Accessibility links

Үй бағасының арзандауы борышкерлерді тығырыққа тіреді

  • Нәйла СҰЛТАН

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Алматыда банктерден ипотекалық несие алған бір топ азамат үй бағасының түсіп кеткендігіне байланысты, кезінде жасалған шарттардың қайтадан қарастырылуын сұрап, үкіметке шағымданбақшы. Олар «Халыққа баспана қалдырайық!» атты қоғамдық қозғалыс құратындарын мәлімдеді.

Жайна Сұлтанова осыдан бір жыл бұрын «Центр кредит» банкінен 15 жылға ипотекалық несие алғандардың бірі. Оны өтеу үшін ол қазір айына 2,5 мың АҚШ долларын төлеуге мәжбүр. Алайда Жайна соңғы жарты жылдан бері банкке бір тиын да төлемепті:

- Былтыр 300 мың АҚШ долларына сатып алған пәтеріміз биыл 80 мың АҚШ долларына бағаланып отыр. Банкке барсақ, олар бізге несиені төлеңіздер дейді. Айына 2,5 мың АҚШ долларын төлеуге шамамыз болмай тұр. Біз үкіметке мынандай ұсыныс жасап отырмыз: біріншіден, былтырғы қымбатқа бағаланған пәтер биылғы арзан бағамен есептелініп, қайта саналсын, екіншіден, несиеге 3 жыл тоқтам салынсын, үшіншіден, банктегі пайыздық мөлшерлемені 5 пайызға дейін төмендетсін.

Жайна былтырғы жылы пәтер бағасының күрт көтерілуі қарапайым халық үшін банк тарапынан құрылған қақпан болған дейді:

- 2007 жылы баспана бағасының күн санап өсіп отырғанын біз ғана емес, үкімет те, экономист сарапшы мамандар да біліп отырды. Олар неге халықты күні бұрын сақтандырмады, неге бізге жылжымайтын мүлік бағасының бір жылдан кейін төмен болатынын хабарламады? Олар білмеді дейсіз бе? Керісінше, үй бағасының қымбаттап бара жатқандығын айтып, халықты құлақтандырып отырды. «Үйсіз, баспанасыз қалып қалам ба?» деп үйрейленген біз бірден несие алдық. Бір жылдан кейін алданып қалатынымызды қайдан білейік. Сондықтан мен ипотекалық несие алған барлық адамдарды «Халыққа баспана қалдырайық!» деген қоғамдық қозғалыс құрып жатқанымызды айтып, өзіміз секілді жағдайға тап болғандардың бізге хабарласуын сұраймын.

Жайна сияқты пәтерге деп банктен несие алған Сания Ниязова да қаңтар айынан бері қарызын қайтармапты.

- Жаңа жылдан бастап үйдің бағасы құлдырай бастады. Көп адамдар жұмыссыз қалды. Менің де кәсібімнен мән кетті. Қалай қарызды қайтарамын, білмеймін. Мен бір бөлмелі пәтерді былтыр 140 мың АҚШ долларына сатып алған едім, биыл оның бағасы 60 мың АҚШ долларына түсіп қалды.

«Талмас» ынталы қозғалысының жетекшісі Айнұр Құрманов, бұл мәселеге мемлекеттің тікелей араласуы қажет дейді:

- Бұл мәселеде нақты бір шешімге келу мүмкін емес. Себебі, мемлекетте дағдарыстың орын алатынынан хабарсыз қарапайым халық бас салып банктен үлкен-үлкен несие алған. Ал алдын-ала дағдарыстың болуы мүмкін деген болжамды экономист сарапшылар болжап, айтып отыруы тиіс. Сол арқылы халықты күні бұрын сақтандырулары керек еді. Бұл мәселеге үкімет араласып, бір жағына шығару керек. Болмаса елдегі көп азаматтардың далада қалып қалу қаупі бар.

«Центр кредит» банкіндегі өзін тек Ксюша деп таныстырған банк қызметкері, осыған дейін жасалған келісім-шарт бойынша борышкер өз мойнына алған міндеттемелерін орындауы тиіс дейді:

- Адамдар банкке кепілдеме қою арқылы несие алды. Оларды ешкім күштеген жоқ. Қайда бара жатқандарын білді. Егер несие уақытылы төленбесе, банк оны төлегенше уақыт беріп, клиенттің жағдайын түсініп, күтуге дайын. Ал егер де несие төлеуге мүлдем жағдайлары болмаса, онда кепілдікке қойылған пәтер тартып алынып, қалған жетпеген ақшаны олар тағы төлейді. Төлемеген жағдайда клинет пен кепілдік беруші зардап шегеді.

АҚШ-тың ипотекалық несиелеу саласындағы дағдарыстан кейін, 2007 жылдың ортасынан бастап, осыған дейін бірнеше жыл қатарынан қарқынды баға өсімі тіркелген Қазақстанның жылжымайтын мүлік базарында да келеңсіз жайттар белең алған еді.
XS
SM
MD
LG