Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.07.2008 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген газеттерде Астанада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысы, Астана қаласының 10 жылдығы жайында мақалалар жарияланды.

«Тасжарған» газетінде бұл күндері Астанада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысына байланысты оппозиция қайраткері Әміржан Қосановтың «Мұнайлы... ОБСЕ?» деген мақаласы беріліпті. Автор былтыр күзде Мадридте өткен жиында елде демократиялық өзгерістерді жүзеге асыратыны жөнінде берген уәдесін әлі күнге орындамай отырған Қазақстан билігі үшін ЕҚЫҰ тегін жарнамалық науқан құралына айналды деп атап көрсетіпті. Осы ұйым тарапынан ресми Астанаға жасалған әрбір дипломатиялық іс-шараны Қазақстан үкіметі өзі жүргізіп отырған саясаттың дұрыстығының дәлелі ретінде пайдаланып отыр және пайдалана бермек деген Қосанов, бұндай жағдайда елдегі «оппозиция билікке де, ЕҚЫҰ-на да, өзіне де орынды талаптар қою керектігін» айтыпты. Себебі, Қазақстан билігі ЕҚЫҰ алдында алған міндеттемелерін орындау кезінде, әдеттегідей бұл жолы да, көзалдау етіп заңға кейбір өзгерістер енгізгенімен, шын мәнісінде, режимнің іргесі сол қалпында қалады депті Әміржан Қосанов.

«Время» газеті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Астанада кезекті сессия жұмысына Польша елінің делегациясы құрамында қазақстандық үкіметтік емес ұйымнан қатысқан оппозиция белсендісі Айнұр Құрмановтан сұхбат алыпты. Еуропалық саясаткерлердің Қазақстан басшылығымен арадағы қарым-қатынасын саяси сауда деп сипаттаған Құрманов, «Қазақстандағы жағдайға прагматикалық тұрғыдан қарайтын шетелдік саясаткерлер ең әуелі бұл елдің өндіруші саласына инвестиция салу мүмкіндігі туралы мәселеге мән беріп, ішкі саяси процестерге көз жұма қарайды, ЕҚЫҰ өзінің бір кездегі белгілеген стандарттарынан алшақтап барады» деген тұжырым айтыпты.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сессия жемісті жұмыс істеуде» деген мақалада, Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 17-ші сесиясының өз жұмысын жалғастырып жатқаны жазылыпты. Күн тәртібінде көптеген жобалар талқыға салынып, әр мемлекет тарапынан болған ұсыныс-тілектер дауыс беру арқылы өзінің шешімін тауып жатқаны айтылыпты. Мақала авторы Франция депутатының қарулы қақтығыс болған аумақта жұмыс істеген журналистерді азаматтық тұлға ретінде қабылдап, көптеген ақпарат құралдары өкілдерінің соғыс ошақтарында көз жұмғанын, сондықтан оларды қорғау мен қолдау үшін ерекше статус қажеттігін ұсынғаны туралы жазыпты.

Осы газетте Сұңғат Әліпбайдың «Орталықтың тұсауы кесілді» деп аталатын мақаласында, Астананың 10 жылдығына орай өткізіліп жатқан шаралар аясында, Республикалық диагностикалық орталықтың тұсау кесер рәсімі болғаны, оған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны айтылыпты. Сондай-ақ, жаңадан ашылған бұл орталық – президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған ауқымды жобалардың бірі екені баяндалыпты. Астанада құрылып жатқан медициналық кластер нысандарының қатарына жататын орталықтың бір ауысымда 500 адамдай қабылдауға шамасы жететіні жазылыпты. Орталықта 238 дәрігер мен 260 медбике жұмыс істейді деп жоспарланғаны хабарланыпты.

«Айқын» газетіндегі Тұрсынбет Нүсіпханұлының «Заң бұзған судья сотталатын болды» деп аталатын мақаласында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облыстық департаменті, қызмет бабын асыра сілтегені үшін, аудандық сот төрағасы Жаңабай Исмайыловтың үстінен қылмыстық іс қозғағаны туралы жазылыпты. Тексеріс барысында, сот төрағасы 2005 жылдың наурыз-тамыз айлары арасында 10 автокөлікке өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, меншіктік құқын беру туралы заңға қайшы шешімдер шығарғаны анықталғаны сөз болыпты. Сондай-ақ, қымбат көліктердің барлығы да Қазақстан аумағына кедендік рәсімсіз кіргені айтылған. Мақалада, ҰҚКД қызметкері Марат Тарахтиевтің, кейбір көліктер Мәскеуде ұрланып, іздестіруде жүргені туралы айтқан сөзі жарияланыпты.

Сонымен қатар, осы басылымда Алматы қаласының Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері аты-жөнін өзгертіп алып, адамдарға үй, жер алып беремін деп, ақшасын алдын ала алып, алдап жүрген бір азаматшаның үстінен қылмыстық іс қозғағаны туралы жазылыпты. Тергеу амалдары барысында, қылмыстық әрекеттері ашылған айыпкер жәбірленушілерге өз есімін Мира деп таныстырғаны айтылыпты. Мақалада, күдікті әйелдің жер телімінің құжаттарын рәсімдеп беретіндей ешқандайда құқығы болмағаны баяндалыпты. Ел-жұртты алдап соғу арқылы 200 мың доллар жинап алған ол, бас сауғалап қашпақ болған кезінде, тиісті органдардың қолына түскені сөз болыпты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG