Accessibility links

Интернеттегі «Өкіл қайын ата» кітабының үзіндісін Рахат Әлиев жазды ма?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Астананың он жылдық мерейтойы қарсаңында президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтың ықпалы бар делініп жүрген «Kaztoday.ru» сайтында, «Өкіл қайын ата» атты кітаптың «Біз Астанаға қалай жеттік» деген тарауынан үзінді жарияланды. Қазақстандық кейбір сарапшылар «бұл шығарма шынымен Рахат Әлиевтың көптен бері жариялаймын деп уәде берген кітабының бір тарауы болуы мүмкін, бірақ бұл үзіндінің енді ғана жариялануының астарында бір гәп бар» деген болжам айтты.

Елде «мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды», «адам ұрлауға қатысы бар» деген секілді ауыр қылмысқа жататын заң баптарымен айыпталып, ұзақ мерзімге сырттай сотталған, қазір Венада бас сауғалап жүрген президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке тиесілі деп жүрген «Kaztoday.ru» сайтының Қазақстанда кілттеулі тұрғанына біраз уақыт болды. Осы сайтта маусымның 27 күні Рахат Әлиевтың туындысы делініп, «Өкіл қайын ата» атты кітабының «Біз Астанаға қалай жеттік» деген тарауынан үзінді басылды.

Бұл үзінді «Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік мерекеге айналған 68 жасқа толу туылған күні мен оның сүйікті қаласы Астананың он жылдық мерейтойы қарсаңында біз тұңғыш рет Рахат Әлиевтың «Өкіл қайын ата» кітабының бір тарауын басамыз» деп басталады. Автор Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру тарихына тоқталып, оның себептерін санап шығып «ең негізгі себеп, президент либералды, еркінсүйгіш Алматыдан, ондағы халықтың толқуынан қорықты. Сондықтан халықтан алыс шалғайға Астана атты қамал салып, сонда кеткенді жөн көрді» деп жазыпты.

«Kaztoday.ru» сайты Қазақстанда кілттеулі болғандықтан, көпшілік бұл мақаланы оқи алған жоқ. Бірақ интернеттегі «кілтті» ашудың айла-амалдарын білетіндер оны оқып шығып, түрлі форумдарда талқылап, пікірлерін айтып жатыр. Солардың бірі белгілі оппозициялық журналист Сергей Дуванов:

«Мен осы мақаланың жазылу стиліне қарап ойлайтыным, бұл стиль шынымен ағайынды Шухов мырзалардың қолынан шыққан дүниеге ұқсайды. Сондықтан бұл үзінді шынымен Рахат Әлиевтың «Өкіл қайын ата» кітабының бір тарауынан үзінді деуге болады. Бірақ, Рахаттың көптен жариялаймын деп уәде еткенімен жарияламай жүрген кітабының бұл үзіндісі кенеттен жариялана қалуында бір себеп бар сияқты. Оған жақында әкесі барды ғой. Ол жай барған жоқ, ол біздегі билік пен Рахат арасындағы қандай да келіссөздер жүргізіп жатыр ма деп ойлаймын. Мәселен, сол келіссөздер қандай да себептермен бәсеңсіп қалғандықтан, Рахат өз пайдасына соны тездету үшін осы үзіндіні жариялау арқылы келіссөздерге серпін беруге тырысатындай», - деген пікір айтты.

Ағайынды Шуховтар деп отырғанымыз, кезінде Рахат Әлиевтың қарамағындағы «Караван» апталығын басқарған Андрей және Алексанр Шухов деген қаламгерлер. Олар да қазір Венада жүр.

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым да бұл үзіндінің авторлығына күмән келтірмейді.

«Мақала Рахат Әлиевке тиесілі дейтін сайтта жарық көргеніне, екінші жағынан, стилистикалық тұрғысынан және кейбір айтқан мәселелерге қарағанда Рахат Әлиевтың авторлығы мен үшін анық нәрсе. Ал енді осы күндері жариялануы – мына Астана күндеріне байланысты Рахат Әлиев оппоненттеріне, бұрынғы қайын атасына сес көрсеткісі келгендей сыңай танытып отырған сияқты. Бірақ, бүкіл кітапты шығармай, тек осы Астанаға қатысты бөлігін жариялап отырғаны мен үшін де жұмбақ, дегенмен оның әкесінің оған баруы да осыған себеп боп отыр ма деймін», - дейді А.Сарым.

Бірақ, Рахат Әлиев бұған дейін өзі жазып, жариялауға уәде берген «Өкіл қайын ата» кітабын жарыққа шығармауы да мүмкін, деген болжам айтады Дуванов:

«Егер де билік пен Рахат арасындағы келіссөздер екі жақты да қанағаттандыратындай аяқталса, онда біз бұл кітапты ешқашан да көрмейміз. Бәлкім, Рахат осы келіссөздер арқылы өзіне тиесілі билік тәркілеген байлықтарының біразын қайтарып алар, бәлкім қайтарып алған да болуы мүмкін. Себебі, Рахат сөзінде тұратындай шын мәніндегі демократиялық құндылықтардың құлы емес, ол өзінің жеке пайдасын ойлайтын адам. Оның демократия туралы айтқандарының біреуіне де мен сенбеймін. Мен ол өзінің жайлы өмірі үшін саудаласып жатыр деп ойлаймын».
XS
SM
MD
LG