Accessibility links

Қазақстанда қамқорсыз қалған жетімдердің балалар үйінен кейінгі жағдайы қиынға соғып отыр. Олардың қоғамға бейімделу, жұмысқа орналасу, баспанамен қамтамасыз етілу мәселелері шешімін тапқан жоқ.

Алматы қаласындағы балалар үйінен шыққан жасөспірімдер мен жастарға арналған уақытша баспанада тұратын 24 жастағы Бауыржан Омаров Сауд Арабиясындағы ислам университетін тәмамдапты. Оқуды былтыр бітірген Бауыржан қазір қаладағы баспалардың бірінде жұмыс істейді.

Бауыржан балалар үйінде тәрбиеленгендердің барлығының да мұндай мүмкіндікке қол жеткізе бермейтіндігін айтады. Жетім балаларға арналған интернаттан үлкен өмірге аяқ басқандар талай қиындықты да басынан кешіреді.

Бауыржанның айтуынша, басты қиындықтардың бірі - жұмысқа орналасу мәселесі ғана емес. Балалар үйінде тәрбиеленгендерге байланысты қоғамда қалытасқан теріс көзқарас та олардың жұмысқа орналасуына көп кедергісін келтіреді.

- Балалар үйінен шыққан, интернаттардан шыққан балалар туралы қоғамда теріс пікір бар. Оларды «детдомдық» деп бөледі. Дұрыс жұмыс істей алмайды деп ойлайды. Сонан кейін оқудың өзі де үлкен мәселе. Егер демеушің болмаса, ол да қиын. Баспана, мекен-жай да күрделі мәселе. «Осыдан кеткеннен кейін қай жақта тұрам» деген сияқты сұрақтар кез келген интернат баласына қорқыныш ұялататыны рас, - дейді ол.

Тәуелсіз сарапшылар жетім балалардың көбісінің балалар үйінен кейін қылмыстық ортаға түсіп қалатындығын жиі айтады. Өмірдің түрлі қиындығына ұшыраған олардың 10 пайызы өз-өздеріне қол жұмсайды екен. Бұл мәселені зерттеген мамандар тәрбиелеу мен білім беру мекемелеріндегі жұмыстың дұрыс жолға қойылмағандығын кінәлап, олардың жетім балалар үшін уақытша баспана қызметін атқарып жатқандығына сын айтады.

- Балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдерге ең әуелі қоғаммен байланыс жетіспейді. Мәселен, жұмысқа орналасу жағын алсақ, басқасын айтпағанда олар жұмыс берушіге өзін таныстыра да алмайды. Сонымен қатар қоғам тарапынан да олардың бейімделіп кетуіне қолдау жетіспейді, - дейді Алматы қаласындағы жасөспірімдер үйінің әлеуметтік педагогы Қарлығаш Қажымова.

Оның айтуынша, интернат түлектерінің көбісі қызмет көрсету орындарында уақытша ғана жұмыстарды істеп жүр. Алматы қаласында интернат түлектеріне арналған жалғыз мекеме бар. Мұнда интернат түлектеріне тек 29 жасқа дейін, яғни қоғамға бейімделіп, сіңіп алғанша тұруға мүмкіндік берілген.

- Қамқорсыз қалған жетім балалар саны, өкінішке қарай, қазіргі уақытта көбейіп барады. Соның салдарынан мұндай орындарда тұратын адамдар саны қажетті нормадан асып кетті. Кейбір балалардың туыстары да бар болып шықты. Неге екенін білмеймін, олар туыстарымен бірге тұрғысы келмейді, - дейді Алматы қалалық білім басқармасының бөлім бастығы Хорлан Қасен.

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 48 мыңнан астам жетім балалар бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG