Accessibility links

Алматы қаласының құрамына жаңа аудан қосылды


Шаңырақ ауданындағы балабақша. Көрнекі сурет
Шаңырақ ауданындағы балабақша. Көрнекі сурет

Алматы қалалық маслихатының шешімімен құрылған Алатау ауданының көлемі 3 мың гектардан астам жерді қамтиды. Оның құрамына Алматыға жапсарлас орналасқан 14 елді мекен енген.

Жаңадан ашылған Алатау ауданының құрамына Өжет, Ұлжан, Байбесік, Шаңырақ, Көкқайнар, Әйгері», Ақ бұлақ секілді әлеуметтік проблемалары қордаланған елді мекендер еніп отыр. Ондағы 150 мыңдай тұрғынның өкілдері ол жаққа жарық тарту, ауыз су құбыры мен жол салу, білім және емдеу орындарын ашуды сұрап, ара-тұра Алматының билік органдарына талап-тілектерін айтып, наразылық білдіріп кететін.

Ал Шаңырақтағы жер-баспана мәселесінің шешілмеуі осыдан екі жыл бұрын тұрғындар мен полиция арасында қақтығысқа әкеп соқты. Сол оқиғада бір полиция қызметкері қаза болып, 24 адам әртүрлі мерзімге сотталды.

Шаңырақ ықшамауданының тұрғыны 49 жасар Бақыт Рақымбекова енді жаңа аудан ашылған соң, сондағы халық көптен бері армандап келе жатқан кейбір мәселелер шешіліп қалар деп үміттенеді:

- Жарық түсіру үшін біз құжат жинадық. Электриктер келіп, жарық орнату керек болатын. Әкімшіліктің өзі төменгі және жоғарғы сайға трансформатор орнатамыз деп уәде еткен. Бірақ, соны әлі күтіп жүрміз.

Алматы әкімшілігі жаңа ауданға байланысты үлкен жоспар әзірленіп жатқанын айтып отыр. 2020 жылға дейін Алатау ауданында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, ондағы халықтың саны 500 мыңды құрайтын болады деді «Азаттық» радиосына Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куянов:

- Жаңа әкімшілік ауданын құрудағы мақсат - Алматы қаласын солтүстік және солтүстік-батыс бағытында дамыту. Егер картаға қарасақ, қаланың осы аймағының дамуы бәсеңдеп тұр. Екіншіден, қалаға қосылған ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, соңғы жылдары қордаланып қалған түрлі мәселелерді шешу, қала дамуына жаңа серпіліс беру. Алатау ауданының әкімі болып Бағдат Сайланбайұлы Манзоров тағайындалды, - деді Сергей Куянов.

Шаңырақ тұрғыны Бақыт Рақымбекова жаңа ауданға байланысты қалалық билік өкілінің айтқанына күмәнмен қарайды:

- Біздің билік ауа-райы сияқты құбылмалы ғой. Бізге де бір қауіп-қатер төніп тұр ма деп қорқып тұрмын. Неде болса, өзіміз жаңа әкімге жолығатын шығармыз.

Жаңадан құрылып отырған аудандағы ең күрделі проблема – жер мәселесі. Мұндағы тұрғындар арасында, кезінде бос тұрған жерге өз бетімен баспана тұрғызып, жер телімін иеленіп алғанымен, мүліктері жергілікті билік органында ресми тіркеуден өтпегендер аз емес.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Мұқашев жаңа аудан аумағындағы жерді өз еркімен басып алғандардың құрылыстары заңдастырылмайды деп мәлімдеді шілденің 4-күні қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

«Су қорғау және газ қорғау аумақтарында салынған ол үйлер біз үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Біз оларды заңдастыра алмаймыз. Ол жердегі балшықтан салынған үйлер ешқандай талапқа сай келмейтіндіктен барлығы да бұзылады», - деді М. Мұқашев.

Жергілікті билік қазір Алатау ауданына біріктірілген аумақтағы елді мекендерде 5 мыңнан астам отбасы жер телімдерін заңсыз иеленіп отыр дейді.

Жақын уақытта жаңа ауданда әкім кеңсесі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жұмыспен қамту, полиция, білім беру, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдері құрылып, жұмысқа кіріспек.
XS
SM
MD
LG