Accessibility links

Аштық жариялап жатқан екі тұрғын Алматы әкімшілігінен жауап күтеді

  • Нәйла СҰЛТАН

Алматыда жергілікті билік Шығыс айналмалы жолын салмақ болып отырған жердегі үй иелерінің аштық жариялап жатқанына 8 күн болды. Негізгі себеп – мемлекет қажетіне алынбақшы өз баспаналары мен жер телімдеріне қалалық әкімшіліктің белгілеген бағасын тұрғындар азсынып отыр.

Алматының Медеу ауданына қарасты тау етегіндегі жерде тұрған үйдің иесі Фатима Махмұтқызы 8 күннен бері аштық жариялап жатыр. Ол өзінің үйі тұрған жерден айналмалы даңғыл жол салуды жоспарлаған қала әкімшілігінің оған ұсынған өтемақы сомасына келіспейтінін айтады:

- Тәуелсіз бағалаушы біздің баспанамызды 600 мың АҚШ долларына бағалады. Ал «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болса ол жердің құны 460 мың АҚШ доллар дейді. Жарайды солай-ақ болсын деп, оған келісіп, қолымызды қойдық. Одан кейін олар үшінші рет келіп, 400 мың АҚШ доллар төлейтіндіктерін айтты. Бірақ оны да төлеген жоқ. Алматы қаласына жаңа әкім келгеннен кейін, үйлері сүрілуге кететін тұрғындардың баспаналары аз бағамен сатылсын деген бұйрығы шығыпты. Ол дұрыс емес қой. Ол әкімнің жекеменшігі емес. Біз неге өз меншігіміздегі дүние-мүлікті тастай салып кете баруымыз керек?! Мен аспандағы бағаны сұрап отырғаным жоқ. Кеше соттың шешімін әкелді, онда енді бізге 286 мың АҚШ доллары берілсін деп көрсетілген. Білмеймін, енді не боларын...

Қазір Фатиманың баспанасының дәл іргесінде тәулік бойы дамылсыз құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Үй иелері құрылыстың қатты қарқынмен жұмыс істеуі отбасына қауіп-қатер төндіріп тұр дейді:

- Күндіз-түні демалуға мүмкіншілік жоқ. Үйдің дәл түбінен 11 тонналық трубаны қағып жатыр. Үйдің ішінде 4-5 балдық жер сілкінісі байқалады. Үй қашан құлап қалар екен деген қауіппен үрейленіп отырамыз.

Фатиманың жұбайы Тынысбек Әуелбекұлы, жергілікті билікті тұрғындардың құқығымен санаспай, өктемшіл іс-әрекетке барып отыр деп кінәлайды:

- 2 ай болды, сүріліп кеткен үйлердің орнына ауыр техникалар келді. Күндіз-түні тыным жоқ. Түнде трубаны жерге қағады. Дүрсілдеп, үйдің іші қозғалып тұрады. Трактор, экскаватор, компрессор сынды техникалар түнде жұмыс істейді. Бізде ұйқы жоқ. ҚР әкімшілік кодексінің 333 бабында, әрбір азамат түнгі уақытта демалуға құқылы делінген. Түнгі сағат 23.00-тен таңғы 06.00-ға дейін адам тынығуы керек.

Фатимамен бірге шатыр астында оның көршісі Балқаш Ташмұхаметова да аштық жариялап жатыр. Жергілікті билік оның меншігіндегі үй мен жер теліміне тәуелсіз сарапшылардың бағалаған мөлшерінің тек жартысынан сәл астамын ұсынған екен:

- Үйіміз жаңа. 2005 жылы кейінгі жоба бойынша салып алған едік. Жеріміз аздау - 1,6 сотық. «Алматыжердің» бізге ұсынған бағасы 138 мың АҚШ доллары. Ал тәуелсіз сарапшылар 250 мың АҚШ долларына бағалап отыр. Талабымыз - осы ақшаны берсе деп отырмыз. Сот шешімінде бізге берілетіні 141 мың АҚШ доллары деп көрсетілген. Оған осы ауданнан үй сатып ала алмаймын. Газеттерден қарасақ, ондай ақшаға тек ескі үй ғана алуға болады екен. 3 баламен ол маған қол болмайды. Сондықтан аштық жариялауға мәжбүр болып отырмын.

Соңғы 8 күннен бері нәр татпаған Балқаш өз денсаулығының нашарлап кеткендігін айтып шағынады. Оларға күнделікті дәрігерлер келіп, денсаулық жағдайларын байқап кетеді екен. Әйткенмен, Балқаш өз талабы орындалғанша наразылық шарасын тоқтатпауға бел буыпты:

- Денсаулығым күннен-күнге нашарлап барады. Бір аптада 6 келі салмақ жоғалтыппын. Қазір мүлде тұра алмаймыз. Қан қысымым бірде жоғарылап, бірде төмендейді. Қалыпты қан қысымы жоқ. Дәрігерлер анализ алып жатыр, олардың қорытындысы нашар.

Аштық жариялап жатқандардың талабына байланысты олар дауласып отырған «Алматыжер» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басшылығынан қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады. Сондай-ақ Алматы қалалық әкімшілігіне сауалымызға да жауап ала алмадық.

Аштық жариялап жатқан екі тұрғын қала әкімшілігінен жауап тосатындарын айтады.
XS
SM
MD
LG