Accessibility links

Баспасөзге шолу. 28.06.2008 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сенбілік басылымдардың бетінде негізінен Қазақстандағы баспасөз күніне байланысты мақалалар жарық көріпті. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың Достық үйінде ұлт зиялылары және қоғамдық ұйым жетекшілерімен кездескендігі де газет назарынан тыс қалмапты.

«Казахстанская правда» және «Литер» басылымдарында баспасөз күні қарсаңында Астанада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың журналистерге президент сыйлығы мен грантын табыс еткендігі баяндалыпты. Мемлекет басшысының бұйрығымен бұл жолы бірқатар журналистер президент сыйлығымен марапатталыпты. Олардың ішінде Ерлан Бекхожин, Бигелді Ғабдуллин, Бибігүл Жексенбай секілді Қазақстанға танымал журналистер де бар.

«Экспресс К» газетінде жарық көрген Марк Айсбергтің мақаласында қазіргі уақытта сөз қадірінің кетіп бара жатқандығы әңгіме арқауы болыпты. Сөз бен істің бір жерден шығуының сирек кездесетіндігін тілге тиек еткен мақала авторы, Петропавловскінің әкімі Владимир Никандровтың бюджеттің ақшасын тиімді пайдалану қажеттілігі туралы көп айтып, өзінің орынбасарының туысына төрт бөлмелі пәтер алып бергендігін мысалға келтіріпті.

«Комсомаольская правда» басылымының «Қазақстан» қосымшасында елге танымал тұлғалардың газет ұжымына айтқан тілектері жарық көріпті.

Осыдан біраз уақыт бұрын сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Қалеева қаржы мәселесіне байланысты қор жұмысының тоқтайтындығын мәлімдеген еді. Алайда баспасөз күніне орай «Время» газетінің сенбілік санына сұхбат берген Тамара Қалеева қордың өз жұмысын жалғастыра беретіндігін хабарлапты.

- Мен расында да жұмысты тоқтатуға тура келетін шығар деп ойладым. Біз грантқа өмір сүреміз. Қаржыландыруға байланысты қиындықтыр туғанда ылғи да дағдарысты жағдайға душар боламыз, – деген Тамара Қалеева қордың өз жұмысын жалғастыра беруі үшін бірқатар ұйымдардың көмек қолын созғандығын әңгімелеп беріпті.

«Айқын» газетінің сенбі күнгі санында, журналист Құбаш Сағидоллаұлының «Қазақтан басқасының бәрі диаспора» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың Достық үйінде ұлт зиялылары және қоғамдық ұйым жетекшілерімен кездесіп, онда ассамблеяның қызметі мен мәртебесіне қатысты ұсыныс-пікірлердің айтылғаны жазылыпты.

Басқосу барысында жазушы Совет-Хан Ғаббасов «елдегі ұлттық мәдени орталықтардың басын қосып, унитарлы елге лайықты ортақ мәдени орталыққа біріктіру арқылы біртұтас Қазақстан халқына айналдыру керек» деген ұсыныс жасапты.

Ал, газеттегі «Қарақшылықпен айналысқан таксистер тұтқындалды» деп аталатын Қайыржан Төрежанның мақаласында бұрын таксистер тоналса, енді таксистердің ақшалы клиенттерін тонайтындығы айтылыпты. Мақалада Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Медеу аудандық қылмыстық полиция бөлімі қызметкерлерінің, қала ішіндегі жолаушыларға қарулы шабуыл жасап, такси ұстағандарды тонаумен айналысып жүрген төрт жігіттің қолға түсіргенін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Алматы қаласында бірнеше айдан бері мұндай «кәсіппен» айналысып жүрген олар әбден әккіленіп алған көрінеді.

«Егемен Қазақстан» газетінің 28 маусым күнгі санында, Сыртқы істер министрлігінде ел Үкіметінің және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің тапсырысы бойынша жасалған Қазақстанның мыңжылдық даму мақсаты есебінің тұсау кесері өткізілгені айтылыпты.

Газеттің екінші бетіндегі «Нақты іс-әрекеттер кезеңі» деп аталатын мақалада, Орал қаласында «Мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін арттыру жолдары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның аяқталғаны хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG