Accessibility links

Айдын Қалықовты өлтіргендер әлі табылған жоқ

  • Нәйла СҰЛТАН

Маусымның 26-нан 27-іне қараған түні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылының 37 жасар тұрғыны Айдын Қалықовты сол ауылда тұратын екі жігіт азаптап өлтірген деген күдік айтылып отыр. Қылмыскерлер оқиға болған жерден қашып кеткен. Бұның арты тұрғындар арасында ұлтаралық жанжалға ұласып кетпеуі үшін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция өкілдері қазір ауылға кіріп-шыққандарды қатаң бақылауға алған.

Айдынның мәйітін туған-туыстары ауылдың маңындағы Алматы су арнасының ішінен тауыпты. Дәл қазір Шелек ауылдық округінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр, қылмыскерлер оқиға болған күні қашып кеткен. Айдын Қалықовтың ұлы Ербол маусымның 27-і күні таңғы сағат 8-ден әкесін іздеп шығып, көршілерінің ісінен секем алғанын айтады:

- Түскі сағат 12-лер шамасында ауылдағы көрші жігіт әйелімен мәдениет үйінің алдында жерге тамған қанды құммен жауып жатыр екен. Мені көріп олар қашып кетті. Анам екеуміз көрші ауылды, жақын маңдағы сиыр базды іздедік, еш жерден таппадық. Полиция қызметкерлерін шақырдық. Олар «Үлкен Алматы» каналындағы суды тоқтатқаннан кейін, сол жерден әкемнің мәйітін тауып алдық.

Айдынның қарындасы Толқын Қалықова бауырының денесінде ауыр жарақат іздері болғанын айтып, оны әлдекімдердің азаптап өлтіруі мүмкін деген күдігін білдірді:

- Бір күннен кейін бауырларым Айдынның сүйегін тапқан. Судың жағасында тамған қанды көрген, денесі 200 метрдей жерге сүйретіліп барыпты. Өлтірген адамдардың біреуі нашақор екен. Бүгін қанша күн болды, іздестіріп жатыр. Әлі тапқан жоқ.

Айдынның зайыбы Несіпкүл Базарова болса күйеуін бір топ адамның жабылып өлтіруі мүмкін екендігінен сезіктенеді:

- Қара күштің иесі болатын. Бір-екі адамның өлтірді дегеніне сенбеймін. Күйеуім аз адамға оңайлықпен есесін жібермейтін. Сол қылмыскерлер табылып, жазаға тартылса екен деген тілегім бар.

Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Төлеген Иманбаев «Азаттық» тілшісіне қазіргі уақытта тергеу жұмыстарының басталып, қылмыскерлердің іздестіріліп жатқандығын айтты:

- Маусымның 26-нан 27-не қараған түні Айдын Қалықовтың денесі табылды, жарақат іздері бар. Осы оқиға бойынша қазіргі таңда Шелек ішкі істер бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 96 бабындағы 1-ші тармақпен қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүруде. Алдын-ала көрсетілген шаралармен сезікті адамдардың орны анықталып, іздестіріліп жатыр. Осы жақын уақытта олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қатаң жаза беріледі.

Бейсенбі күні түс кезінде келгенімізде, Малыбай ауылына кірер жолда тұрған полицейлер сырттан келгендерді мұқият тексеріп, жөн сұрағаннан кейін ғана ауылға жіберіп жатқанын байқадық. Ауылды кесіп өтетін үлкен көшенің бойында әрбір 100 метр сайын 2-ден полиция қызметкерлері тұр. Қаза болған жігіттің туыстары берген марқұмның жетісіне жақын ауылдан 150-ге тарта азамат жиналды. Олар үкіметке арнайы талап дайындап жатқандығын, егер қылмыскерлер марқұмның қырқына дейін табылмаса, істі басқа жолмен шешуге де бел буып отырғандарын жасырған жоқ.

Осы ауылға Алматыдан арнайы келген «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім бұл мәселеде билік орындары былтырғы жылы Шелек пен Казатком ауылдарындағы қателігін қайталмауы тиістігін ескертті:

- Менің ойымша, бұл алдында да болған оқиғалардың салдары ғана. Мұның себебіне терең үңіліп тексеріп, осыны тоқтатуға, болдырмауға жағдай жасап жатқан билік жоқ. Биліктің оған құлқын да, ниетін де көріп отырғанымыз жоқ. Бұл қолдан жасалған, арнайы ойластырылған қылмыс болуы да әбден мүмкін. Егер ондай мәселені билік ашатын болса, оны халыққа көрсетпеуге тырысатыны айдан анық. Ол уақыттарда ұлтаралық қақтығыс шығып кетеді деген сақтық бар. Бірақ оны жасыра беруге тағы да болмайды.

Шелек ауылында тұратын ұйғыр қауымдастығының жігіт басы Абдусалам Даутов бұл оқиғаны шектен шыққан қаныпезерлердің айуандықпен жасағаны деп айыптап, алайда бұл қылмысқа ұлтаралық сипат берудің өте қауіпті екенін айтты.

- Осы күнге дейін ештеңені бөліспей, бір-бірімізбен тату-тәтті өмір сүрген, әке-шешеміз бір жапырақ нанды бөліп жеген халықпыз. Бұзық балалардың кесірінен біз қапалы болып отырмыз. Осы балалар табылмай жатыр. Бәріміз ат салысып, осылардың табылуын армандап отырмыз. Табылса үкіметке өткіземіз. Солардың істеген ісіне қанымыз қайнап тұр, - деді ол.
XS
SM
MD
LG