Accessibility links

Өзбекстаннан ықшамдалған күйде тасымалданатын ауыл шаруашылық өнім көлемі жыл басынан бері 20 есеге азайған. Бұл Қазақстандағы ауыл шаруашылық өнімдерінің әсіресе, жеміс-жидек пен көкөніс бағасының өсуіне әкеп соқтыруда.

Шілденің аптап ыстығына қарамастан Алматы қаласындағы орталық базарда құжынаған халық. Мұндағы сатушылардың көбісі базардағы баға өскен сайын келушілердің азайып кеткендігін шағынады. Қазір бұрынғыдай алушы көп емес деп «Азаттық» тілшісіне мұңын шаққан көкөніс сатушы Ләтипа Ходжиева, түс уақыты болса да келушілердің аздығын қынжыла әңгімелеп берді:

- Қазір халықта ақша жоқ. Бұрындары саудамыз жақсы болатын, қазір сауда мүлде құлдырап кетті. Қазір мысалы қызанақты 160-тан, қиярды – 50-ден, пиязды – 80 теңгеден сатып жатырмыз. Көк бұрыш - 150 теңге. Көпшілік «неге қымбат?» деп кейіп жатады. Біз өзіміз қымбат алғандықтан қымбат сатамыз. Бізге сататындардың да бағасы тұрақсыз. Мәселен, қиярды 2-3 күн бұрын 40 теңгеден алғанбыз. Енді оны 20-35 теңгеге алып жатырмыз.

Қазақстан жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін негізінен көрші мемлекеттерден: Қытай, Өзбекстан, Қырғызстаннан тасымалдайды. Ішкі нарықта ауыл шаруашылық өнімдері тапшылығы туындамас үшін Қазақстанға осылайша өзге елдерден өнімдерді импорттауға тура келеді.

Шілденің ортасы болып қалса да жеміс-жидек пен көкөністің бағасы арзандамай отыр. Ресми мәлімет бойынша, өткен жылмен салыстырғанда жеміс-жидектің бағасы 35 пайызға өскен. Сарапшылар бағаның өсуін бензин бағасының қымбаттауымен тасымалдауға кететін шығынмен байланыстырады.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы Татьяна Якименконың хабарлауынша, соңғы жарты жылда Өзбекстаннан ықшамдалған тәртіп бойынша тасымалданып келген ауыл шаруашылық өнімдері 20 пайызға кеміпті. (Ықшамдалған тәртіп - бұл жеке тұлғалардың 10 тоннаға дейінгі өнімдерді өз бетінше тасымалдай алу мүмкіндігі).

- Осы жарты жыл ішінде 429 тонна ауыл шаруашылық өнімі импортталды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 9074 тоннаны көрсеткен. Яғни, өнім көлемі азайып бара жатыр.

Бейресми дерек бойынша, өзбек үкіметі жеміс-жидек экспортын бақылауды арнайы екі ұйымға тапсырған көрінеді. Яғни, қазіргі уақытта Қазақстанға өз өнімін жеткізгісі келген әрбір өзбек азаматының әлгі ұйымдардан рұқсат алуы керек.

Ал Узметроном сайтының жазуына қарағанда, қазіргі уақытта Өзбекстан Ресей мен Қазақстанға тасымалданатын жеміс-жидек экспортын уақытша тоқтатыпты. Оның себептері де белгісіз болып отыр.

Экономист Жеңісбек Сүлейменовтың пікірінше, өзбек үкіметінің мұндай шешімі екі ел арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. Ол Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірінің қажеттіліктерін өтеуге бірдей мүдделі болып отырғандықтан өзбек үкіметінің мұндай шешімін әділетсіздік деп бағалайды.

- Менімше, бұл дұрыс емес. Қазір Қазақстанға жеміс-жидек керек болып тұрса, күз уақытында Өзбекстанға бидай, ұн өнімдеріне сұраныс пайда болады. Олар көбінесе, бидайды Қазақстан мен Ресейден ғана алады. Басқа алатын жері жоқ. Көрші елдер болған соң бір-біріне тиімді жағдай жасауы керек.

Ал өзбекстандық экономист сарапшы Камрон Әлиевтың айтуынша, бұл жерде бір жақ қана кінәлі болып отырған жоқ:

- Бұл жерде бір ғана мемлекетті кінәлау дұрыс емес. Менің білуімше, Қазақстанның өзі Өзбекстанның өнімдерін кіргізуге құлық танытпай отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG