Accessibility links

Қырғызстан да ЕҚЫҰ-на төраға болуы әбден мүмкін


ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Александр Стуббтың Қырғыз президенті Құрманбек Бәкиевпен Бішкекте кездесу сәті

ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Александр Стуббтың Қырғыз президенті Құрманбек Бәкиевпен Бішкекте кездесу сәті

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету үшін Қазақстан тәрізді қуат көздеріне бай мемлекет болу міндетті емес сияқты. Еуропадағы адам хұқтары бойынша жетекші ұйымның қазіргі төрағасы Бішкектің болашақта жылына бір ауысып отыратын ұйым төрағалығынан үміт етуіне болады деп атап көрсетті.

Елде табиғи газ бен мұнай қоры жоқтың қасы, экспортқа ауылшаруашылық, тау-кен өнімдерін ғана шығара алады. Бірақ Бішкектің ЕҚЫҰ-на төрағалық мәртебесіне қол жеткізуіне аймақтағы адам және баспасөз хұқтарының жағдайы турасындағы жақсы хабарлама-есептері ықпал ете алады.

ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Финляндияның сыртқы істер министрі Александр Стубб шілденің басында Қырғыз президенті Құрманбек Бәкиевпен Бішкекте кездескеннен кейін президент кеңсесі Стуббтың «алдағы жылдарда Қырғызстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге толық талпыныс жасай алады» деген сөздерін келтірген мәлімдеме жариялады. Стуббтың бұл айтқандарын Бакиевтің баспасөз өкілі Нұрлан Шәкиев «Азаттық» радиосының Қырғыз редакциясына берген сұхбатында растады.

Стуббтың Қырғызстан турасында берген жоғары бағалауы 2010 жылы Орталық Азия аймағынан бірінші болып, аталған ұйымға төрағалық еткелі отырған Қазақстанның адам құқықтары мен демократия жағдайларымен салыстырғанда қарама-қайшы десе болады. Қазақстанда өткізілген сайлауларда оппозицияға тең жағдайдың жасалмайтындығына, баспасөз еркіндігінің төмендігі және басқа да құқықтардың сақталу мәселесіне ЕҚЫҰ-ның бірқатар мүшелері алаңдаушылық білдіреді.

Осы аптада Астанада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жылдық 17 сессиясы өтті. Онда сөйлеген сөзінде Ассамблея президенті Йоран ЛенМаркер «Қазақстан реформаларды дамыту турасында берген уәделерін тезірек орындауға құлшыныс танытып отырмағаны байқалады» деп атап көрсетті. Басқа да сын айтушылар Қазақстанның демократия саласындағы кемшіліктері ЕҚЫҰ-ның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін дегенге баса назар аударды.

Демократияның басшылыққа алар арнайы оқулығы болмаса да, Қырғызстанның демократиялық есебі елдің үлкен бір құндылығы. Мұнда парламентте әрдайым да оппозиция өкілдері бар, тәуелсіз БАҚ-дары жұмыс істейді және әлеуметтік қоғам әрдайым да белсенді.

Лондондағы Соғыс және бейбітшілік институтының Орта Азия бойынша сарапшысы Джон Маклиод Стуббтың Қырғызстан турасында айтқандары Астананың төрағалық етуіне күмән келтіретін ЕҚЫҰ-ның мүшелеріне, сондай-ақ Орта Азияның басқа елдеріне бағытталған өзіндік ескертпе болуы мүмкін дейді.

- Мен мұның ЕҚЫҰ-ның мүшелеріне, сонымен қатар аймақтың басқа елдеріне, сендер де төраға бола аласыңдар дегенді меңзеп айту екендігіне сенімдімін. Қырғызстан жақын жылдарда проблемалар болғанына қарамастан, демократиялық бағытта аймақтың басқа мемлекеттеріне қарағанда алда екендігі анық. Сөйтіп, егер қаласаңыз, Қырғызстан басқа елдерден бұрын, олардың ішіне Қазақстанды да қосуға болады, бұл мәртебеге жетуі мүмкін.

Дегенмен де кейбіреулер Стубб Қырғызстанды мұншалықты жоғары бағалау арқылы адасып отырған болар деп күдіктенеді. Солардың бірі «Ақиқат үшін» оппозициялық қозғалысының жетекшісі Әлібек Жексенқұлов. Ал қырғызстандық «Интербілім» үкіметтік емес ұйымы өз мәлімдемесінде Бішкек ЕҚЫҰ-на төрағалық ету үшін саяси дайын емес деп атап көрсетеді. Онда желтоқсан айында болған парламенттік сайлауда барлық орынның 80 проценттен астамын президенттік партияның өкілдері алғаны мысалға келтіріледі.

Десек те, сарапшы Маклиодтің пікірінше, Қырғызстандағы саяси жағдай әлі күнге дейін бірқалыпты емес, ол әрдайым да өзгерістер мен толқулардан тұрады. Жақсы деген өзгерістер тұрғысындағы соңғы бір мысал - Қырғыз Конститутциялық соты жергілікті билік орындарына адамдардың жиындар мен митингтерге жиналуына рұхсат етпейтін заң талаптарын жойды, адам хұқтары топтары бұл өзгерістері құптап қарсы алды. Енді шеруге шығам деушілер барлық уақытта, кез келген жерге жинала беруіне болады. Бұл – Орталық Азияның басқа аймақтарында болмаған жағдай.
XS
SM
MD
LG