Accessibility links

Асқар Алтайдың «Казино» атты кітабының тұсау кесері болды

  • Нәйла СҰЛТАН

Сәрсенбі күні Алматыда жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтайдың «Казино» атты кітабының тұсау кесері өтті. Үш тараудан тұратын кітапқа енген 30 әңгіменің негізгі арқауы - қоғам мен адам мәселесі.

Жазушы Асқар Алтай «Казино» атты кітабында қоғамда болып жатқан проблемалық мәселелерге, адамның жеке басының мүддесі мен ішкі рухани әлемі туралы айтылыпты.

- Адамның ішкі жан-дүниесі басты мәселе. Мынау үлкен әлемде адам оның кішкентай ғана бөлшегі. Сол бөлшек осы алып әлемді қалай қабылдайды, қабылдай ала ма? Кей тұста қабылдайды, кей тұста қабылдай алмайды. Соны көркем дүниеде көрсетуге тырыстым. 30 әңгімеден құралған бұл кітаптың тек бір әңгімесі ғана «Казино» деп аталады. Бірінші тарау «Кентавр», екіншісі - «Альпинист», үшіншісі - «Мар» деп аталады.

Жазушы, өз кітабындағы әңгімелердің мазмұнын баяндай келе, ондағы кейіпкерлердің осы күнгі өмір адамдары екендігін тілге тиек етті:

- 2000 жылдары казино ойыны шыға бастады, мен оны өзім де ойнап көрдім. Бұл, шын мәнінде, адамға қауіпті ойын. Казиноның негізгі мақсаты - адамның психологиясына ерекше әсер береді. Ол анаша секілді.

Асқар Алтай шығармаларына белгілі қаламгер Қалихан Ысқақ жоғары бағалады.

- Асқар Алтай көбінесе шығармаларын үлкен философиялық проблемадан бастап, пендешілікпен аяқтайды. Сонда пендешіліктің қайдан басталып, неден туатынын, пендешіліктің адамды неге сүйрейтінін дәлелдеп шығады. Жай ғана портрет емес, психологиялық портет жасайды. Оның дүниелері қоғамдағы әлеуметтік проблеманы қозғайды.

Асқар Алтайдың шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандардың бірі жас ұстаз Қайырбек Әлімбетов өзі оқыған шығармаларда қоғамды толғандыратын мәселелердің кеңірек қамтылғанын айтып берді.

- Студент кезімде ол кісінің «Көкжендет», «Кентавр», т.б. еңбектерін дипломдық, магистрлік жұмыстарымда талдадым.

Сондай-ақ жазушы шығармаларын үзбей оқитындардың бірі Арман Ащысаев есімді жігіт те өз сүйіспеншілігін жасыра алмады.

- «Алтайдың ақ модағайы», «Прописка» деген шығармаларын құнды деп айта аламын. Ол –кісі менің ұғымымда үлкен жазушы, шын мағынасындағы қаламгер.

Ал батыс әдебиетінің классикалық шығармаларын сүйетін Әния есімді студент қазіргі қазақ жазушыларының шығармаларына көңілі толмайтынын айтады:

- Соңғы кезде француз жазушыларының әңгімелерін көп оқып жүрмін. Ол жазушылардың біздегі жазушылардан ерекшелігі, олар философия мен әдебиетті ұштастыра алады. Біздегі жазушылар философиялық тұрғыдан шығармаларды талдамайды.

Әдебиетке бір табан жақын жастардың бірі Марал Әлқожаева да замандасы Әниястың пікірін қостап отыр:

- Менің соңғы оқыған шығармам, Теодор Драйзердің «Сестра Кери» деген шығармасы. Көбінесе сондай кітаптарды жақсы көремін.
XS
SM
MD
LG