастағы Мереке Ғабдуалиев өзінің ғылыми дәрежесін танудан бас тартып отырған Қазақстанның Білім және ғылым министрлігін сотқа бергенімен, Орал қалалық соты оның талабын қанағаттандырудан бас тартқаны айтылыпты. Бұл дауға қазақстандық және ресейлік заңгер ғалымдар да араласып, олардың бәрі жас маманға қолдау танытыпты. «Беларус, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей арасында қол қойылған төртжақты келісімге сәйкес мұндай құжаттар аталған төрт елде жарамды деп танылуы тиіс еді. Бірақ, Қазақстанның білім министрлігі Ғабдуалиевтің еңбегін, әсіресе ондағы Қазақстанның сайлау туралы заңын сынайтын бөлігін өзекті емес деп тауыпты» деп жазады мақала авторы Вячеслав Куликов.
XS
SM
MD
LG