Accessibility links

Аталған газет Қазақстан туралы екі айқара беттік қосымша берген. Онда Қазақстанның экономикалық, банк және әлеуметтік салалары, сыртқы қатынастары мен қуат көздері турасында оннан астам талдау мақалалар басылыпты.

"Қазақстан бәрімен де дос болғысы келеді" деп тақырып қойылған мақаладан бастап, АҚШ-пен энергия көздеріне негізделген күрделі байланыстар деген оншақты мақаламен жалғасады. Сегіз беттік қосымшадағы біраз орын жарнамалық материалдарға да беріліпті.

Алғашқы мақалада Қазақстанның бұл күндері жаңа Астанасының 10 жылдық мерекесі мен президенттің 68 жасқа толатын күні - 6 шілдеде бірге тойланатыны, ол тойдың Астанада бұл күнде басталып кеткендігі турасында кеңінен жазылған.

"Болашақ бұлыңғырлана түсті" деген мақалада сәуір айында Қазақстанның ұзақ мерзімдік несие-кредит саласы тұрақтылық сипаттан жағымсыз, демек төменгі сатыға құлады, деп атап көрсетілген. Ал банк секторында қаржылық дағдарыс алдындағы көп көлемдегі кредиттік қарызды қалай жабады деген қауіптің де шеті көрініп қалғандай.

Осыдан бір апта өтісімен "Стандарт және кедейлік деңгейі" деп аталатын бағалау агенттігі Қазақстан банктері биылғы жылы 14,8 миллиард қарызын қайтаратын шешуші кезең алдында тұр деп ескертті. Банк секторында өткен жылы қазан айында басталған несиелік дағдарысқа қарамастан, қазақстандық банктер мен компаниялар несиелеу жүйесін бұрынғыдан төмен деңгейде болса да, белгілі бір дәрежеде ұстай білді.

"Стандарт және кедейлік деңгейін бағалау" агенттігіндегі Қазақстан жөніндегі сарапшы Бен Фолкс, Қазақстан банктерінің сәуір айында мүлде құлдыраудан гөрі, деңгейі төмендеді деп бағалануы осы процестегі қалыпты жағдай дейді, ал жан-жақты бағалау жасау үшін бізге көбірек уақыт керек дейді ол.

Қазақстан банктерінің басты проблемасы сол, олар халықаралық банктер мен компаниялардан қарызды қаптатып алып, оны жоғары өсімдік процентпен ипотекалық несиеге оңды-солды таратқандығынды жатыр. Ал әлемде ипотекалық несие дағдарысы басталған кезде ол өз кезегінде Қазақстанды да айналып өткен жоқ.

Financial Times басылымының жазуынша, Қазақстан банктеріне қысымды азайтуға оның басты байлығы - мұнай әсер еткен.Экспорттың 60 процентін, үкіметтік кірістің 35 процентін, ұлттық өнімнің 17,5 процентін құрайтын мұнай - шетелдік инвесторларды тартуға, экономикаға өзіндік қолдау жасауға ықпал еткен.

Қазақстандықтар проблемалардың бар екендігін біліп, көріп отыр, бірақ ол неғұрлым ұзақ мерзімдік мәселелер, бұл арада мұнай бағасына тікелей қатысты нәрсе көп дейді газет талдаушысы.

Газеттің келесі бір мақаласы "Exxon Mobil Қазақстанды кен орнын игеруді кешіктіріп отыр деп айыптады" деп аталады. Онда аталған компания басшылары қазақ үкіметінің ең бір үлкен жаңа кен орнын дамытуды қоршаған ортаны қорғау проблемаларын алға тартып, кешеуілдетіп жатқаны турасында айтқан.

Консорциумның атқарушы директоры Рекс Тиллерсонның «17 миллиард доллар инвестиция жұмсалып қойған жобаны дамытуды кейінге қалдыра беруге болмайды, Қазақстан үкіметі бұл ретте шұғыл қимылдағаны жөн» деген сөздері келтірілген.

Қашаған жобасына байланысты күрделене түскен қарым-қатынастардың бұған дейінгі талқылаулары жабық есік жағдайында қалған болатын. Қазақстан үкіметі мен шетелдік инвестор компаниялар арасындағы келіспеушіліктер Қазақстан тарабы мемлекеттік Қазмұнайгаз компаниясының осы жобадағы үлесін бастапқыдағыдан арттыру мәселесін алға қойғанда шыққан болатын.

Тараптар арасындағы қатынастар өткен жылы Қазақстан үкіметі Эксон компаниясын жобаның екінші кезеңіндегі лицензиясынан айырған кезде тіпті күрделене түсті. Осы аптаның басында Қазақстанның энергетика министрі Сауат Мыңбаев белгіленген соңғы мерзім тағы кешіктірілетін болса, жаңа санкциялар салынады деп ескертті.

Қашаған әлемдегі ең үлкен үш кен орнының біреуі, әзірге одан мұнай тарту операциясы 2013 жылға қарай басталады деп жобаланған, одан бұрынғы алғашқы мерзім кешіктірілген-ді.

Газеттің тағы бір мақаласында: «ЕҚЫҰ-на төрағалық - Қазақстанның демократиялық талаптар тұрғысында алған міндеттемелеріне өзіндік сын, демек оның орындалуын байқататын кезең. Осы төрағалық мәртебені пайдаланып, Қазақстан халықаралық демократиялық талаптарды, баспасөз еркіндігін дамытады деп білу керек» деп атап көрсетілген.
XS
SM
MD
LG