Accessibility links

Ыстықкөлде ескерткіші бар Нұрсұлтанның


Қазақстанда жаңа мереке күні пайда болды. Мерекелер туралы заңға өзгертулер енгізіліп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 26 маусымда оған қол қойды. Енді 6 шілдеде қазақстандықтар президенттің туған күнімен қатар, Елорда күнін тойлайды. Осыдан үш жыл бұрын ғана Ыстықкөлде, Назарбаевтың 65 жылдық мерейтойының қарсаңында оған арнап ашылған ескерткіштің ашылу салтанаты өткен еді.

Сол уақыттары Қырғызстан билігі Назарбаевқа орнатылған ескерткіштің, қырғыздардың қазақстандықтарға деген махаббатының көрінісі болып табылатындығын мәлімдеген. Мұндай мәлімдемені сол жылы Ыстықкөлдің әкімі Тұрысбек Мансұров жасады. Ал, қарапайым қырғыздар бұған қалай қарайды екен. Біз әңгімеге тартқан Бішкек тұрғындарының көпшілігі Қырғызстанда Назарбаев ескерткішінің бар екендігінен хабарсыз болып шықты.

Ал, ондай ескерткіштің бар екенін білетін Құрманбек есімді жас жігіт, Қырғызстан билігінің мұндай әрекетін қолдамайтындығын тілге тиек етті.

«Бірнеше жыл бұрын Мәскеуде Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевке ескерткіш орнатқанда, үлкен жанжал туған. Жұрттың көбісі ескеркіштің қойылуына қарсы болды. Сондықтан Орта Азия елдерінің басшыларына басқа елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, олардан сабақ алғандары артық болмас еді» деді, ол «Азаттық» радиосына.

Ең алғаш рет Назарбаевтың есімін қошеметтеу туралы бастамалар көтерілгенде, Қазақстан президенті өзінің құрметіне арнап ескерткіштердің орнатылып, көшелердің берілуіне үзілді-кесілді қарсы екендігін БАҚ арқылы бірнеше рет мәлімдеген. Дегенмен, осыдан үш жыл бұрын Қазақстан президентіне Ыстықкөлде ескерткіш ашылғанда Нұрсұлтан Назарбаев қарсылық білдірген жоқ.

Қырғызстандағы қызғалдақ төңкерісінен кейін қазақстандық БАҚ қырғыз еліндегі тәртіпсіздіктер туралы жиі жазды. Сол жылдары Қырғызстан билігі «кейбір журналистер бояуды тым қалыңдатып, Ыстықкөлде демалғысы келетін қазақстандық туристерді үркітіп тастады» деп ақпарат құралдарын кіналаған болатын.

2005 жылдың жазында Қырғызстанның ресми өкілдері Қазақстанға келіп, ол жақтағы жағдайдың тынышталғанын хабарлап, қазақстандықтарды Ыстықкөлге демалуға шақырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.

«Менің жеке пікірім бойынша, Назарбаев Қазақстанда ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, беделі күшті президент болып табылады. Оны жұрттың көпшілігі сыйлайды. Қазақстандық туристерді қайтадан Ыстықкөлге тарту үшін, Қырғызстан билігі оған ескерткіш орнатуды ұйғарған болуы мүмкін» дейді, Ыстықкөлдегі «Азаттық» радиосының тілшісі Рита Борбақаева

Қырғызстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатылғанымен, қазақ ұлтының мақтанышына айналған Абай Құнанбаевтың ескерткіші жоқ. Осыған байланысты «Азатық» радиосына сұхбат берген қырғыз ақыны Қожагелді Күлтегін өз қынжылысын былайша білдірді:

«Қазақтардың мақтанышы Абай тасада ұмыт қалды. Өкінішке қарай қазіргі саясаткерлер мен билік адамдарын біз, халықтың рухани мақтанышына айналған тұлғалардан да биіктетіп жатырмыз» дейді, ақын.

Қазір Ыстықөлге шомылуға келген кез-келген турист Назарбаев ескерткішінің жанында тұрып, суретке түсе алады. 6 шілде АҚШ президенті Джордж Буштың да туған күні. Посткеңестік елдердің ішінде Грузияда Буштың есімімен аталатын көше бар. Қазақстан мен Қырғызстанда Джордж Буштың ескерткіші де, көшесі де жоқ. Бірақ осыдан үш жыл бұрын қазақ жазушысы Сейілғазы Әбдікәрімов АҚШ президенті Джордж Буш туралы кітап жазып тастады.

Алматы-Бішкек-Алматы
XS
SM
MD
LG