Accessibility links

Шілденің екісі күні Астанада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының 17 сессиясында ассамблея президенті Йоран Леннмаркер жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.

Билікке жақын делініп жүрген үкіметтік емес ұйымдар, өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда ілгерілеушіліктің бар екендігін айтса, оппозициялық топқа жатқызылып жүргендері елдегі заңдардың қағаз жүзінде ғана халықаралық талаптарға сәйкес келетіндігі туралы ойларын жеткізді.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның Астанадағы өкілі Анар Ыбыраева «Азаттық» тілшісіне елде тергеу барысында азаптауға ұшырағандардың бұл туралы халықаралық мекемелерге шағымдана алмайтындығын айтты.

«Орталық Азиядағы барлық елдерде мұндай мүмкіншілік бар», - дейді ол.

Билікке наразылық білдіріп бейбіт шеруге шыққаны үшін бірнеше рет әкімшілік жазамен қамалған, «Шаңырақ» қозғалысының бұрынғы өкілі Айнұр Құрманов елде бейбіт шерулер өткізуге рұқсат ететін заң ережелерінің халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтіндігін тілге тиек етті.

Қазақстанда саяси бәсекенің жоқтығы туралы өз ойын білдірген Алматыдағы үкіметтік емес ұйымның өкілі Бақытжан Төреғожина 10 жыл бойы шет елде жүрген Әкежан Қажыгелдинге әділетсіз шығарылған сот шешімі қайта қаралсын деген ұсыныс жасады.

«Парламентаризм қоры» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Зәуреш Батталованың айтуынша, биліктің бірпартиялық парламенті ел үкіметінің халықаралық қауымдастық алдында мойнына алған міндеттемелерді орындай алмайды.

«Ал бұл өз кезегінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының беделіне нұқсан келтіреді», - дейді экс-сенатор.

«Еуропалық құқық институты» қоғамдық ұйымының директоры әрі Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы комиссиясының мүшесі Марат Башимов бұған дейін ЕҚЫҰ-на төраға болған елдерде адам құқығы Қазақстаннан нашар болатындығын, жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың бәрін саясатқа айналдырып жіберетіндігін сөз қылды.

Сәрсенбі күні Парламенттік ассамблеяның бас хатшысы Оливер Спенсер, журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, Қазақстан 2007 жылы Мадридте алған міндеттемелерін орындамаса да Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық етеді деген мәлімдеме жасады.

«Шешім шығарылып қойған, бірақ, осы уақытта Қазақстан оқиғалардың ортасында болады және реформаларды бағалаумен барлық елдер айналысады», - деді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Парламенттік ассамблеясының 17 сессиясында бірнеше мәлімдеме жасады.

«Қазақстанда кем дегенде екі партиялық парламент құратын механизм жасау керек, екіншіден, БАҚ жұмысын реттейтін артық кедергілер жойылу керек», - деді ол.
XS
SM
MD
LG