Accessibility links

Астанада той өтті


Міне, біраз уақыт бойы көпшілікті елеңдеткен Астананың он жылдық мерейтойы аяқталды. Өткен он жылда ғана оның құрылысына 15 миллиардтан астам доллар қаржы кеткен екен.

Тойдың болғанынан - боладысы қызық» деп, бір жылдан бері елеңдеген астаналықтарды түсінуге де болатын сияқты. Жаңа асфальт төселген көшелер жалау-ұрандармен безендіріліп тасталыпты. Көздің жауын алатын жарнамалар!

Астана осындай шат-шадыман күйді басынан кешіп жатқан уақытта Қазақстанның кейбір шалғайдағы ауылдарында электр жарығы да жоқ, ішерге су да тапшы. Астананың мерейтойы күндері өтіп жатқан шаралардың ұзын саны жүзден асады екен. Солардың біріне барғанымызда, бұл туралы академик Серік Қирабаевтың аузынан мынандай сөзді естіп қалдық:

«Астананың тойы сияқты үлкен той, ол - халықтың көңілін көтеру үшін керек! Ол – біздің ғасырлар бойы аңсап келіп, қолымыз жеткен тәуелсіздігімізді баянды ету үшін керек! Қазақ елін біріктіру үшін, үйістіру үшін, қол жеткен табыстарымызды паш ету үшін керек!»

Біз әңгімеге тартқан жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің той жайлы пікірі осы мағыналас болды:

«Кез келген той халықпен, қонақтардың келуімен той болады. Ол, бір жағынан, жарнама боп есептеледі! Той - сенің еліңді, жеріңді, мәдениетіңді, қаншалық өскендігіңді, қаншалық мемлекет болғандығыңды көрсетеді! Сондықтан бұл тойдың ешқандай зияны болмайды. Той - кез келген халықта бар, және қазақ тойға айрықша мән береді. Елінің қуанышын тойы арқылы көрсетеді. Мемлекетінің, Отанының тойы, ол - қуаныш қой! Онымен мақтана білу керек. Оны, ұсақ-түйек, анау-мынау деп қазбалаудың қажеті жоқ! Шет елден қаншама қонақтар келіп еліңді, мемлекетіңді танып жатыр. Соның бәрі қазақты таныту деп түсінемін. Сондықтан қазақты танытуға тойдың кішкентай болса да үлес қосып жатқанына қуана білу керек».

Астананың мерейтойы күндері осы қалаға арналған небір теңеулер айтылып жатты. Солардың бірін Ресей президенті Дмитрий Медведев те өзінің құттықтау сөзінде атап өтті. Ресей президентінің қасына еріп келген тілшілердің бірінен Астана туралы пікір сұрағанымызда, ол: «Астана - қандай да бір ғарыштық қала іспеттес» деп сипаттады.

«Мен Астананы көріп түсінгенім – ұлы тұлғаның нартәуекелі ұлы жетістіктерге жеткізетіні. Бізде де Бакуді көшіру міндеті тұр. Бірақ Астананың көшу тәжірибесін қайталауға болмайды. Халықтың менталитет өзгешілігін айтпағанда оның себептері көп. Астананың кемшін тұсы – халық осы мегаполисті психологиялық тұрғысынан әлі қабылдай қойған жоқ. Халық үшін «Киіз үй» дәуірінен осындай супержаңа заманауй мегаполиске кіру оңай емес. Астанада әлемдік сәулет өнерінің ренессанс, баррокко, модернизм, конструктивизм сынды бар ағымдары тоғысқан, және де эклектика, көне ұлттық нақыштары бар. Сондықтан мен Астананы қолдаймын», - деді Әзірбайжаннан келген сәулетші Ахундов Эмиль.

Зиялы қауым өкілдерінің арасында Астананың ұлттық нақышына көңілі толмағандар да болды. Солардың бірі әдебиетші ғалым - Тұрсынбек Кәкішов:

«Қалада ұлттық келбет жетіспейтіндей. Әрине, «Бәйтерек» қазақтың символы шығар, бірақ, қалай болған уақытта да, үйдің өзінен сезіліп тұратын ұлттық нышан, белгілер болса. Мысалы, Каирде, Хасан сұлтанның мешітінде, қошқар мүйіздер бар. Ал осы қошқар мүйіздер, біздің Астанамыздың кейбір үйлерінде тұруға құқығы бар ма, жоқ па?! Я болмаса, түгел қаладан қазақ даласын еске түсіретіндей бір шаңырақ белгісін жасайтындай мүмкіндіктер жасаса, қалай болар еді?...»

Сонымен, әсем де әсерлі жас қала – Астана, өзінің он жылдық мерейтойын өткізген соң, көше бойы керілген шымылдықтарын сырып тастап, үлкен құрылыс алаңына қайтадан айналып, 2011 жылға, яғни Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығына дайындалады.
XS
SM
MD
LG