Accessibility links

Заңсыз еңбек мигранттары - қазіргі заман құлдары ма?


Georgia/Abkhazia - Regular railway communication linking Russia to Abkhazia launched, Sukhumi, 11Sep2004

Georgia/Abkhazia - Regular railway communication linking Russia to Abkhazia launched, Sukhumi, 11Sep2004

Орта азиялық жұмыссыздар Ресей, Қазақстан сияқты елдерден күнкөріс үшін жұмыс іздеуге мәжбүр. Олардың кейбірін қазіргі заман құлдары десе болады. Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан сияқты елдерді артқа тартқан "құлдық бағыт" төңірегінде сөз етеміз.

Орталық Азиядағы қазіргі заман құлдарының келбетіне көз салсаңыз, олардың басым көпшілігінің өзбек, тәжік, қырғыз екендігін байқайсыз.

Бұған дейін орта азиялықтар Батыс пен Таяу шығысқа қарай эмиграцияға кететін. Қазіргі замандағы құлдар мен олардың қожаларының көпшілігі Кеңестер Одағының құрамында болған елдерден келгендер. Өткен айда ғана Мәскеудің маңында мынандай бір оқиға болды.

Маусымның 10-ы күні Ресей баспасөзі Мәскеудің сыртында 50-ге жуық өзбек мигрантының құлдық жағдайда ұсталған жерлерінен босатылғандығын хабарлады. Олардың төлқұжаттарын тартып алып, еңбекақы төленбейтін жұмыста күніне 14 сағаттан күштеп жұмыс істеткен. Көп жағдайда мұндай жұмыс іздеушілер сатылады, олардың жастары кішілерінің әрқайсысы 100 доллардан сәл ғана артық бағаға өтеді екен.

Олардың көпшілігі, «Азаттық» радиосына сұхбат берген Әлішер деген жігіт тәрізді, Өзбекстанның Сухандария аймағынан. Әлішер мен оның әріптестері Мәскеудің айналасындағы құрылыс нысандарында бір жылдан астам уақыт жұмыс істеген, бұларды шын мәніндегі құлдар деуге келмес, бірақ Әлішердің айтуынша, олар айлап жалақысыз еңбек етуге мәжбүр болған.

- Өткен қыста біз үш зәулім үй тұрғыздық, бірақ әлі ақшамыз төленген жоқ. Біз екі ай бойына барлығы 78 күн жұмыс істедік. Біз есептеп келгенде ішкен тамағымызға ұстап қалғанда, әрқайсысымыз 490 рубльден еңбекақы алуымыз керек еді. Олар бізге ақша бермеді, бірақ заңды түрде жұмыс істеуімізге рұхсат алып береміз деп уәде етті. Біз Ресейге келген кезде ешқандай келісім-шартқа қол қойған жоқпыз. Олар тек қана әр 15 күн сайын төлемақы береміз деп уәде еткен.

Міне, Әлішер маңдай терімен тапқан сол ақысы қолыма тиеді, оны кейінде қалған отбасыма жіберемін деп үміттенеді. Қанша қиын болса да, ол еліне, Өзбекстанға қайтып барғысы келмейді, өйткені онда ешқандай жұмыс жоқ дейді ол.

Маусым айының ортасында бір топ әйел Ташкенттегі Ресей елшілігі алдына жиналып, Краснодар өлкесінде құлдықта еңбек етіп жүрген күйеулерін босатуға көмектесуді сұрады. Бірақ олардың бұл өтініші естір құлаққа жеткен, жетпегені белгісіз. Өткен жылы 18 өзбек азаматы Ресейдің Орел аймағында құлдықтан босатылды.

Қазақстан да Орта азиялық көптеген еңбек мигранттары үшін жұмыс алаңына айналғаны рас. Өткен айда солтүстіктегі Қостанай қаласындағы ет өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорынның жетекшісі 5 өзбек және 10 тәжік азаматын сатпақшы болған кезде тұтқындалған. Ол әлгілердің әрқайсысын 200 доллардан сатып алып, өзі 600 доллардан қайта саудаламақшы болған. Өткен жылы Ақтөбе аймағында бірнеше кәсіпкер 15 өзбекті азаптау мен қинау жағдайында ұстағаны үшін жауапқа тартылған болатын. Қазақ баспасөзінің жазуына қарағанда, заңсыз еңбек мигранттарын, олардың қатарында жас қыздарға дейін бар, зорлап, ұрып-соғып, азаптап жұмысқа жегіп отырған.

Жергілікті баспасөзде жазылған осындай жайттар тамырын тереңге жайған үлкен проблеманың көрініп тұрған бергі беті ғана десе болады.

Десек те, жүздеген мың жұмыссыз өзбек, тәжік, қырғыз азаматтарының бастарын тәуекелге тігіп, көршілес елдерге ағылуы тоқтар емес. Еңбек мигранттарының еркін нарығында, мысалы, Қазақстанда еңбекке жалданған әрбір адам 30 мың теңге немесе 250 доллардай ғана ақша таба алады. Еңбек мигранттарының көпшілігі басқа елде заңсыз тұруға, төлқұжатсыз күн кешуге мәжбүр болады, көп жағдайда жұмыс берушілер олардың құжаттарын жинап алып, өздерін қамап, жасырып ұстайды.

Мәскеудегі "Азаматтарға қолдау" атты адам хұқтары тобының жетекшісі Елена Буртина өз тобының адам саудасы мен заңсыз миграциядан зардап шеккендерге көмектесетіндігін айтады.

- Олар алдап-арбайтындарға тез түсіп қалады. Біріншіден, делдалдар өте көп, мәселен, өз отандастары-ақ өзбекстандықтарды жақсы жұмыс таптық деп алдап алып келеді, сосын мұндағы жұмыс берушілерге сатады. Өзбекстанда экономикалық жағдай тым төмен, жұмыссыздық жайлаған.

Буртинаның айтуынша, құжаттары жоқ, ақшасы тағы жоқ, заңсыз жүрген еңбек мигранттары полицияның да нысанасына айналады.

Шетелдерге жұмыс іздеп келген әйелдердің көпшілігі жезөкшелік жолға түседі. Алматыдағы Халықаралық миграция кеңсесінің қызметкері Екатерина Бадикова бәлен жерде алтын бар деп барып, барғанда бақыр да таппай, далада қалған, жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған талай әйелге көмектескендіктерін айтады.

Өткен жылы қазан айында Душанбеде өткен саммитте ТМД елдері жетекшілері аймақтағы еңбек миграциясы жағдайын реттеуге уәделескен болатын. Ресей мен Қазақтсан үкіметтері де шетелдік жұмысшылардың хұқтарының сақталуы, олардың жағдайының жақсаруы жолында бірқатар ережелерді қолға аламыз деген-ді.

Ондай шаралар осы айда аталған елдерде өз күшіне енді. Алайда кейбір сарапшылар бұл ережелердің заңсыз еңбек мигранттар санының азаюына септігін тигізетіндігіне күмәнмен қарайды.
XS
SM
MD
LG