Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.07.2008 жыл


Жұма күнгі басылымдарда Қашаған кеніші, Астананың 10-жылдық тойы, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының Астанада өткен жиыны және Моңғолияның астанасындағы сайлаудан кейінгі жағдай туралы мақалалар басылыпты.

«Жас Қазақ» газетінің 4 шілде күні шыққан санында, журналист Гүлзат Нұрмолдақызының «Қашаған, қайда барасың?» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, өткен аптада өнім алу мерзімі 2010 жылдың екінші жарты жылдығынан 2013 жылдың бірінші қазанына дейін тағы ауысқаны айтылыпты. Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың кезекті келіссөзден кейін: «Бұл соңғы шегерім» деп айтқан сөзі беріліпті. Күні бүгінге дейін консорциум Қашағанға 17 миллиард доллар мөлшерінде инвестиция салғаны және соңғы шегерім бойынша, уақытылы өнім ала алмайтын жағдай болса, бұл сома Аджип КСО консорциуымына таза шығын ретінде көрсетілетіні баяндалыпты. «Аджип КСО қосымша 2,5-4,5 миллиард доллар көлемінде қаржы төлейді және күні кешеге дейін ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе істемеген Eni компаниясы операторлықтан кететін болды» деп жазады журналист.

«Айқынның» жарыққа шыққан бүгінгі санындағы Құбаш Сағидоллаұлының «Елбасы тапсырма берді» деген мақаласында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананың 10 жылдығына орай түрлі тапсырмалар бергендігі сөз болыпты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімет пен Астана әкімдігіне мерейтойлық шаралар аяқталғаннан кейін құрылыс нысандарындағы жұмыс қарқыны баяулап қалмауына, оларды іске қосу мерзімдері шегерілмеуі үшін бірқатар міндет жүктегендігі тілге тиек етіліпті.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Әлисұлтан Құланбайдың мақаласында Астанада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының жыл сайынғы 17-ші сессиясының соңғы пленарлық отырысы өткені сөз болыпты. Сессия барысында толықтырулар мен өзгертулерсіз 18 қарар жобасының қабылданғаны айтылыпты. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының жаңа төрағасы болып, португалиялық Жоао Соареш, ал төраға орынбасарлығына төрт парламентшінің бірі болып, Қазақстанның парламент сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың сайланғаны хабарланыпты.

«Республика» газетіндегі Евгения Борисовна мен Татьяна Панченконың мақаласында Монғолияның астанасы Ұлан Баторда Ұлы Хурал сайлауының қорытындысына көңілі толмаған мыңдаған адамдардың көшеге шығып, наразылық танытқаны туралы айтылыпты. Полиция қызметкерлері қарапайым халыққа оқ жаудырғаннан кейін, жарақат алушылар мен адам өлімі болғанына мақала авторы ерекше тоқталыпты. Сонымен қатар, мемлекетте президент Намбарын Энхбаярдың бұйрығымен 4 күндік төтенше жағдай жарияланғаны хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, әуелбаста Моңғолиядағы халық толқуы бұрынғы премьер-министр және Демократиялық партиясының төрағасы Элбэгдоржаның Монғолияның халықтық революциялық партиясы сайлау қорытындыларын бұрмалады деген мәлімдемесінен соң басталыпты.

«Деловая неделя» басылымының 4 шілде күнгі санында Юрий Сигов Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Әзірбайжан сапарының артында қандай мақсаттың жатқаны туралы болжам жасалыныпты. «Баку Мәскеу мен Вашингтонның ортасында» деп аталатын мақалада, соңғы жылдары бұл екі мемлекеттің де Әзірбайжанмен қарым-қатынастарын нығайтуға ерекше көңіл бөліп, талпынып отырғаны хабарланыпты. Мұның себебі ретінде Әзірбайжанның Орталық Азия мемлекеттері арқылы Еуропаға мұнай мен газ құбырларын тартуда маңызды рөл атқарып отырғаны сөз болыпты. Бұл мемлекет көп векторлы саясат ұстанатындықтан, Nabucco деп аталатын еуропалық жоспарды да, сонмен бірге, өзінің және Ресейдің территориясы арқылы Еуропа нарығына шығатын мұнай және газ құбырларын тартуда, Мәскеудің де ұсынысына қызығушылықпен қарап отырғаны жазылыпты.
XS
SM
MD
LG