Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.07.2008 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күнгі басылымдарда Астана қаласы күні мейрамы, Парламенттің жазғы каникулға кетер алдында өткізген соңғы отырысы, қару-жарақты жасырын сақтап жүрген әскерилер және Қазақстанда туып-өскен әйгілі топ-модельдің АҚШ-та мезгілсіз қайтыс болғаны жайында мақалалар жарияланыпты.

«Айқын» газетінің 1 шілде күнгі санындағы Батырболат Айтболатұлының «Астана тойы басталды!» деп аталатын мақаласында, «Атамекен» қорғантөбе кешенінде орнатылған арнаулы діңгекке тігілген мемлекеттік туды Елбасы өз қолымен көтеріп, сол жерде мерекелі шаралардың басталуының белгісі ретінде салтанатты жиын өткізгені, Астана қаласының іргетасын алғашқы қалаушыларды қабылдап, оларға сый-құрмет көрсеткені баяндалыпты.

Сонымен қатар, «әскерилерге жасырын қару не үшін қажет?» деген мақалада, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау қызметі қару-жарақ, жарылғыш заттарды жасырын сақтап жүрген бірнеше әскери қызметкерлерді ұстағаны туралы айтылыпты. Олардың Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында орналасқан әскери бөлімінің аумағынан салмағы бір центнерге жуық жарылғаш зат – 1280 тротил қалбырын тапқаны сөз болыпты. Сондай-ақ, жарылғыш затты әскерилер өрт сөндіру резервуарына жасырып қойғаны айтылған. Ал Шымкент гарнизонының әскери қызметкерлерінің бірі екі бірдей Макаров тапаншасын иемденіп тұрған жерде ұсталғаны жазылыпты.

Газеттің екінші бетінде кеше Парламенттің қос палатасы бірлескен отырыс өткізіп, бірінші сессияның жабылып, депутаттардың каникулға кеткені хабарланыпты. Демалыстың алдындағы соңғы отырыста, мәжіліс төрағасы Аслан Мусиннің, «партиялық тізім бойынша құрылған Мәжіліс осы аралықта өзінің қауқар-қабілетін көрсете алды» деп айтқан сөзі жазылыпты. Сондай-ақ, «Парламенттің бірінші сессиясына 120 заң жобасы келіп түсті. Оның арасында Елбасы Мәжіліске ұсынған бес заң жобасы болды», - деген мәжіліс спикерінің алғаш рет президенттің заң шығару бастамасының жүзеге асқанын хабарлағаны баяндалыпты. Мақалада, бірінші сессияның жұмысы барысында үкіметтің қос палатаға 107 заң жобасын ұсынғаны, ал мәжіліс соның 71-ін қарап, мақұлдап, сенатпен бірге содан 67 заң қабылдағаны сөз болыпты.

Бүгін «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына жиырма жыл толыпты. Осыған орай, басылым бетіндегі «Жиырма жыл немесе № 4012» деп аталатын мақала жарық көріпті. Және, мақаланың жалғасы ретінде, «Ақшамның» тарихындағы үш бас редактордың екіншісі, басылымның 1993-2005 жылдардағы ыстық-суығын татқан басшысы Ерғали Сағатпен болған сұхбатты айқара бетке жариялапты.

Астананың он жылдығы «Жас алаш» газетінің де назарынан тыс қалмапты. Басылымның сейсенбі күнгі санында, журналист Салтан Сәкеннің «Күллі әлем Астана күніне қарап қалғандай» деп аталатын мақаласында, енді бірнеше күннен кейін өтетін мерекеге орай, Алматыдағы біраз зиялы қауым өкілдерінің пікірі жарияланыпты.

Сонымен қатар, «Дариға еркектерді жерге қаратты» деген мақалада, президенттің үлкен қызының бастамашы болуымен, Астанада өткен екінші Еуразиялық әйелдер саммиті туралы жазылыпты. Онда да, ресми тұсына емес, самиттегі Дариға Назарбаеваның айтқан сөздеріне ғана тоқталыпты.

Ал газеттің екінші бетінде, «Қай уақытқа дейін тайраңдар екенсің» деп аталатын «Бибі-Ана» қоғамының президенті Бибігүл Иманғазинаның президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа жазған ашық хаты жарияланыпты.

«Время» газетінің бірінші бетінде Қазақстаннан шыққан әйгілі топ-модель Руслана Коршунованың өткен сенбіде Нью-Йорк қаласында қайғылы жағдайда қаза тапқандығы туралы мақала жарық көріпті. Жаныңа жылу ұялататын сұлулығымен әлемді тамсандырған Руслана 9 қабаттан құлап өліпті. Әйгілі топ-модель Руслана Коршунова 1980 жылы Алматы қаласында туған. Мақала авторының айтуынша, 2003 жылы «Афиша» журналында Руслананың суреті жарық көріп, оның сән әлеміндегі жұлдызы жарқырап жана бастайды. Бұл журналдың бір данасы Models 1 агенттігінің қызметкері Деби Джонстың қолына түседі. Осыдан соң Руслана Нью-Йоркке шақыру алады. Әлемдегі ең шашы ұзын қыз болғаны үшін мода әлемінде оны Рапунцель деп атаған екен.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған «Комсомольская правда» газетінің «Қазақстан» қосымшасында үш жылдың ғана ішінде Руслана Коршунованың «Кристиан диор», «Кензо», Москино» секілді әлемге әйгілі сән үйлерінде жұмыс істегендігі баяндалыпты. Әйгілі топ-модельдің құрбысы Ева Бехердің айтуынша, Руслана жүзі жайдары, ашық мінезді қыз болған. Туыстарын көру үшін Руслана өзі туған Алматы қаласына жиі барып тұрған екен. Сондай-ақ мақалада полицейлердің Руслана Коршунова өзін-өзі өлтірді деген болжам жасап отырғандығы да айтылыпты. Ал, Руслананың анасы сол күні-ақ Нью-Йоркқа ұшып кетіпті. «Әзірше Руслананың қайда жерленетіндігі белгісіз» дейді мақала авторы.

«Экспресс К» газеті «Кластастар» сайтында топ модель Руслана Коршунованың жеке парақшасының болғандығын айтыпты. Қаза табарынан екі сағат бұрын Руслана осы сайтқа кіріп, соңғы жазбасын қалдырып кетіпті.
XS
SM
MD
LG